«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев Ордабасы ауданына арнайы іс-сапармен барып, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында әзірленген Жол картасының орындалу барысымен танысты.
Іс-сапар барысында облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, аудандық партия филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, сондай-ақ аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрзат Ортаймен бірге бірқатар білім беру нысандарвн аралап, құрылыс жұмыстарының жай-күйін зерделеді.
Бақылау тобы алдымен Ақбұлақ ауылында бой көтеріп жатқан «Жайлы мектеп» жобасының құрылысымен танысты. Бұл жоба «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның тапсырысы бойынша, «AR KUA GROUP» ЖШС мердігерлігімен іске асуда. 2023 жылы басталған құрылыс 2025 жылға өтпелі. Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу, фасад және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, комиссия мүшелері құрылыс барысында бірқатар кемшіліктерді атап, оларды шұғыл жою, сапаны бақылау және белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң тапсырды.
Келесі нысан – Ынтымақ ауылында салынып жатқан 200 орындық мектеп. Мұнда Түркістан облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы негізінде «КДСМ» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2024 жылы басталған бұл нысан да 2025 жылға өтпелі. Қазіргі уақытта ғимараттың қабырғаларын қалау жұмыстары аяқталуға жақын. Бақылау барысында нысанның 80 пайызға жуық дайын екені анықталды. Қаржы толық бөлінсе, мектепті қыркүйек айында пайдалануға беру мүмкіндігі бар екені айтылды.
Үшінші нысан – Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектеп. Құрылысты «Дос и К» ЖШС атқаруда. Жоба құны – 2,7 миллиард теңгеден астам. Қаржысы толық қаралған, құрылыс мерзімі – 2025 жылдың желтоқсанына дейін. Қазіргі уақытта қосымша корпустың құрылысы жүріп жатыр. Алайда мердігер тарапынан жұмысшылар санының аздығы байқалды. Осыған байланысты комиссия мердігер мекеме өкіліне жұмыс қарқынын арттырып, адам санын көбейтуді және құрылыс сапасын басты назарда ұстауды тапсырды.
Партияның Жол картасында көрсетілген барлық әлеуметтік нысандарға арнайы партиялық бақылау бекеттері орнатылған. Бұл бақылау жүйесі құрылыс барысындағы кемшіліктер мен кешігулердің алдын алып, халыққа уәде етілген нысандардың сапалы, әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев аталған нысандарды аралау кезінде кейбір мектептердің 1 қыркүйекке дейін аяқталуына күмән келтіріп, жауапты мердігерлерге және тиісті сала басшыларына нақты ескертулер жасады.