Қоғам

Ел бірлігін қамтамасыз ету

Ел бірлігін қамтамасыз ету – кез келген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың айнымас негізгі шарты. Мемлекеттің экономикалық өсіп-өркендеуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін. Ал қалған міндеттерді шешу жолында әлем мойындаған Қазақстанға қажетті экономикалық, саяси және әлеуметтік ресурстар жеткілікті. Доктрина халықаралық тәжірибені терең талдай отырып, қазақстандық шынайылық негізінде дүниеге келді. Ол қазақ мемлекеттілігі мен дәстүрінің ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесіне негізделеді. Мәдениеттер мен өркениеттер тоғысында орналасқан халықтың даналығы мен өзара құрмет қасиетін негізге ала отырып, барша азаматтың этностық тегіне, әлеуметтік, діни ерекшелігі мен шығу тегіне қарамастан, ортақ идея төңірегіне ұйысуы «Ел бірлігі» ұғымының берік орнығуына негіз болды. Доктринада қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды: мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл шешуші басымдық рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы ретінде нақтыланды. Доктрина мемлекетіміздің қалыптасу кезіндегі проблемалар мен оны еңсеруге бағытталған шешімдердің, сондай-ақ Ел бірлігін қалыптастыру жұмыстарының заңды жалғасына айналды.
Елде тұратын барша ұлт өкілдерін Бәйдібек бабамыз армандағандай, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай етуге көшбасшылық күш-жігерін де, тұлғалық парызын да салды.Мемлекет басшысының барлық кезде зәредей де жасандылықсыз татулыққа шақырып, ала қойды бөле қырықпағанын барша қазақстандықтар біледі. Егер елімізде бір де бір адам отандасын, көршісін, жұмыстағы әріптесін өзге ұлттың өкілі болғаны үшін ғана кінәламаса, алакөзденіп, алауыздыққа ұрынбаса, бұл да мемлекеттік саясаттың жемісі, өркениеттіліктің белгісі. Бір қарағанда, қоғамдық институт сияқты ғана көрінетін Ассамблеяның қызметінде сан мыңдаған адамның тағдыры, тілегі жатыр. Оған егемендіктің өне бойындағы келелі істер куә.

Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясына айналған іргелі ұйым отандастарымыздың үлкен мінбері болды. Ассамблеяның алқалы жиындарында әрбір халықтың өз болашағын өзі таңдауға құқы бар екені, алайда, оны жүзеге асыруда басқа этностардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірілмеуі керектігі айқын көрініс тауып келеді. Әрине, халықтар достығы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында сөйлеген сөзінде: «Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін Қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды», – деген болатын.
Жалпы Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Осымен қатар, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этнобілім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынға халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мере-кесі, Масленица, сабантой дәстүрге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады. Сондықтан 2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы қабылданды. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы – халықтың уақыт талабына сәйкес бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл – бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді, соны түсінудің тәсілі. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың маңызды факторы болып танылған. Сондықтан да Ассамблея қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды орынға ие. Қазақстандық үлгі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ЕҚЫҰ-ның ұлттық азшылықтар ісі жөніндегі Жоғары комиссары арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының біріне айналды. Қазақстандағы қоғамдық келісім үлгісіне қызығушылық танытушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар саны күн санап артып келеді.
Жүзден астам ұлт пен ұлыстарды ұйытпақ түгілі, бір отбасының берекесін келтіріп, ынтымағын жарастырып отыруға да саясат керек, ақыл мен парасатқа суарылған сабыр, сыйластық қажет екендігін есті адам ұғады. Бізде халық біреу – Қазақстан халқы. Түптеп келгенде, біз осы идеологиялық қадамның қазақтың ұлт ретінде әрі қарай нығаюына, этностық топтар өкілдерінің жай ғана қазақстандық тұрғын емес, ділі мен дүниетанымының қазақстандық рухта қалыптасуына барынша ықпал ету жағын басты нысана етіп алуымыз керек.
Ассамблеяның тәжірибесін қазіргіден де жоғары деңгейге көтеру қажет. Өйткені бұл мәселе еліміздің тыныс-тіршілігіндегі ең басты мәселелердің қатарында екендігін естен шығармаған жөн. «Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы» жобасы – біздің қоғамымызға өте қажет әрі дер кезінде жасалған құжат.
Ежелгі Қытай философы Конфуцийдің: «Алға қарай жүрмеген адам кері кетеді», – деген даналық сөзі бар. Біздің ойымызша, бұл мәселеде бір орында тұрып қалмағанымыз абзал. Болашақта ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілетіп, жаңа кезеңнің жаңа талаптарына сай болу үшін осы салада бастаған істі сәтті жалғастыру үшін аталмыш Доктрина жобасының қажеттілігі өте зор. «Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы» жобасында көтерілген мәселелердің бірі – жалпықазақстандық сәйкестікті нығайтуға бағытталған тұжырымдар. Осы ұғымның мазмұнына терең үңілер болсақ, оның мәнісін былайша қарастыруға болады. Еліміздің халқы белгілі бір ұлттың, ұлыстың өкілі бола тұрса да, өздерін Қазақстанмен сәйкестендіруінде, мемлекетті өзінің, балаларының болашағымен байланыстыруында жатыр. Әрбір азамат өзін еңбек етіп, тұрмыс кешіп жатқан елінің патриоты ретінде сезінуі керек.

 

Ж.КӨКСУБАЙҰЛЫ

Қатысты жаңалықтар

Ұлттың жауы – масылдық

azatmedia

ЖҰМЫСЫНА АДАЛ АНТОН ТҮЛЕГЕН ТҮРКІСТАННЫҢ ФОТОШЕЖІРЕСІН ЖАСАП ЖҮР

azatmedia

Удай мас ер адам жантүршігерлік қылмысқа барды

azatmedia