Ақпарат

ТАБИҒАТҚА – МЕЙІРМЕН, БОЛАШАҚҚА – ПЕЙІЛМЕН ҚАРАУ ҚАЖЕТ

«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» апталығы бұл жолы «World Cleanup Day» – Дүниежүзілік тазалық күні акциясына арналды. Жыл сайын, сарғылт тартқан қыркүйек айында ғаламдағы миллиондаған адам қоршаған ортаның ластануымен күресуге жұмылып, табиғатты болашақ ұрпақ үшін таза ұстауға күш біріктіреді. Қазақстан әлемдік бастаманы қолдай отырып, барлық отандастарымызды планетамызды тазартуға арналған ортақ идея аясына бірігуге шақырады.Республика тұрғындарының 10 пайыздан астамы Түркістан облысында тұратыны белгілі. Өңірімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоршаған ортамен үйлесімді тіршілік кешуін қамту, табиғатқа қамқорлық көрсету және қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті арттыруда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жүйелі негізде «Таза бейсенбі» апталықтарын өткізіп, табиғат аясын, өзен-көлдерді, тарихи және мәдени ескерткіштер аумақтарын тазартуға тұрғындарды белсенді түрде жұмылдырып келеді.Түркістан облысындағы аманаттық өкілдердің ұйытқы болуымен «Таза бейсенбі» науқаны жалпыхалықтық сипат алып, биылғы жылдың маусым айынан бері апта сайын, тұрақты негізде өткізіліп жатқан тазалық науқандарына он мыңнан астам партия мүшелері қатысты. Осы әлеуетпен облысымыздың әр аймағынан 210 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылып, өңірдік экологиялық ахуалын жақсартуға үлесімізді қостық.Партияның бастамасымен өткізіліп жатқан науқан бүгін Төлеби ауданындағы қасиетті жер – Ғайып Ерен Қырық Шілтен табиғи ескерткіштер кешені аумағында өтті. Тылсым сырға толы киелі мекен оңтүстік өлкедегі ең танымал туристік бағыттардың бірі. Мұнда келетін экскурсиялық топтардың санында есеп жоқ, қысы-жазы дамыл таппайды. Адам қарасы үзілмейтін, келім-кетімі көп аймақтың тазалығын қамтуға бүгін аманаттықтар жұмылды.Тылсым табиғаттың иіріміне бойлайтын аймақтың ажарын сақтауға күш біріктірген азаматтарды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бастап келді. Туған жердің табиғатына қамқорлық көрсетіп жатқандардың арасынан облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, аудандық партия филиалының қызметкерлері, бастауыш ұйымдардың өкілдері, партиямыздың байырғы мүшелері, ел жанашырлары, мансап орталығының қызметкерлері, ауыл белсенділері, жанашыр жастарымыз табылды.«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына партияластарымыз жаңа леп беріп, тазалық жұмыстарын облысымыздың тарихи-мәдени орындарында өткізуді қолға алды. Түркістан облысында ғажайып орындар жетерлік, киелі мекеніміздің әрбір тасы – тұнып тұрған тарих. Біздің партияластар бұған дейін, «Таза бейсенбі» акциясын «Ақбура», «Ысмайл ата» кесенелерінің аумағында өткізсе, бүгін сіздермен «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» әулиелі орнында кездесіп отырмыз. Қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын барша облыс тұрғындарын қатарымызға қосылып, туған жерімізді көркейтуге шақырамыз!», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.Айта кету керек, экожүйені сақтау және қорғау – орнықты экологиялық саясатты іске асырудағы басты бағдарымыз болып отыр. Экологиялық тазалыққа қол жеткізу – АЭС салу бастамасының да негізгі өзегі болып айқындалған. Атом энергетикасына көшу арқылы, атмосфераға тарайтын парниктік газдардың көлемін едәуір төмендетіп, электр қуатын өндіруде қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді төмендететін боламыз.  

Қатысты жаңалықтар

ШТАБ ӨКІЛДЕРІ-ОРДАБАСЫДА

azatmedia

ТҮРКІСТАННАН СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС ҮШІН АТЫРАУҒА 160 ТЕХНИКА ЖІБЕРІЛДІ

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ СЕРПІН БЕРДІ

azatmedia