Түлкібас аудандық әкімдігінде Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаевтың бастамасымен аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен «Заң мен тәртіп – қоғам тірегі» тақырыбында тұрғындарымен еркін форматта арнайы мәжіліс өтті.
Кездесу барысында Ерболат Темірболатұлы құқықтық мәдениетті арттыру, қаржылық сауаттылықты нығайту және қоғамдағы заңсыз әрекеттердің алдын алу бағытында өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, психология, экономика және білім салаларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, қатысушылармен пікір алмасты.Жиында департаменттің бөлім басшысы Абай Қыдыров «Заң мен тәртіп – қоғам тірегі» тақырыбында баяндама жасап, экономикалық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рахымжан Алтынбеков аудан тұрғындары арасында қоғамдық тұрақтылықты сақтау, діни экстремизмнің алдын алу және ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Шырынбаев аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында су, жарық, жол және кәріз жүйелерін жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан жобалар мен шешімін күтіп тұрған мәселелер туралы баяндады. Әсіресе, шалғай ауылдарға инфрақұрылым тарту және ескірген желілерді жаңарту – басты назарда екенін айтты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Досжан Қыдыралиев білім саласындағы жетістіктермен қатар, шешімін қажет ететін мәселелерге де тоқталды. Ол мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, мұғалімдер жетіспеушілігі, инклюзивті білім беруді дамыту және оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Мәжіліс отырысынан кейін аудан әкімі Асқар Естібаев пен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл кездесу билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, өзекті мәселелерді жедел шешуге бағытталған маңызды қадам болмақ.