Төлеби ауданы халқы үшін қуанышты жаңалық. Бүгін, Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Әлішер Сатвалдиев ауыз су мәселесіне қатысты 25 мың халыққа сүйінші жаңалығын ала келді.
Сенат депутаттары аудандық білім бөлімі ғимаратында облыстық, аудандық мәслихат депуттарымен кездесуінде Төңкеріс елді мекенінің жоғарғы бөлігінен 5,6 шақырым қашықтықта мемлекеттік табиғи «Ақсу Жабағылы» қорығының аумағында Балдыберек өзенінен бастау алатын жердегі «Бақырауық» бұлағынан су тарту мәселесін шешу жолдарын талқылауға ұсынды. Нәтижесінде 12 елді мекенге ауыз су жеткізу мәселесі шешімін тауып, бұлақ басынан су тарту үшін екі жақты меморандум түзіліп, келісімге қол қойылды. Бұлақ басынан су тарту жұмыстары қолға алынады.
Айта кетерлігі, Қаратөбе ауылдық округінен бастау алатын топтастырылған ауыз су аққысы арқылы 12 елді мекен, барлығы 25 243 тұрғын, немесе 4 231 абонент ауыз суды тұтынуда. Негізгі су көзі ретінде дебеті секундына 4,0 текше метрді құрайтын ашық су көзі Балдыберек өзені алынған. Тұрғындардың аталған ашық су көзінен ауыз суды тұтынып келе жатқанына сегіз жылдың жүзі болды. Жылдың көктем немесе күз айларында ауа-райының жауын шашынды болуына орай өзен суы лайланып, судың сапасы төмендеп, ауыз су ретінде тұтыну талаптарына сәйкес келмеуде. Салдарынан соңғы сегіз жылдан бері 25,2 мыңға жуық халық судың сапасына деген наразылықтарын білдіріп, су тапшылығын көріп отыр.