Бүгін Бәйдібек ауданы әкімдігінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қырғызалиев Бақыт Тұрсынәліұлының төрағалығымен «мемлекеттік бюджеттен субсидия алған салық төлеушілерді әкімшілендіру, тиісті салық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жалдамалы жұмысшыларды толық түгендеу мәселелері» бойынша жиын өткізілді.Жиынға ауылдық округтердің әкімдері, салық инспекторлары, сондай-ақ аудандық тиісті мекемелердің жауапты мамандары қатысты.Жиын барысында Бәйдібек аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Сұлтанбек Ердіқалықов баяндама жасап, жоғарыда аталған бағыттар бойынша қазіргі ахуал, проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары туралы ақпарат берді. Ол өз сөзінде субсидия алған әрбір шаруашылық субъектісі салық заңнамасының талаптарына сай міндетті төлемдерді уақтылы және толық көлемде төлеуі қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, тіркелмеген жалдамалы жұмысшыларды анықтау және олардың заңды есепке алынуын қамтамасыз ету жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.Жиын соңында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ауылдық округ әкімдері мен салық органдарына бірлесіп жұмыс атқару, түсіндіру жұмыстарын күшейту, салық төлеушілермен жеке жұмыс жүргізу және жалдамалы жұмысшылар бойынша нақты мәліметтер базасын қалыптастыру тапсырылды.
Алдынғы жаңалық