Қоғам

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ҮЗДІК КӨКПАРШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақтың әрбір ұлттық ойынының астарында, әсіресе, өмілдірігін үзердей алқынған аттар мен үзеңгісіне шірене отырып қиқуға қиқу қосып, Ұлы даланың төсіндегі будақ-будақ шаңды көтеріп, адыр-бұдыр жерде омақасамын деген ойдан ада қазақ азаматтарының физикалық шынығуына әсер етіп қана қоймай, олардың бойына жылдамдық, ұтқырлық, табандылық секілді қасиеттерді сіңіруіне жол ашатын көкпар ойынында тылсым да тұнық, қаһармандық пен ерлікке, әдеп пен ибаға бастайтың сыр жатыр.

Жаугершілік заманда батырлық пен ептілікке бейімдеу, сарбаз жолдасы опат болған жағдайда, ат үстінен өңгеріп алып, жат жерге, жау табанында қалдырмауға машықтанудың ең ыңғайлы әдісі ретінде қолға алынған осынау бір ұлттық ойынымызды дәріптеп жүрген азаматтарымыздың арасында анықталған үздіктерді марапаттау шарасына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Ұлттық спорт клубы» КММ басшысы Ерлан Райымбердиев пен аудандық көкпар федерациясының президенті Сабыр Айбеков, ардагер шабандоздар мен атбегілер қатысты.

«Көкпар – қазақтың жаны. Үй іргесінен дүбірлетіп аттар өтсе қаны тулап, кермедегі тұлпарына тұрман салатын жұртпыз.

Баһадүр бабалардан мирас болып қалған осынау спорт түрінің ел ішінде кеңінен насихатталуының нәтижесінде «Ер қанаты – ат» деп білетін қазақтың алты жасар баласы ат құлағында ойнап, додаға сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның өзі тіксінбей тура кіретін деңгейге жетті» деген Серік Қонысбекұлы жаңа маусымға сәттілік тіледі. Тақымында тұлпарын тулатқан, түркілердің айбынын асқақтатқан бірқатар шабандоз бен атбегілерге аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті.

Айта кетейік, бүгінде 22 топтағы 294 оқушыны жаттықтыратын 12 кәсіби жаттықтырушылары бар «Ұлттық спорт клубы» мүшелері осы күнге дейін түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, 43 алтын мен 58 күміс, 111қола медаль иеленген.Салтанатты шара соңында аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, ел ағалары бата беріп тарқасты.

Қатысты жаңалықтар

Шымкент: 30 медицина қызметкеріне өтемақы беріледі

azatmedia

ЕЛ ҚОРҒАНЫ БОЛУ – ЕР ЖІГІТТІҢ БАҚЫТЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

azatmedia