«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалындағы кезекті қоғамдық қабылдау Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың қатысуымен өтті. Басқарма басшысының азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің ресми парақшасында тікелей эфир арқылы берілді, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.
Басқарма басшысының қабылдауына кірген партияның өңірлік филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының өкілі Мадиярұлы Еркебұлан жастардың баспанамен қамтылуына жәрдем беретін облыстық арнайы бағдарламаны әзірлеп, қабылдау бойынша ұсынысын білдірді. Тұрақты жұмысы бар жастарды жеңілдетілген тұрғын үймен қамтуда еліміздің көптеген аймақтарында арнайы бағдарлама қабылданғанын алға тартып, Түркістан өңірінің жастарын қолдауға арналған бағдарлама қажет екенін айтты. Ерлан Бақытжанұлы айтылған ұсыныстың орынды екенін айтып, бұл бағытта «Тұран жастары» бағдарламасының жобасы әзірленгенін жеткізді. Облысымыздың тұрақты жұмысы бар жастарын тұрғын үймен қамтуға ықпал ететін бағдарламаның жобасы «Отбасы банк» өкілдерімен талқыланғанын атап өтті. Осы бағдарлама аясында баспанамен жеңілдетілген шарттар бойынша қамтылатын жастар контингентін іріктеудің критерийлерін анықтау, салалық бағыттарын белгілеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жан-жақты пысықталып, жетілдірілген жоба тиісті тәртіппен қаржыландыруға ұсынылатынын атап өтті.
Қабылдауға келген Түркістан қаласының тұрғыны Жанерке Такибаева ерлі-зайыптылар арасындағы некенің бұзылуы жағдайында ортақ дүние-мүлікті бөліске салу мәселесі бойынша сауалы бар екенін білдірді. Бұл сауалға жауап берген Ерлан Күзембаев даулы мәселелердің барлығы заң тәртібімен шешімін табуы тиіс екенін айтып, азаматшаға кәсіби заңгерлерден құқықтық кеңес алуға болатынын түсінідіріп өтті.
Онлайн режимде сауал жолдаған Сайрам ауданының тұрғыны Сабыр Кенжебаев жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы білгісі келетінін айтып, университет бітірген, әскери борышын өтеп келген жастар қандай мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар екенін сұрады. Тұрғынның сауалына жауап берген басқарма басшысы, жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың бірнеше түрі бар екенін атап өтті. Оның ішінде «Жастар практикасы» бойынша университет бітірген жас мамандар алған мамандықтары бойынша жұмысқа тұруға жолдама берілетінін айтты. «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары да жастарды қолдауға арналғанын жеткізді. Өз ісін бастаймын деген жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру көзделгенін атап өтті.
Кентау қаласының тұрғыны Мұхит Махажанов бейәдеп сөздер таратып, ұпай жинайтын блогерлерге қалай тоқтам салуға болатыны жөнінде сауал қойды. Бұл сауалға жауап берген басқарма басшысы, әлеуметтік желіні белсенді қолданушылардың арасында қоғамда пайдалы бастамалар көтеріп жүрген азаматтар көп екенін атап өтіп, олар қоғам белсенділері санатына жататынын айтты. Дегенмен, адамның ар-намысына тиетін балағат сөздер жазып, бейәдеп контентті бөлісетін блогерлерге қатысты полицияға шағым түсіруге болатынын айтты, заң шеңберінде ондай блогерлерді жауапкершілікке тартуға болатынын түсіндірді.
Сайрам ауданынан хабарласқан Амалхан Төлеубек ауданның шығармашыл жастарының басын қосатын іс-шара өткізу мәселесі бойынша ұсынысын білдірді. Айтылған ұсынысты қолдайтынын білдірген басқарма басшысы, ауданда жас ақындардың басын қосатын жыр мүшәйрасын өткізу мәселесін бақылауына алатынын мәлімдеп, бұл жұмыстарға Сайрам аудандық жастар ресурстық орталығының, «Қоғамдық келісім» мекемесінің жергілікті құрылымының әлеуеті жұмылдырылатынын атап өтті.