Жаңалықтар

ОРАҢҒАЙДАҒЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ НАЗАРЫНДА

Тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыру, инклюзивтік орта құру міндеті – әділдік қағидаттарына негізделген әлеуметтік реформалардың басты шарты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығын қамтуды қоғамның орнықты дамуының негізгі көрсеткіші деп бағалады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сапасын жақсарту жұмысы партияның басты басымдықтарының бірі саналатынын атап көрсетті.

«AMANAT» партиясы өзінің саяси тұғырнамасында әрбір азаматтың лайықты медициналық көмекпен және ыңғайлы әлеуметтік ортамен қамтылуын үйлестіру міндетін белгіленген. Бұл бағытта партияның 2023-2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау, медицина және халықты әлеуметтік қолдау саласындағы нақтылы индикаторлар белгіленіп, олардың іске асырылуы партия өкілдерінің тұрақты назарына алынған.

Партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармағы ретінде Сауран ауданы, Ораңғай елді мекеніндегі мүмкіндігі шектеулі ересек тұрғындарға арналған оңалту орталығының құрылысы енгізілген. Жоба бойынша, мұнда бір мезетте 200 пациент қажетті ем процедураларын алып, оңалту шараларымен қамтылмақ. Айта кету керек, Түркістан қаласының іргесінде салынған бұл нысан тұрғындардың сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтер алуына мүмкіндік жасап, олардың денсаулық ахуалын жақсартуға көмегін тигізеді. Бұл нысан, сондай-ақ, партиямыздың бастамасымен іске асырылып жатқан «Кедергісіз келешек» жобасының тиімді іске асырылуына үлесін қоспақ.

Партиялық бақылауға алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталу сатысына келіп жеткен нысанның дайындығын көруге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, партиялық фракция өкілдері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев, Ұласбек Сәдібеков арнайы келіп, партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылады. «– Тұрғындар «AMANAT» партиясының атқарып жатқан жұмысын нақты нәтижеге қарап бағалайды. Сондықтан партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру өте маңызды. Тұрғындардың сұранысына ие әлеуметтік нысандар сапалы салынып, уақтылы пайдалануға берілуге тиіс. Осы орталықтың құрылысы да партияның ерекше бақылауында», – деді Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев.

Нысанның техникалық дайындығы, оның құрылысы барысында орын алған түйткілді мәселелер, партиялық қадағалау және ұйымдастыру жұмыстарының барысы жөнінде Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева, Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұржан Нұрашов, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, бас мердігер ұйым – «Шымкент құрылыс» ЖШС мен техникалық қадағалаушы ұйым – «Шымкент күрделі құрылыс» ЖШС-нің өкілдері баяндады.

Жүргізілген мониторинг барысында облыс тұрғындары үшін маңызды нысанның қазіргі дайындығы, арнайы жабдықтармен қамтылуы, ғимаратты Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының теңгеріміне алу, осы нысанның негізінде басқармаға қарасты жаңадан «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру, аумақты қажетті инфрақұрылыммен қамту, көркейту және абаттандыру жұмыстарын жүргізу мәселелері жан-жақты қаралды.

Мәжіліс депутаттары ғимарат дайындығын бағалау барысында, су процедураларымен ем жүргізуге қажетті бассейннің техникалық жағдайына сын-ескертпелерін айтты. Мұнда суды қалыпты температурада ұстау мәселесі назардан тыс қалғанын ескертіп, бассейннің табаны мен ернеулері керамикалық плиткалармен қапталу керектігіне көңіл бөлді. «Партияның Сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан оңалту орталығы 2023 жылдың желтоқсан айында бітуі тиіс болатын. Құрлыс созылып кеткен. Біз бүгін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы құрылысымен танысуға келдік. Бірқатар кемшіліктерді көріп, ескертпе жасадық. Бассейні спорт залы, моншасы дайын емес. Аталған кемшіліктерді тез арада жоюға нұсқау берілді. Әзірге нысанды қабылдамай тұру жөнінде ескертілді»,–деп атап өтті Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев.

Айта кету керек, бұрыңғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған арнайы ғимараттар мен орталықтар Шымкент қаласының теңгеріміне өткізілгеннен кейін, жаңадан облыс орталығы болып бекітілген Түркістан қаласында арнайы әлеуметтік орталықтар салу мәселесі өзекті болып айқындалды. Туындаған өзекті мәселені шешуде Түркістан облысының бюджеті есебінен жалғызілікті қарияларға, мүгедектігі бар азаматтарға және ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған 7 арнайы әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді және мемлекеттік сараптамадан өткізілді.

Облыс орталығынан 20 шақырым қашықтықта жатқан Ораңғай елді мекенінен мүмкіндігі шектеулі ересек тұрғындарға арналған оңалту орталығын салу мәселесі «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізіліп, облыстық және республикалық бюджеттерден 2 562,9 млн. теңге қаралды. Орталық алғашқы пациенттерін биылғы жылы қабылдайтын болады.

Арнайы ғимараттың ашылуын асыға күтіп жүрген ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қатары көп. Соның ішінде Сауран ауданы, Қарашық ауылы, Құмтиін елді мекенінің тұрғыны Жақсыкүл Истамкулова денсаулық жағдайына байланысты екінші топтағы мүгедек боп танылған. Жылына кемі екі мәрте дәрігерлердің қабылдауында болып, оңалту шараларынан өтуге мәжбүр. Бірнеше перзентін дүниеге әкелген ғазиз ана, қажетті емін алу үшін бірнеше жылдан бері Шымкентке қатынап жүргенін айтады. Енді ұзақ жол жүру қиындығы артта қалғанына шын қуанышты екенін білдірді.Ресми статистика бір ғана Түркістан қаласының өзінде ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың саны 4 мың адамды құрайтынын айтады. Жаңадан салынған арнайы әлеуметтік орталық осы санаттағы азаматтарға барынша қолдау көрсетіп, Түркістан қаласында заманауи инклюзивті орта қалыптасуына жәрдемін көрсетпек. 

Қатысты жаңалықтар

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП – САУРАН АУДАНЫНДА

azatmedia

ШЫМКЕНТТІК АРДАГЕРЛЕР САЙЛАУДА БЕЛСЕНДІ БОЛУҒА ШАҚЫРДЫ

azatmedia

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП – БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА

azatmedia