ҚР Парламенті Сенаты депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Әлішер Сатвалдиев Төлеби ауданына арнайы іс-сапармен келді.
Халық қалаулылары «QazaqBitum Processing» ЖШС өндірісімен танысып, мекеме қызметкерлерімен тілдесті. Кәсіпорында 2022 жылы модернизациялау жүргізіліп, жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен 550,0 млн теңгеге полимерлі битум өндейтін ПБВ-қондырғысы орнатылып, жобалық қуаттылығы жылына 216 000 тонна ПБВ-полимерлі битумы өндірісін ашты. Битум зауыты бүгінгі күнге автокөлік жолдарына арналған битум өнімдерін шығарады: БНД 60/90, БНД 70/100. Өнімдерін республика ішінде, және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне экспорттайды.
Депутаттар кейіннен Кемеқалған ауылдық округіндегі Қарақуыс су қоймасы мен «Қазығұрт бақтары» АШӨК жеміс-жидек өңдеу цехының жұмысына көңіл бөлді. Жалпы құны 1 миллиард 650 миллион теңгені құрайтын шаруашылықта қазір алманың Гренни смит – 50000, Айдаред – 50000, Голден делишес – 115000, Гала – 50000 аталатын төрт сорты өсірілуде. Көшеттер осы жергілікті аймаққа өте ыңғайлы. Қарқынды баудың өнімділігі артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда. «Гренни Смит», «Айдаред», «Голден делишес», «Гала» сортты алмаларын еліміздің барлық өңірлерімен қатар алыс-жақын шетелге экспортталады. Ағымдағы жылы алма өнімдерінен табиғи шырын дайындайтын цехты іске қосуды жоспарлап отыр. Оның қуаты тәулігіне 1 тонна шикі өнімді өндіруге қауқарлы. Жобаның құны – 682 412 500 теңге. Сондай-ақ, өз қаражаты есебінен жеміс өнімдерін сақтауға арналған 500 тонналық қойма құрылысын аяқтауға жақын.
«Мейр бейс» колледжі, «KAZPLAST» ЖШС-ның тігін цехында сала мамандарымен кездескен депутаттар Сенат отырысында қаралған заң жобалары, жыл көлемінде атқарылған жұмыстар барысын таныстырды.
Халық қалаулылары сапар барысында облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, еліміздегі саяси реформалар, Президенттің бастамалары, жаңадан қабылданған Заңдар туралы ой-пікірлерін айтып, алдағы жоспарларын таныстырды.Басқосуда Әли Әбдікерімұлы аудан аумағында 25 мың халықты ауыз сумен қамту бағытында Ақсу Жабағылы қорығындағы Бақырауық бұлағынан су тарту мәселесін шешу жолдарын талқылауға ұсынды. Нәтижесінде 12 елді мекенге ауыз су жеткізу мәселесі шешімін тауып, бұлақ басынан су тарту үшін екі жақты меморандум түзіліп, келісімге қол қойылды.Басқосуда депутаты Мұрат Қадырбек Сенат отырысында қабылданған Заңдар мен енгізілген өзгерістерді баяндады.
Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров ономастикалық комиссия, жол сапасын қадағалаушы мекеме жұмысы, арендалық тұрғын үйдің төлемақысын өндіру, мемлекеттік қызметшілердің жалақысына қатысты сұрақтар қойып, сауалды жазбаша ұсынды.Облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай Төлеби ауданындағы 12 елді мекеніндегі ауыз су мәселесінің шешімін тапқанына ризашылығын білдірді.
Жиын барысында Сенат депутаттары облыстық, аудандық мәслихат депутаттары қойған сұрақтарға жауап беріп, халықты толғандырған өзекті мәселелердің шешу жолдарына қатысты ұсыныс -пікірлерді тиісті орынға жеткізуге уәде берді.