Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен өтетін этножурналистика саласында «ШАҢЫРАҚ» шығармашылық байқауы жарияланған болатын.
Журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында өткен байқаудың негізгі мақсаты – өңіріміздегі этносаралық достықты қалыптастыруға атсалысу, қоғамдық келісім мен бірлікті бекемдеу, еңбек адамдарының өмірін дәріптеу.
Есімі өңірімізге белгілі кәсіпкер Низамхан Сүлейменов биыл алтыншы мүшелді артқа тастап, жетпіс төрт жасқа аяқ басты. Дегенмен, кәсіпкер қарттық жас жетті деп қарап отырған жоқ. Әлі бақуат, жүрісі ширақ. Оның алдына мақсат етіп қойған игілікті ісі, армандары әлі көп. Зейнеткерлікке шыққанына он жылдан астам уақыт болса да, ағамыз жайбарақат жатып демалған емес. Күнделікті күйбең тіршіліктен кейде адам баласы шаршап-шалдығады ғой, ал, бұл кісі, керісінше, мұндай жұмыстан күш-қуат алады. Жалындаған жастық шағында қандай болса, әлі күнге дейін сол қалпынан тайған жоқ. Бұл оның ата-анасының бала күнінде бойына сіңірген тәлім-тәрбиесі. Қол қусырып қарап отыра алмайды. Демалыс дегенді білмейді. Тіпті, ағамыз қай жылы еңбек демалысына шыққанын да дөп басып айта алмайды.
Оның жұмыс күні таңғы сағат алтыдан басталады. Жаңадан салынып жатқан нысандарды аралап, құрылыстың барысын өз көзімен көрмейінше көңілі тыншымайды. «Мен жұмыс істемесем, банк алдындағы берешегімді кім өтейді?» дейді. Қашан көрсеңіз де жайдары қалпынан танбайды. Қомақты қарызы бар адамға ұқсамайтын болған соң «Сіз байлыққа кенеліп, бақуатты ғұмыр кешіп отырған адам емессіз бе?» деп сұраймыз. Сонда Низамхан Сүлейменов «менің он миллиард теңге несием бар. Жеті айда он мектептің құрылысын қалай бітірді дейсіз?! Мұның бәрі еңбекпен келетін дүние» дейді. Сөйтсек, ол кісі құрылысы толық біткен нысанды банкке кепілге қойып, келесі нысанды бастау үшін несие алады екен ғой.
Низамхан аға қазақ тілінде өзінің ана тіліндей еркін сөйлейді.– Мен Сайрам ауданы, Сайрам ауылында дүниеге келгенмін. Сайрам – үш мың жылдық тарихы бар көне қала. Қожа Ахмет Ясауидің әке-шешесі осында жерленген. Мұнда өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған. Біздің барлығымыздың ортақ Отанымыз – Қазақстан. Қазақ елінде тұрып жатқандықтан, қазақ тілін білу баршамызға міндет деп білемін.1964 жылы №19 «Пахтакор» сегізжылдық мектебін бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы Науаи атындағы №16 жалпы орта мектептің тоғызыншы сыныбына қабылдандым. Мектепті үздік бітіріп, 1967 жылы Самарқан қаласындағы сәулет-құрылыс институтына «Инженер-құрылысшы» мамандығына оқуға түстім.
Еңбек жолымды 1974 жылы Шымкент қаласындағы №1 құрылыс-жөндеу учаскесінде бетоншы болып бастадым. Ұжымда қазақ жігіттері көп еді. Уақыт өте келе олармен бауырлардай жақын араласып кеттік. Тіпті, бұл ұжым менің екінші үйіме айналды десем де болады. Осында табан аудармастан отыз жылға жуық жұмыс істеп, шебер, прораб, бас инженер болдым. Кейіннен учаске құрылыс басқармасына айналып, ауқымы кеңейгенде басшы болып жиырма жыл абыройлы еңбек еткенімді мақтанышпен еске аламын.
Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы» деген атағым бар. 2010 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін мені балабақша мен мектеп салу туралы ой мазалай бастады. Жұбайым Арофатхан 45 жыл мектепте мұғалім болды. Ол да «Тойхана, дүкеннен гөрі келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін балабақша мен мектеп сал» деп мені қолдады, – дейді Низамхан аға.
Бұл елімізде балаларды балабақшамен қамтуға арналған «Балапан» бағдарламасы қолға алына бастаған уақыт еді. Низамхан Сүлейменов 2010-2018 жылдары 8 балабақша ашты. Бүгінде Шымкент қаласындағы «Жамалай ана», «Жан-Балажан», «Гүл-Астана», «Нәзира ана», «Сулайман ата», «Арофат», «Жаннатай ана» және Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы «Жас Ұлан» балабақшасында мектеп жасына дейінгі бес мыңнан астам бала тәрбиеленуде.Сонымен қатар, Низамхан Сүлейменов 2018 жылдан бастап бүгінге дейін заманауи үлгіде 14 мектеп салды (2018 жылы Шымкент қаласы, Сайрам тұрғын алабында 1000 орынды «Арофат» мектебін, 2019 жылы Шымкент қаласында 2500 орынды Абай Құнанбаев атындағы жалпы орта мектепті, 2020 жылы 1200 орынды «Низамхан» мектебін, 2021 жылы Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында 2500 орынды «Сайрам» мектебін, 2022 жылы Сайрам ауданы, Манкент ауылында 1200 орынды Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектепті, А.Науаи, Ә.Молдағұлова, А.Ясауи және Ақсу кентінде 1200 орынды М.Әуезов, Д.Қонаев атындағы мектептерді, 2023 жылы Шымкент қаласы, Сайрам тұрғын алабында 3500 орынды А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы орта мектепті, 1200 орынды «Астана» және «Түркістан» мектептерін, «Нұрсәт» мөлтек ауданында 3500 орынды Д.Қонаев атындағы жалпы орта мектепті салды). Одан бөлек, дәл қазір Шымкент қаласында 3500 балаға арналған жаңа білім ұясының құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде аталған мектептерде 2000-нан астам мұғалім еңбек етеді. 18 мыңнан астам оқушы білім алады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мектептер заман талабына сай материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Дәрігер, психолог, логопедтерге арнайы кабинеттер қарастырылған. Спорт және мәжіліс залдары, бассейн, шаштараз, кең де жайлы асханалар жұмыс істейді.
Мектептерде қазақ, орыс, өзбек сыныптары бар. Оқушылар ағылшын тілін тереңдетіп оқиды. Шахмат, дойбы, хореография, музыка секілді үйірмелерден көп нәрсе үйреніп шығады. Сабақ үлгерімі үздік оқушыларға құрылтайшы есебінен тоқсан сайын шәкіртақы беріледі. Оқу жылының соңында оқу озаттарының ата-аналары мен ұстаздарына Астана, Алматы, Түркістан, Ташкент, Самарқанд, Бұхара қалаларына саяхат жасау үшін және түрлі демалыс орындарында демалу үшін тегін жолдама сыйға тартылады.
«НС» корпорациясына қарасты мектептерде білім сапасына баса назар аударылған. Оқушылар республикалық, халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып, өңірдің абыройын асқақтатуда. Бүгінде корпорация мектептері республикадағы жекеменшік білім ұялары арасында алдыңғы орында.
– Ата-анам алты ұлы мен үш қызының барлығын кішкентайынан еңбекке баулып өсірді. Әкем Сүлеймен ұзақ жыл ұжымшарда астық бригадасын басқарды. Маусым уақытында күн-түн демей жұмыс істейтін. Оның осы қасиеті біздің бойымызға дарыған деп батыл айта аламын. Анам үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысты. Шүкір, анам мен салған балабақшаларды өз көзімен көріп, ақ батасын берді. Перзент үшін бұдан артық бақыт бар ма?! – дейді Низамхан аға.
Низамхан Сүлейменов 2010 жылы Сайрамда ашылған балабақшаны анасының есімімен «Жамалай ана» деп атады. Әкесі Сүлеймен он жеті жасында соғысқа аттанып, Эстония, Латвия, Литва, Беларусь және басқа да республикаларды жаудан азат етуге қатысты. Қан майданда қаһармандықпен көзге түсіп, үш рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 1947 жылы туған жеріне оралғаннан соң аудандық партия комитетінде қызмет етіп, одан кейін жеті жыл Сайрам ауылдық Кеңесін басқарды.
– Ол уақытта мен бала болсам да, еміс-еміс есімде, әкем асарлатып ауыл балаларына арнап мектеп-интернат салды. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңге әрі ауылда еркек кіндікті аз болғанына қарамастан, адамдардың басын қосып, оларды ұрпақтың болашағы үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Әкемнің осындай бастамасының арқасында ауылдағы аурухана да кеңейтіліп, медициналық пункттер қатары да көбейді.
Әкем артында өнегелі ісі қалған адам. Мен оған ұқсағым келіп, құрылысшы мамандығын таңдадым, – дейді Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Шымкент қаласының, Сайрам ауданының құрметті азаматы Низамхан Сүлейменов.Бүгінде Низамхан аға мен Арофат ана 4 ұл мен 2 қызынан 25 немере-шөбере сүйіп отырған үлкен әулеттің ата-әжесі.
Зәкіржан МОМЫНЖАНОВ,Қазақстан Журналистер одағының мүшесі