Бүгін Түркістан қаласында 28 маусым – Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Этносаралық қатынастар саласындағы медиасауаттылықты арттыру» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау.
Семинарға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ аудандық филиалдарының БАҚ-қа жауапты мамандары және журналистер қатысты. Семинарды Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының жетекшісі Ерсұлтан Әмірбек жүргізіп отырды.
Жиында сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева қоғамдық келісімді нығайту бағытында өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ел тұрақтылығын сақтауда ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін мәдениет пен білімнің, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор. Этносаясатқа құзырлы органдар ғана жауап бермеуі керек. Алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет», деген болатын. Елдің бірлігін, ынтымағы мен татулығын сақтай білу – әрбіріміз үшін өте жауапты міндет. Қазіргідей жылдам ақпараттар ағыны заманында ең алдымен азаматтық қоғамның этносаяси сауаттылығын арттыру аса маңызды. Бұл бағытта сіздердің, яғни бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де қосар үлестеріңіз орасан зор, – деді Эльмира Ұласбекқызы.
Жалпы, этносаралық тақырыптағы резонанстық жарияланымдарды уақытылы анықтауға, сондай-ақ этносаралық алауыздықты насихаттауға және ксенофобияны көрсетуге мүмкіндік беретін авторларға қатысты профилактикалық және құқықтық шаралар қабылдауға бағытталған БАҚ және әлеуметтік желілердің мониторингі жүргізілді. Нәтижесінде этносаралық алауыздықты насхаттауға және ксенофобияны көрсетуге мүмкіндік беретін авторлар бойынша алдын алу материалдары жариялануда.
Күн тәртібінде журналистердің этносаяси сауаттылығын арттырудың өзектілігі туралы ой-пікірлер қызу талқыланып, бұл бағытта ақпараттық және медиа сауаттылықты көтеру, фактчекингтің қажеттілігі сөз болды.Спикерлер қатарында «Turkistan Media Holding» басқарушы директоры Тельман Бейсен этносаралық қатынастардағы БАҚ-тың және әлеуметтік желінің рөлі туралы ой қозғады.
Сондай-ақ семинарда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердәлі этносаралық қатынастар туралы халыққа ақпарат берудің басты ерекшелігі және жауапкершілігі жайында сындарлы пікірімен және пайдалы тәжірибесімен бөлісті.
Семинар-тренинг барысында қатысушылар белсенділік танытып, пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шара соңында семинар жұмысына қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.