Қоғам

Оңай олжа опа бермейді

Елімізде саны бар сапасы жоқ блогерлер қаптағалы қашан?!… Олардың кейбірі қарапайым қазақты масылдыққа, ақшаның оңай жолмен келетініне сендіріп, күн көріп жүр бүгінде. Бірі қызыл жіптің қасиетіне иландырса, енді бірі дін атын жамылған қаржы пирамидасын жаранамалап әлек.

Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға, спорттық ойындарға жасалатын тігістерге, түрлі ұтыс ойындарына сеніп, соңғы ақшасын далаға кетіретіндер көбейді. Одан қалды түрлі деңгейдегі қаржылық ұйымдардан несие алып, қарызға белшесінен батқан азаматтар мен азаматшалардың саны артқаны белгілі. Мұның себебі неде екендігін көпшілік бірден біле алмады. Сөйтсек кінәнің бір ұшы осы блогерлерде жатқан секілді. Себебі соңғы 4-5 жылдың көлемінде отандық блогерлер өздерінің қымбат, үлде-мен бүлдеге оранған бақытты өмірін көрсетіп, қарапайым халықтың миын улады. «Артынша сіз де мен секілді өмір сүре аласыз» деген сылтаумен құмар ойындары мен қаржы пирамидаларын жарнамалап, мыңдаған, «миллондаған» адамды «қораға» кіргізді.

Блогерлердің үлде мен бүлдеге оранған өмірін көрген жас қыз-келіншектер өздерінің жұбайларынан сол мөлшердегі табыс табуын күтетін хәлге жетті. Енді ғана отау тіккен жас жігіт адал жолмен мұндай табысты қайдан тапсын? «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» демекші сосын ол жігіт әйеліне жақпақ болып оңай әрі тез көп мөлшерде ақша табуды көздейді. Сөйтеді де телефон ақтарып, блогерлердің қармағына ілінеді. Ақыр аяғы бар ақшасынан айыр­ылып, шаңырағы шайқалады. Кеше ғана Алла алдында уәделесіп, неке қидырған жас жұбайлар осылай оп-оңай ажырасып кетеді.

Бірақ бұл істері үшін блогерлер титтей де жауап бермейді. бірақ ендігі істің жөні бөлек. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, елімізде қаржы пирамидаларына қарсы жаңа заң жобасы әзірленіп жатқан сыңайлы.

«Қаржы пирамидалары бүгінде үлкен проблема, әсіресе өңірлерде. Себебі адамдар сенеді, оны танымал вайнерлер, әртістер, қоғамдық пікір көшбасшылары жарнамалайды. Жұрт соңғы ақшасын салады, сосын нәтижесін көріп отырмыз. Сондықтан біз депутат Юрий Лидің жетекшілігімен заң жобасын әзірледік. Бүгінде топ жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта заң жобасын қабылдаймыз деп ойлаймын. Алаяқтық екенін біле тұра, қаржы пирамидасын жарнамалайтын вайнер, әртістер әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеп жатырмыз», – деді Мәжіліс төрағасы.

Заң жобасы қабылданса жөн-жосықсыз кеткен кебір блогерлердің басына тықыр таянады. Бетімен кеткен блогерлер бәлкім сол кезде ғана өздерінің ұлтқа, халыққа қандай залал, кесапатын тигізіп отырғанын түсініп, асын адал табуды үйренетін болар.

Ә.Рамазан

Қатысты жаңалықтар

КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ: Ұстазда бәрі – өсиет, үлгі- өнеге …

azatmedia

Отбасылық өмірдің құндылықтары қандай?

azatmedia

 Мұқтажы қайсы, масылы қайсы?!

azatmedia