ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Ұласбек Сәдібеков пен Нұрсұлтан Байтілес Төлеби ауданына арнайы іс-сапармен келді.
Мәжіліс депутаттары Кемеқалған ауылдық округі Ақбастау елді мекеніндегі «Шымкент цемент» зауытының жер қойнауын пайдалану жұмыстары барысымен танысты. Тұрғындар 68 жыл бойы жер қойнауын пайдаланып, тас, құм қазып алатын карьердің жұмысына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Халық тау іргесінен арнайы техника күндіз-түні, қысы-жазы тас алатынын, аптасына, кем дегенде үш рет жарылыс іргедегі ауылдарға жер сілкінісіндей сезілетінін айтып, тау қойнауын жару жұмысын талапқа сай орындауын өтінді.
Киелітас елді мекеніндегі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан мәдениет үйінің жай-күйіне назар аударды. 2023 жылы құрылысы басталған Мәдениет үйі қаржы тапшылығына байланысты тоқтап тұр. Ауыл халқы республикалық бюджет есебінен құрылыс жұмыстарын аяқтауға қажетті қаржыны бөлдіруге көмек сұрады.
Мәжілісмендер Ленгір қаласындағы №3 Кәріз тазалау ғимаратының құрылысына көңіл бөлді. Нысанның құрылысын аяқтауға республикалық бюджет есебінен қаралды. Нысан іске қосылған жағдайда кәріздік тазарту қондырғысы тәулігіне 3500 м3 су өңдейді. Аудандағы көпқабатты тұрғын үй халқын толғандырған өзекті мәселе шешімі табады.