Қоғам

ОТАНДЫ СҮЮ – ІСІҢНЕН

Жетісай аудандық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Халим Турсунов – мемлекеттік тілдің тұғырында тұрақтауына еркін сөйлеу арқылы-ақ өзіндік үлесін қосып жүрген азамат.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келешекте қазақ тілі этносаралық тілге айналатынына сенім білдірді.

«Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін», деді.

Бұл орайда, бүгінде Түркістан облысында этнос өкілдері үшін «Қазақтану» жобасы аясында мемлекеттік тілді меңгеруге жан-жақты қолдау жасалуда. Осы ретте, ел бірлігін нығайту жолында көптеген игі істердің ұйымдастырушысы болып жүрген жетісайлық мұғалім Халим Турсунов мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге белсене атсалысып келеді. Ол Жылы су ауылдық округіне қарасты қазіргі Х.Доспанова атындағы жалпы орта мектебіне мұғалім болып еңбек етеді.

«Қазақ тілі тек қазақ халқының тілі емес, Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін әрбір азаматтың тілі. Отанды сүю – ісіңнен. Меніңше, еліміздің әрбір азаматы мемлекет алдындағы жауапкершілікті жіті сезініп, мемлекеттің заңын, тілін, ұлттық ерекшеліктерін құрметтегені абзал. Бұлай болған жағдайда этносаралық татулық пен қоғамдық келісім салтанат құрып, этностар өзара рухани байланыс орнатады, бірін-бірі жақсы түсінеді. Сондықтан еліміздегі барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді сыйлауға міндетті деп санаймын. Қазақстанның келешегі қазақ тілінде екеніне кәміл сенімдімін», – дейді тіл жанашыры.

Халим Турсунов туып-өскен ауылында бүгінгі таңда өзі қызмет етіп жатқан мектепке қазақтың батыр қызы, Халық қаһарманы Х.Доспанованың атауы берілуіне де зор үлес қосқан азамат. 

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДА «БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫН ҚОЛҒА АЛУДЫ ТАПСЫРДЫ

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ ҮШ ПРОВИЗОРЛЫҚ ОРТАЛЫҚ УАҚЫТША ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТТЫ

azatmedia

ГАЗБЕН УЛАНУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

azatmedia