Қоғам

Шаңырақ: Елдің құрметіне бөленген жан

Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен өтетін этножурналистика саласында «ШАҢЫРАҚ» шығармашылық байқауы жарияланды.

Жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен барлық өңірлерде ел бірлігін сақтау жолында, ауызбіршілікті одан әрі дамыту ниетінде кеңінен қалам тербеп жүрген ақпарат құралдарының өкілдері арасында дәстүрлі түрде шығармашылық байқаулар өткізіліп келеді.

Байқаудың мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісім және бірлік, этносаралық қатынастарды нығайту тақырыбында материалдар жариялап жүрген журналистерді ынталандыру және отандық этножурналистиканың дамуына ықпал ету. Сарыағаш ауданына қарасты Құрама ауылында тұратын Сраил Бадаловты жерлестері нағыз дәрігер деп таниды. Ресейдегі Астрахань мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетін бітірген ол қырық жылдан бері осы салада қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Сраил Бадалов еңбек жолын 1990 жылы Сарыағаш аудандық орталық ауруханада терапевт-дәрігер болып бастаған. 1993-1999 жылдары аталған ауруханада гастроэнтерологиялық бөлімнің меңгерушісі, 1999-2007 жылдары аға дәрігер, 2007-2008 жылдары «Денсаулық» дәрігерлік емханасының, 2008-2011 жылдар аралығында «Ынтымақ» дәрігерлік емханасының аға дәрігері қызметтерін атқарған. 2011-2017 жылдары Сарыағаш аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі бірінші орынбасары қызметінде жүріп Сарыағаш аудандық қорғаныс ісі жөніндегі бөлімде медициналық комиссияның төрағасы қызметін қоса атқарған. Одан кейін «Ақжар» дәрігерлік емханасында аға дәрігер қызметін атқарған ол медицина саласындағы ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Шапағат», облыс әкімінің шешімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

Бүгінде Сарыағаш аудандық ауруханасына қарасты «Мөлтек» бастапқы медициналық көмек көрсету орталығының меңгерушісі қызметін атқаратын Сраил Хулисұлы отбасы мүшелерінің түгел медицина мамандары екенін айтады. Сөзге тартқанымызда, өз саласын жетік білетін маман ретінде ашық-жарқын сұхбат берді. «Әкем Хулис Саман-дарұлы да осы салада жұмыс істеген. Ата-анамыздан көрген өнегенің әсері болар, мен де, інім де, екі қарындасым да дәрігер мамандығын таңдадық. Қазақта «Алма ағашынан алысқа түспейді» деген астарлы сөз бар. Екі ұлым мен қызым да осы сала бойынша білім алды. Қазір қызым Гүлминаз – рентгенолог-дәрігер. Қарындастарым Тамара медбике болса, Гүлнара – акушер-гинеколог. Ұлдарым фармацевт мамандығын бітірген. Келінім де осы саланың маманы. Бір сөзбен айтқанда, біздің әулетті дәрігерлер отбасы дейді. Әкеміз өз ісіне адал болды, елдің құрметіне бөленді. Әкемнің көзін көргендер және одан ем алған адамдар «өте білікті дәрігер болатын» деп әлі күнге дейін мақтап отырады. Біз де сол құрметке кір келтірмеуіміз керек. Іні-қарындастарыма, балаларыма үнемі осыны ескертіп отырамын» дейді С.Бадалов.

Сраил ағамыз түрік ұлтының өкілі, қазақ тілін жетік біледі. Өзінің ана тілінен бөлек үш тілді (қазақша, орысша, өзбекше) меңгерген ол балаларына да көп тіл білуге кеңес беріп отырады. Тіпті, қызы Гүлминаз кішкентайынан қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын қызыға оқып, өзі де соларға еліктеп өлең жазған. «Біз балалардың сабағына ерекше көңіл бөлдік. Анасы Марал Қапланбек ветеринарлық техникумын бухгалтер мамандығы бойынша бітірген. Бірақ, көбіне бала тәрбиесімен үйде отырды, олардың сабағын қадағалады. Құдайға шүкір, бәрі жақсы оқыды, өздерінің көңілі қалаған мамандықты таңдады. Бүгінде немерелерімнің де сабаққа ынтасы жақсы. Қызым Гүлминаз маған арнап өлең жазған екен, көңіліме ұнаған соң жаттап алдым» деген ол өзіне арналған өлең жолдарын жатқа айтып берді. Жан әке, Сіз жүргенде көзіңді сап, Өсеміз бәйтеректей өзіңе ұқсап. Ортада Сіздер барда дарашыңдай, Бізге ашық кең пейілдісезім құшақ. Жан әке, үйреткен Сіз ерлікті де, Ұғындық Сізге қарап елдікті де. Жүреміз жалғастырып дәстүріңді, Дарытып дарқандықты, кеңдікті де…

«Менің кіндік қаным тамған жер – Қазақстан. Оның ішінде өзіміздің саялы Сарыағашқа тең келетін жер жоқ. Балалық шағым осында өтті, осында жүріп есейдік, білім алдық, қызметке араластық. Қазақ халқының адалдығына, дарқандығына тәнтімін. Олардан үйренеріміз аз емес. Өзің жақсы болсаң қай жерде де бір кісілік орын бар. Жас кезде үлкен қалаларда, шетелдерде көп болдым. Тұрақтап қалуға да мүмкіндіктер болды, бірақ, өзімнің кіндік қаным тамған Құрамаға жеткенше асығып тұрамын. Өйткені, Қазақстанға кіндігіммен байланған адаммын» деді ағамыз ағынан жарылып.

Иә, айтса айтқандай, саналы ғұмырын осында өткізген Сраил аға бұйыртса келесі жылы зейнет демалысына шығады. Кішіпейіл мінезімен, өнегелі өмірімен өскелең жастарға үлгі болып жүрген оған ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісін көріңіз демекпіз. 

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТТІК КАДР РЕЗЕРВІНІҢ ӨКІЛІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

azatmedia

ШАҢЫРАҚ: ТҮЛКІБАСТЫҚ БІЛІКТІ ТРАВМАТОЛОГ-ОРТОПЕД ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫН АЛЫП ЖҮР

azatmedia

Терроризм – зұлымдық торы

azatmedia