«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезекті мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауы бүгін Сарыағаш ауданы Қызылжар ауылындағы мәдениет үйінің ауласында өтті. Аудан тұрғындарының базынасын тыңдауға, реті келсе олардың оң шешімдерінің табуына жәрдем көрсетуге партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің Түркістан облысы бойынша кураторы Сағындық Жылқыбаев арнайы келді.Мобильді көшпелі қоғамдық қабылдаудың мақсат-міндетін түсіндіріп өткен Алтынсары Дүйсенбекұлы, «AMANAT» партиясы шын мәніндегі халықтық саяси ұйымға айналғанын айта отырып, сайлаушылардың сұраныстарын тыңдауға басымдық бергенін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқаруда, шешім қабылдауға құзыреті бар мемлекет орган өкілдерінің басын қосып, әр аудандағы шалғай елді мекендерде қоғамдық қабылдаулар өткізуді үрдіске айналдырғанын жеткізді. «Биылғы жылдың 8 айында партияның өңірлік филиалы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерімен 3182 кездесулер өтіп, оларда барлығы 10700-ге жуық азаматтың өтініштері тыңдалды. Партияның ұйытқы болуымен ашылған көшпелі қоғамдық қабылдау осымен сегізінші ауданда өтіп отыр. «AMANAT» партиясы осылайша халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.Партияның бастамасымен ашылып, жұмысын атқарған алаңда облыстық деңгейдегі құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері, облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың қызметкерлері, халықпен жұмыс жүргізуге жауапты орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінің лауазымды азаматтары, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың қызметкерлері, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, аудандық прокуратура мен аудан әкімдігінің дербес бөлім басшылары қабылдауға келген тұрғындардың мәселелерін тыңдап, олардың заң талаптары шеңберінде шешім табу тетіктерін қарастырды, құқықтық тұрғыдағы кеңестерін берді.Қабылдауға келіп, сұраныстарын білдірген азаматтар жер бөліп беру, инфрақұрылымды жақсарту, мектеп салу, жолдардың сапасын арттыру мәселелерін көбірек қозғады. Мәселен, Қарабау елді мекенінен келген бір топ ел ағалары үй іргелік жерлерді бөліп беру мәселесін көтерсе, Жылға ауылынан келген тұрғындар мектеп салу, табиғи газ жүйесін тарту, жол салу жөніндегі ұсыныстарын білдірді. Дарбаза ауылының тұрғындары жолға шағал тас төсеу керектігін айтса, Қызылжар ауылының азаматтары ауылдағы қорымға баратын жолдың көпірін жөндеу мәселесі бойынша өтініштерін жеткізді. Ақжар және Қабыланбек ауылдарының тұрғындары учаскелік полиция бекеттерін орнату және қоғамдық орындарды қауіпсіздік камераларымен қамту мәселелерін айтты.Тұрғындардың осы мазмұндағы сұраныстарын қабылдау өткізген барлық мемлекеттік органдардың өкілдері тиісті тәртіппен тіркеуге алды және айтылған әрбір өтініш-шағымдар бойынша ресми түрде жауап берілетін болады. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы көшпелі қоғамдық қабылдау барысында айтылған барлық 200-ден астам сауалдың шешім табуын, нақтылы орындалуын бақылауда ұстайды.
Алдынғы жаңалық