«AMANAT» партиясы қайта құрылымдау жұмыстарын ерекше бақылауына алған маңызды нысан – «Кентау Сервис» мемлекеттік комммуналдық кәсіпорнының №5 Жылуэнергоорталығы. Партияның қадағалауына алынған энергокешендегі жөндеу жұмыстарының барысын зерделеу үшін бүгін Кентау қаласына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, партиялық фракция өкілдері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев, Ұласбек Сәдібеков арнайы келді, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.
Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енген нысандағы реконструкциялау жұмыстарының барысын Парламент өкілдеріне Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды айтып берді. Бұл бағытта Кентау қаласы әкімдігінің атқарып жатқан жүмыстары жөнінде қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов айтып берсе, партиялық бақылау мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева мағлұмат берді. Мәжіліс депутаттары кәсіпорынды аралап, 2023-2024 жылдардағы жылу маусымына дайындығы барысындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарының атқарылуын қадағалады.
Айта кету керек, Кентау қаласындағы №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстарының сметалық құны 13 701,1 млн.теңге болып бекітілген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына мердігер мекеме ретінде «ЭМ-Холдинг» ЖШС-гі, техникалық қадағалаушы ұйым ретінде «Otay Construction» ЖШС-гі анықталып, келісімшарт түзілген. Бүгінге дейін жөндеу жұмыстарына 11,8 млрд теңге қаралып, қазандықтардың құрылыс-монтажтау жұмыстары қолға алынған.
Қала тұрғындарын жылумен қамтуда кәсіпорынның 8 жылу қазандықтарын, подстанциясын, 21 шақырым – магистралды және 81 шақырым – ішкі орамдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын екі кезеңде іске асыру көзделген.
Оның бірінші кезеңі бойынша 6,6 шақырымды құрайтын магистралды жылу жүйелерін және 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстарына 4 431,8 млн.теңге қаралған. Мердігер мекеме «Ер-Мад» ЖШС-мен құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, 4,7 шақырым құбырларларды бөлшектеу (демонтаж) жұмыстары атқарылған. Мердігер ұйым тарапынан 6,6 шақырым құбырларға монтаждау жұмыстары жүргізіліп, кері сорғы станцияларының қайта құру жұмыстары қолға алынған. Жоспарланған жұмыстарға техникалық қадағалаушы мекеме ретінде «TN KZ» ЖШС-гі бекітілген.
Екінші кезеңде 14,5 шақырым магистралды жылу құбырларын қайта құру жұмыстары бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына мердігер ұйым ретінде «KazIntel» ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Жоспарланған жұмыстардың жалпы құны – 7,6 млрд. теңгені құрайды.