Қоғам

Киелі, тарихи —мәдени нысандарға ерекше мән берілмек

VIII шақырылымнан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бір жыл ішінде белсенділіктерімен көзге түсіп келеді. Халық ішінде кеңінен талқыланып жүрген мәселелерге қатысты депутаттық сауалдар жолдап, өңірдегі мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал етіп отыр. Солардың бірі – Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Созақ, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласы аумағынан сайланған депутат Ұласбек Сәдібеков. Халық қалаулысымен болған бүгінгі басқосуымызда Парламент Мәжілісінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайында кеңінен сұхбаттастық.

– Ұласбек Сәдібекұлы, өңірдегі ең күрделі мәселелерді үкіметке жеткізіп келесіз. Соның бірі – халық жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелеріне қол жеткізе алмай келе жатқанын айтып, депутаттық сауал жолдадыңыз. Аталған жағдайға қатысты қандай шешімдер қабылданды?

– Ия, рахмет. Жалпы бір жыл ішінде 10-ға жуық депутаттық сауал жолдадым. Соның бірі Қазақстан Республикасының Премьер–Министріне халық жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелеріне қол жеткізе алмай келе жатқанын айттым. Себебі, бұл бүгінгі күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселенің бірі.

Мәселен, Түркістан облысында тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 400 мыңнан астам адам кезекте тұр, ал мен сайланған Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау қаласында жер кезегінде тұрған халық саны 155 мыңнан асты.

Кейінгі 10 жылда кезекте тұрғандардың 2-3% ғана жер алған. Ал, жер кезегінде 10-15 жылдан бері тұрған азаматтар да бар. Сайрам ауданына қарасты 65 мың халқы бар Қарабұлақ ауылында 10 сотық жер телімінде 2-3 отбасы үй салып, тұруға мәжбүр. Себебі, жер бар, бірақ заң жүзінде халық ала алмайды. Ал, жергілікті әкімдік қолда бар ресурсты пайдалануға қауқарсыз.

Себебі, Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 44 бабының 5-3 тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер тұрғын үй құрылысын салу үшін берілетін жер телімдерін тұрғындарға беруден алдын ол аумаққа инженерлік коммуникация жүйелерін жүргізу керек. Ал, бізде 2015-2017 жылға дейін берілген жер телімдерінің инфрақұрылым мәселелері әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Сондықтан өңірлердегі бұл мәселелерді шешу үшін әлі де республикалық бюджеттен қаражат бөлуді қажет етеді.

Бүгінде бұл жағдай бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Тұрғын үй–коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым (ИКИ) құрлысына республикалық бюджеттен 104,8 млрд теңге бөлінді. Оның 46,3 млрд теңгесі 35,1 мыңнан астам жер учаскесін ИКИ қамтамасыз етуге бағытталған.

Өткен жылы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында Түлкібас ауданының Т.Рысқұлов, Жаскешу, Иірсу, Шақпақ ауылдарындағы 805 жер учаскесіне 607,8 млн теңге бөлінді. Төлеби ауданының Леңгір қаласында, Зертас, Қайнар ауылдарындағы 1365 жер учаскесіне 316,7 млн теңге бөлінді. Сайрам ауданының Қарасу ауылындағы 1090 жер учаскесіне 964,8 млн теңге бөлінді. Кентау қаласындағы Оңтүстік-Батыс шағын аудандағы 566 жер теліміне 1,6 млрд теңге бөлінді.Әзірге жұмыстар жүріп жатыр. Бұл мәселе алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

– Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданын экологиялық аймаққа енгізу күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Әрі, бұл көптен бері халықтың көкейінде жүрген жағдай болатын. Аталған мәселе бойынша да депутаттық сауал жолдадыңыз. Біршама жұмыстар жүргізілді. Енді, қорытындысы қашан жарияланады? Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданы экологиялық аймаққа ене ме?

– Ия, бұл өте үлкен, ауқымды мәселе. Біз Кентауды экологиялық аймақ деп тану арқылы 100 мың халықтың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министріне депутаттық сауал жолдадым.Түркістан облысының Кентау қаласындағы экологиялық жағдай күннен күнге күшейе түсуде. Бұл мәселеге негізгі себептің бірі – қаланың Арал аймағына жақын орналасқандығы. Арал маңындағы қазақстандық бөліктің қарқынды шөлге айналуы халықтың әл-ахуалының қолайлы шарттарының жойылуына, атап айтқанда аурушаңдықтың артуына алып келуде. Осы себептер бойынша Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарының кейбір аймақтары экологиялық апат аймақтары болып танылды. Ал, сол сәтте Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданы сол тізімге енбей қалды.Қазіргі кезде Кентау қаласындағы ауа мен судың ластануынан қала тұрғындарының арасында онкологиялық аурулар да асқына түскен. Мәселен, 2020 жылы онкологиялық аурумен науқастанып, қайтыс болғандардың көрсеткіші 49,5 болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 51,5-ке көбейген. Ал, 2022 жылы 62,4 болып отыр. Әрине, бұл дабыл қағарлық мәселе деп білемін.

Кентау қаласына қарасты Құсшы ата ауылындағы жолдың арғы беті экологиялық аймаққа жатса, бергі беті экологиялық аймақ деп есептелмейді. Барлық тұрғынның жұтып отырғаны бір ауа. Бәйдібек ауданында да дәл осындай жағдай бар.Кентау қаласын экологиялық аймаққа ендіру бойынша Экология министріне жолдаған депутаттық сауалым бойынша да қазір нақты істер қолға алынып, жұмыстар жүріп жатыр.

Бұл бойынша тиісті министрліктер мен Кентау қаласы әкімдігі бірлесе жұмыс істеуде. Қорытындысы да көп ұзамай шығады.Ал, Бәйдібек ауданы бойынша бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап тұр.

– Кентау қаласында шешімін таппай отырған өзекті мәселелер өте көп. Бұл бойынша жуырда депутаттық сауалыңызда айтып өттіңіз. Жалпы, қайтсек моноқалалардың жағдайын жақсарта аламыз.

– Еліміздегі моноқалаларда бір біріне ұқсас мәселелер өте көп. Атап айтар болсам, жылу, ауыз су, кәріз, жарық жүйелері ескірген. Содан күн суытып, қыс түскенде халық мардымсыз жылуды тұтынуға мәжбүр. Сондай-ақ, Кентауда 56 көп қабатты тұрғын үй ауласы бар. Оның 33-іне балалар ойын алаңшасын салу қажет. Қазіргі кезде қаладағы тұрғын үй кезегінде 5000-нан астам адам тұр. Ал, жеке тұрғын үй салу мақсатында 10 000-нан астам адам жер кезегіне тіркелген.Бүгінде бұл тек Кентау қаласындағы ғана жағдай емес, бүкіл моноқалаға қатысты мәселе деп білемін. Яғни, бізде шағын қалалардағы шешімін таппаған жағдайлар өте көп. Сондықтан «Моноқаларды дамыту бағдарламасын» қайта іске қоссақ, Кентау секілді қалалардың дамуына үлкен септігі тиер еді.

– Өңірдегі тарихи мәдени нысандардың жағдайы жайында айтқан мәлімдемеңізде де өзекті мәселелерді көтердіңіз. Нәтижесі қалай болып жатыр?

– Бүгінде өңірдегі мәдени мұраға енген тарихи нысандар ашық – шашық күйде жатыр. Тіпті, қараусыз қалып қойды десекте болады. Салдарынан жаңбыр мен қар суынан зардап шегуде.Мәселен, қазақ хандығының ең алғашқы астанасы болған бұрыңғы Созақ қалашығының орны төбе болып үйіліп жатыр. Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылындағы тарихи қалашыққа жергілікті кәсіпкер азық-түлік дүкенін салып тастаған. Сайрамдағы «Ханқорған» қараусыз қалды. Бұл мәселелерді де айтып, депутаттық сауал жолдадым.

Бұл бағытта министрлік тарапынан да жауап келді. Қазіргі таңда сараптама қорытындысы негізінде 100 объектіні жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енгізу бойынша қаулы жобасы дайындалуда.Қазіргі таңда аталған «Ханқорған» қалашығының бір бөлігі ескі монша орнына археологиялық зерттеу жұмыстарына қажетті қаржы көлемі анықталды. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы Қарнақ ауылында орналасқан Тайқазан құйылған арнайы орынға сол кезеңнің тарихынан мағұлмат беретін арнайы тақтайша орнату жұмыстары жүргізіліп, туристік маршрутқа енгізілетін болады. Созақ ауданындағы таңбалы тастарды да күтіп ұстау жайы назарға алынды.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады және ол уәкілетті органның бақылауында.

– Әңгімеңізге рахмет!

Нұржамал МАЙУСОВА.

Қатысты жаңалықтар

ҚАЛА ДӘРІХАНАЛАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖАСАЛУДА

azatmedia

Әлеуметтік көмек қаражатымен кәсібін дөңгелетуде

azatmedia

Қарызға әбден батқан қыз баласын сатып жіберді (видео)

azatmedia