Қоғам

Қазақ елін мақтаныш тұтамыз!

Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен өтетін этножурналистика саласында «ШАҢЫРАҚ» шығармашылық байқауы жарияланды.

Жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен барлық өңірлерде ел бірлігін сақтау жолында, ауызбіршілікті одан әрі дамыту ниетінде кеңінен қалам тербеп жүрген ақпарат құралдарының өкілдері арасында дәстүрлі түрде шығармашылық байқаулар өткізіліп келеді.

Байқаудың мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісім және бірлік, этносаралық қатынастарды нығайту тақырыбында материалдар жариялап жүрген журналистерді ынталандыру және отандық этножурналистиканың дамуына ықпал ету.

КСРО ыдырағаннан кейін кейбір ұлттар мен ұлыстардың өкілдері Қазақстаннан көшіп кеткенімен, олардың көпшілігі Қазақстанды өз Отаны деп қабылдап, елде тұрақтап қалды. Міне, Қазақстан халқының бірлігі күні осы ұлт пен ұлыстардың бірлігі мен олардың мызғымас ынтымағын айғақтайтын бірден-бір мереке болып отыр. Яғни бұл мерекені қазақстандық патриотизм мен адалдық мейрамы ретінде қабылдасақ болады.

Республика аумағында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар өз салт-дәстүрлері мен мәдениетін, тұрмыс-салтын сақтап қалуға мүмкіндік алды. Сол себепті еліміздегі басқа ұлттар мен ұлыстар қазақ халқына тек алғысын айтады. Алғыс айту – татулықтың, ауызбіршіліктің бір көрінісі. Бір шаңырақтың астында 130-дан астам ұлт пен ұлысты біріктірген қазақ халқына мың алғыс! Сонау қиын-қыстау заманда ауыртпалықты қайыспай бірге көтеріскен, құтты қоныс бола білген елге деген құрметінің белгісін түрлі этнос өкілдері алғыс айтумен білдіріп жататыны мені қатты толқытады. Пейілі кең, ұстанған жолы дара, қамқорлық пен мейірімділіктің үлгісін әлемге танытқан Қазақстанның келешегі жарқын екендігіне толық сенемін.

Тарихтың терең қойнауына зер салсақ, Қазақстанның осындай көпұлтты ел болып қалыптасуына өзге ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударылып келуі себеп болды. ХХ ғасырдың басында Қазақстан жеріне 4 миллионға жуық орыстан бөлек, украин, өзбек, қырғыз, беларусь, балқар, шешендер мен ингуштар, 34 мыңнан астам поляк, 100 мыңнан астам кәріс ұлтының өкілдері күштеп көшірілді.

Бүгінде Қазақстан діңгегі берік елге айналды. Ұлтаралық келісімді нығайтуда Ассамблеяның маңызы зор. Оның басты мақсаты да сол – мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыру, елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету.Қазақстан тек қазақ халқының ғана емес, өзге де ұлттардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтауына кең жол ашып берді. Осындай жағдай жасап отырған кеңпейіл қазақ халқына өзге этнос өкілдері қарыздар десем, қателеспеймін.Бізге тыныштық пен бейбіт өмірді сыйлаған, әлем елдерімен қарым-қатынасы жоғары қазақ елін мақтаныш тұтамыз. Біз әрдайым осы еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға үлес қосуға дайынбыз.

Дана қазақ «кең болсаң, кем болмайсың» дейді. Кез келген қысылтаяң шақта ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты бекемдей біліп, ұлт пен ұлыстар арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы межелеген мақсаттарымызға жету маңызды. Қазақстанның шаңырағы әрқашан биік, босағамыз берік болсын! Тыныштыққа, бейбітшілікке жететін еш құдірет жоқ. Біз «Қазақстан бізге не берді?» деп емес, «Біз Қазақстанға не бере аламыз?» деген ұстаныммен өмір сүруіміз керек. 

Жавлон САБИТОВ, Қазығұрт аудандық өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты,Тураб Тула жалпы орта мектебінің директоры 

Қатысты жаңалықтар

Байқаңыз – улы газ!

azatmedia

Әдеп кодексі: жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары

azatmedia

Кәсіподақ комитеті «Денсаулық жылы» Ордабасы ауданында қарқынды өтуде

azatmedia