Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен өтетін этножурналистика саласында «ШАҢЫРАҚ» шығармашылық байқауы жарияланған болатын.
Журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында өткен байқаудың негізгі мақсаты – өңіріміздегі этносаралық достықты қалыптастыруға атсалысу, қоғамдық келісім мен бірлікті бекемдеу, еңбек адамдарының өмірін дәріптеу.
Таңертең ояна салысымен Антон есіме түсті… Ия, кәдімгі Түркістан қаласына белгілі фотокорреспондент «Тұран-Түркістан» телеарнасында оператор, қалалық «Түркістан» газетінде фотограф болып қызмет істеген, бүгінгі таңда облыстық әкімдіктіктің баспасөз қызметінде өзінің сүйікті мамандығы бойынша жемісті еңбек етіп жүрген, көпке танымал, өз ісінің маманы – Антон Лещенко.
«Бүгін «Отан қорғаушылар күні» екен ғой. Құттықтап қояйын», – деп ойладым. Оны көрмегелі де көп болды. Облыстық әкімдікке қызметке ауысқалы үнемі аттың жалы, түйенің қомында жүреді. Түркістан облысында ол араламаған аймақ қалмаған шығар. Бүгін Қазығұртта жүрсе, ертең Мақтаралдан немесе Созақтан хабарласады. Сол өңірлерде болып жатқан оқиғаларды қас-қағым сәттік суретке түсіріп, жаңа Түркістанның, түлеген Түркістанның келбетін қаттайды. Ажырамас серігі – фотоаппаратының жанары ұстап қалған кадрлармен тарихи мұрағатты толықтырып жүргені.
Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ачполиметалл» комбинатын ұзақ жылдар бойы басқарған іскер азамат Серікбай Мақұлбекұлы Бекбаев іргетасын қалаған «Тұран-Түркістан» телеарнасында біраз жыл қызметтес болған Антоннан бұрын Түркістан қалалық салық комитетінде қызмет істейтін асыл анасы Ольга Ивановна Лещенкомен танысқан едік.
Журналистер қауымының бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ. Сол кезеңдерде Қанжігіт Сыздық ағамыз басқаратын салық комитетінің жылт еткен жаңалығын түсіріп, жиі баратынбыз. Сонда көпшіліктің арасынан жүзі жарқын, үнемі күліп, жан-жағына шуақ шашып жүретін Ольга Ивановна назарымды аударып, жиі-жиі сұхбат алушы едім.
Әсіресе, Жаңа жыл, Наурыз мерекелерінде үстіне сия көк түсті айшықты ұлттық қамзол киіп, күлімсіреп жүретін замандасыммен тең құрбыдай араласып, көрген жерде жылы ұшырай амандасып қалушы едік. Сүйкімді мінезімен өзіне тартып, баурап ала қояды. Әріптестері арасында да сыйлы. Беделді. Осы құрбым бір күні мектеп бітіріп, ересек өмірге араласа бастаған Антонды телеарнаға ертіп келіп, директорымыз Мұрат Серікбайұлы Бекбаев пен бас редакторымыз Асан Әмірбекұлы Оспановқа: «Мен баламның оператор болғанын қалаймын. Оған өзінің икемі бар», деп аманаттап тапсырғаны күні бүгінгідей есіме түсіп отыр.
Сол тұста эфирімізден телеарнаға телеоператор керектігі жөнінде хабарландыру жүріп жатқан. «Ата-ана балаға сыншы» деген рас екендігіне Антонның көп ұзамай-ақ оператор мамандығын да игеріп, ұжымға да сіңісіп, біте қайнасып кеткенінде көзіміз жеткен еді. Ол университеттің сырттай бөлімінде ақпараттық технология саласында оқи жүріп, жұмысын жалғастыра берді. «Интерньюс-Казахстанда» өткен курстарда кәсіби білімін шыңдады. Өзінің бойында туабітті қалыптасқан оқиғаның өзегін қағып алып, түсіре қоятын ерекше қасиеті де оператор мамандығының қыр-сырын тез игеруіне ықпал етті. Содан бері де талай су ақты. Талай жыл өтті. Жасөспірім, балаң Антон отызында орда бұзып, қырық атты қамалдың ауылына аяқ басты. Қол жеткен табысына, жеткен жетістігіне тоқмейілсімей ізденудің, білімін жетілдірудің нәтижесінде оператор, бейне ннженер, фотограф мамандығының қыр-сырын игерді. Қатарлас әріптестерінен оқ бойы озып алға шықты. Бүгінгі таңда қаншама әріптестері үлгі тұтып, Антонға қарап бой түзейтін дәрежеге жетті.
Ол түсірген әрбір кадр, әрбір сурет кәсіби деңгейімен ерекшеленеді. Түсірілген телехабарлар мен суреттерден көрермен мен оқырман Антонның қолтаңбасын тап басып танитын дәрежеге қол жеткізді. Суреттің сырын, сипатын ішкі жан-дүниесімен сезініп, шығармашылықпен жұмыс істеудің нәтижесінде еңбектері жоғары бағаланып келеді. Таяуда Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының отырысында Антон өңірімізде этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Өткен жолы облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті «Ескірмейтін естелік» атты тақырыбы да, мазмұны да керемет фотокөрме өткізді. Оның тақырыбы айтып тұрғандай, былайғы жұрт аса мән бере қоймайтын суреттер тарихтан сыр шертер шежіре, өткен кезең жылнамасын арада қанша уақыт өтсе де сол кездегі қас-қағым сәтті айна-қатесіз, қаз- қалпында қалт жібермей көз алдыңа әкелетін қасиетімен бағалы.
Еңбектері аса елене бермейтін, тасада қалып қоятын, бейнеті көзге көрінбейтін теле операторлар мен фототілшілер мамандығының өзіне тән қиындығы мен ерекшелігіне төзе білген адам ғана шыдаса керек. Сондықтан да, баспасөз ақпарат құралдарының төл мерекесі қарсаңында теле арнада бірнеше жыл бірге еңбек еткен әріптесім туралы әңгіме қозғауды жөн көрдім.
Р.Нарымбетова,Түркістан қаласы