Қоғам

КЕНТАУЛЫҚ ТҰРҒЫН ЖАСТАЙЫНАН ЖЕТІМ ҚАЛҒАН КӘРІС, ӨЗБЕК, ОРЫС ЭТНОСЫНЫҢ БАЛАЛАРЫН БАУЫРЫНА БАСТЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен өтетін этножурналистика саласында «ШАҢЫРАҚ» шығармашылық байқауы жарияланды.

Жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен барлық өңірлерде ел бірлігін сақтау жолында, ауызбіршілікті одан әрі дамыту ниетінде кеңінен қалам тербеп жүрген ақпарат құралдарының өкілдері арасында дәстүрлі түрде шығармашылық байқаулар өткізіліп келеді.

Байқаудың мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісім және бірлік, этносаралық қатынастарды нығайту тақырыбында материалдар жариялап жүрген журналистерді ынталандыру және отандық этножурналистиканың дамуына ықпал ету.

Кентау қаласының тұрғыны Түймегүл Ергешқызы ата-анасынан ерте айырылған 10 қыз бен 8 ұлды қамқорлыққа алған. Бүгінде алтын жүректі ананың 18 баласы бар. Олардың ұлттары да әртүрлi. Атап айтар болсақ, бiреуi орыс, бiреуi өзбек, ендi бiрi кәрiс ұлтынан.

Қалғандары қазақтың қаракөздерi. Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан әр ұлт өкілінің балаларын көргенде Түймегүл апайдың үйі «шағын ассамблея» іспетті көрінеді.«Өмiр осынысымен маңызды, мағыналы. Өзiм балажанмын. Жетiм балалардың бiреудiң қолына жәутеңдеп, қарап жүргенiн көргенде жүрегiм ауырады. Шыдай алмаймын. Сондықтан бала асырап аламын деген шешiмге келдiм. Маған балалар әртүрлi жағдайда келдi. Бiрiн дүниеге келе салысымен қолыма алсам, ендi бiрiн 1,5 жасында, бiреуiн ес бiлер ересек шағында қамқорлығыма алдым», – дейдi Түймегүл Ергешқызы.Тұрғын үйде балалардың жаттығу жасауына, сабақ оқуына, бос уақыттарын тиiмдi өткiзуіне, демалуына арналған арнайы бөлмелер бар. Қажеттi жиһаздармен жабдықталып, көрнекiлiктермен қамтамасыз етiлген. Аулада бүлдiршiндер үшiн ойын құралдары орнатылған. Яғни, әрбір баланың қалыпты азамат болып өсуіне барлық жағдай жасалған.«Балалар үйiне барсам жүрегiм ауырады. Барлық балаларды асырап алғым келiп тұрады», – дейдi қамқор жан.

Бүгінде Түймегүл Ергешқызы ұлдың үлкені Қайсарды үйлендіріп, еншісін берді. Ал, бойжеткен екі қызын той жасап ұзатты. Сондай-ақ, екі қызы студент болса, бір ұлы әскерден Отан алдындағы борышын өтеп келді. Қалғаны мектепте оқып жүр. Нұрқанат есімді ұлы қарашаңыраққа бас болып отыр. Ұл-қыздарынан сүйген немерелері де бар.

«Ұлдарымның барлығын сүндетке отырғызып, той жасап бердім. Қазір күнделікті тіршілікте қолғабыс етуде. Баршасы бой жетіп, ер жетіп үлкен өмірге қадам басып жатыр. Олар да бір-біріне бауырмал. Немерелерім де өсіп келеді. Солардың тәтті қылығын тамашалап жүріп, күннің қалай өткенінде білмей қаламын»-дейді ол.

Жалпы алтын жүректі ана бала асырап алуды 33 жасында бастаған. Алғашқы қызын қолға алған сәтінде үлкен әсерге бөленіпті. Содан жыл сайын отбасы мүшелері көбейе түскен. Ілгеріде балаларға қарау, жетілдіру қиындық тудырғанымен, кейін қалыптасып кеткен. Дегенмен, ол «18 баланы қамқорлыққа аламын деп ойламағанмын» – дейді.

«Өмiрiмнiң мәнiсi – өзгеге жақсылық жасау» – деп бiлетiн қамқор жанның басты мақсаты – бүлдiршiндерiн қатарынан кем қылмай өсiру, үлкен азамат етiп тәрбиелеу.«Барлығы Алланың қалауымен болды. Мен бақыттымын. Мен балаларыммен бақыттымын» – дейді алтын жүректі ана.

Қ.Зайнишев,Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшесі 

Қатысты жаңалықтар

Төлеген Телғараевтың тындырған тағы бір тірлігі

azatmedia

Қазақстандағы ауасы ең лас аймақтар анықталды

azatmedia

Масылдық – дамудың тежегіші

azatmedia