Қоғам

Рухани діңгегі мықты болады

Адам баласының өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – оның рухани азықты қажет ететіндігі. Көптеген балалар сайысына қазылар алқасы болып жатамыз. Сонда байқағаным, бүгінгі балалар өз ойын дұрыс жеткізе алмайды, тілі жұтаң, көркем сөйлей алмайды. Көптеген ата-ана балаларын қыруар ақша төлеп, шешендік өнерді үйрететін курстарға беріп жатады. Ал баланың көркем ойының, сөйлеу өнерінің, кез келген тақырыпта ойын толық жеткізе алу қабілетінің дамуы, дүниетанымы мен ой-өрісінің кеңеюі, қызығушылығының оянуы мен болашақ мамандығын таңдай білуінің бірден-бір жолы ертегі арқылы кітап оқуға баулу қажет екенін естен шығарып алдық. Бүгінде баласына бесік жырын айтып, ертегі оқитын ата-ана азайған. Ертегі – бұл асыл қазынамыз, тұнып тұрған тәрбие құралы. Ертегі тыңдап, кейін өзі оқып өскен бала ертегі кейіпкерлері арқылы ненің жаман, ненің жақсы екенін біледі. Жамандық пен зұлымдықты жақсылық пен мейірімділік жеңетінін түсінеді. Балаң кітап оқысын десең, өзіңнен баста, өзің оқы. Өзің өнеге көрсет. Ұрпақ тәрбиесі үшін ата-ананың әр сөзі, әр іс-әрекеті маңызды. Менің ойымша, болашағымыз жарқын болсын десек, адал, әділетті қоғамда өмір сүргіміз келсе, кез келген адам алдымен ар алдында адал болуы керек деп ойлаймын. 
Қоғаммен жұмыс істеп жүрген жан ретінде байқағаным, бүгінгі қоғам жасандылықтан, көзбояушылықтан әбден шаршаған, ешкімге сенбейді. Қазіргі жаһандық ақпараттық төңкеріс мәдениет пен руханиятты, адамгершілік пен сана- сезімді тағдыр талқысына салып отыр. Мәдени мұрамызды, ұлттық өрісімізді, өркениеттік әралуандылықты жоғалтып алу қаупі туындап отыр. Иә, жаһандық үдерістен қалып қоймауымыз керек. Дегенмен, жаһандануда жұтылып кетпей, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізден ажырамай кіруіміз керек. Сондықтан бүгінгі таңдағы ең басты мәселе – ұлттық болмысымызды сақтап қалу. Өйткені мемлекет ұлтты қалыптастырмайды, ұлт мемлекетті қалыптастырады. 
Әрине әлемдік деңгейде танылғымыз да келеді, дегенмен, ұлттық ерекшелігімізді, төл құндылығымызға басымдық берсек. Өйткені бүгінде жылтыраған дүниемен ешкімді қызықтыра алмайсың, шетелдіктерді біздің ұлттың құндылықтары, төл ерекшелігі қызықтырады. Қазақтың салт-дәстүрін, этнотуризмді дамытуымыз керек. Өзім 23 жыл музей саласында қызмет еттім. Кез келген елге барғанда сол елдің тарихымен, мәдениетімен танысу үшін музейге барамыз. Сырттан келгендерге де біздің салт-дәстүріміз қызық, ұлттық киімдеріміз қызық. 
Ұрпағымыз ұлттық құндылықты білсін, бойына сіңірсін десек, «Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер орталықтарын» ашуымыз керек. Жазда балалар ұлттық бағдарламасы бар, этноауылдарда демалуы керек. Сол жерде ұлттық ойындар ойнатылып, салт-дәстүрлер көрсетілуі керек. Ұлттық ас мәзірі болып, ұлдар атқа мініп, қыздар кесте тігіп, ұлттық қолөнер бұйымдарының жасалуы жолдары көрсетілетін шеберлік сабақтары өтуі керек. Өйткені бүгінгі ұрпақты құр сөзбен тәрбиелей алмайсың, оларға іспен дәлелдеген жөн. 
Мәселен, былтыр жазда «Сарыжайлау» қазақ ауылы авторлық жобасы аясында киіз үй құрып, балалармен жұмыс істедік. Сонда «Балалар, қазір жаңқа жағып, самауырдан шай ішеміз» десек, балалар «жаңқа деген не, самауыр деген не?» деп сұрап жатыр. Киіз үйдің жабдығын өмірі көрмеген, оның ішінде отырып, дастарқан басында қонақтардың қолына су құймаған балаға «Қолға су құю» дәстүрі жайлы қалай айтамыз? Неге әр мектептің жанына киіз үй құрып, сонда сабақтар өткізіп, жазда балаларға арналған этноауылдар ашпасқа? Бұл үшін ұлттық құндылықты дәріптейтін, ұрпақтың өнегелі тәрбиесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет қолдауы қажет. 
«Бәрін айт та, бірін айт», ең бастысы бізге ұлтты тұтастыратын ұлттық идеология керек. Тек ұлттық құндылықтар ғана қоғамды қорғайды. Өз ұлтының тілін, ділін, ұлттық мәдениетін, ұлттық тәрбиесін, салт-дәстүрін, дүниетанымын бойына сіңірген адамды ешқашан, ешкім адастыра алмайды. Оның рухани діңгегі мықты болады. 

Т.Шәкен, 
тарихшы, қоғам белсендісі 

Қатысты жаңалықтар

«ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖЕТУГЕ КҮШ САЛАМЫЗ»

azatmedia

Еңбек адамы – Жалалова Гузал

azatmedia

Қимылдаған құр қалмайды

azatmedia