«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» тазалық жүргізу апталығын бүгін Арыс қаласындағы партияластарымыз жалғастырды. Партияның қалалық филиалының ұйымдастыруымен бастауыш ұйымдардың өкілдері, елге жанашыр азаматтар, жас белсенділер бас қосып, Арыс қаласының мақтанышына айналған Мұңлық және Зарлық символикалық ескерткіштерінің аймағында тазалықты қамту жұмыстарын атқарды.Қазақ ауыз әдебиетінің алтын қорына енетін «Мұңлық-Зарлық» дастаны – ұлтымыздың ұлы мирасы санатында. Бұл дастан шығыс жұртына ортақ әдеби мұра саналғанымен, қазақтың төл мәдениетінен тамыр тартатын, бірегей болмысынан нәр алатын, мәңгілік өмір сүретін туынды. Ағалы-қарындасты егіздер Зарлық пен Мұңлықтың көнеден келе жатқан кесене-күмбездері – тоғыз жолдың торабы саналатын Арыс қаласының маңында орын тепкен. Арыс-Шардара автожолының бойында, Ақдала мен Жиделі ауылдарының аралығында орналасқан Мұңлық пен Зарлықтың ескерткіш-кешеніне саяхаттап келушілердің қарасы көп.Тарихи шежірелерде Мұңлықтың қабірі – Аққала елді мекеніндегі ескі қорымға, ал Зарлықтың бейіті – Жиделі ауы¬лындағы көне молаға жерленгені туралы деректер айтылады. Егіздерге арнап салынған монументалдық ескерткіш Сырдарияның жағалауы ежелден құтты қоныс, берекелі мекен болғанын білдіреді. Мұңлық-Зарлыққа салынған ескерткіш ұлттық тарих пен халықтық әдебиетке, төл мәдениетіміз бен дара салт-санамызға деген құрметті білдіріп, Арыстың ажарын келісті етіп тұр.«AMANAT» партиясының өкілдері халықтық мәні бар нысанда тазалық жұмыстарын атқару арқылы жұртшылығымызды өткенімізге құрметпен қарауға, келешегімізге үмітпен қадам басуға шақырып, туған жердің қадір-құрметін білуге, оның қасиетін тануға үлес қосуға үн қатты.
Келесі жаңалық