Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» Жолдауында: Азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн, деп атап өткен болатын.
Осы орайда, Түркістан облысының аудан, қалаларында «Қарызсыз қоғам» атты қаржылық сауаттылықты арттыру семинары басталды. «AMANAT» партиясы мен «Halyk bank» бірге ұйымдастырған пилоттық жоба аясындағы оқыту семинарының бірі Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінде өтті. Жобаға 100-ге жуық ауыл тұрғыны қатысты.
Мақсаты – қаржылық сауаттылықты арттыру, өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екендігін үйрету.
Оқу семинарына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалима Жантөреқызы, жоба сарапшысы Жандос Әзімбай, аудандық партия филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы және БАҚ өкілдері қатысты.
Қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша тегін курсты жоба сарапшысы Жандос Әзімбай жүргізді.
– Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар 1,2 миллион отандасымыз микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырады. Халықтың қарыз ауыртпалық мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам адам кем дегенде бір несиесін кешіктіріп отыр. Оқыту курсының негізгі мақсаты – жас ұрпақтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, – деді Жандос Әзімбай.
Отбасындағы қаржыны қалай тиімді жұмсау керектігін түсіндірген дәріс барысында қатысушылар өз қаржысын тиімді басқаруды және шығындарын оңтайландыруды, қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, дәл қазіргі уақыттағы қарыздар санын азайтудың қандай жолдары бар екенін, алаяқтардың негізгі алгоритмдерін, ондай әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренеді. Ал ісін жаңадан бастағысы келетін кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпарат алады. Арнайы келген сарапшы әртүрлі мысалдар, ойындар арқылы қатысушыларға ақша жұмсау кезінде тізімнен қажетсіз шығындарды қалай алып тастауға болатындығы туралы да көрсетті.
Бұған қоса семинар аяқталғаннан кейін қатысушылар жоба сарапшысы өткізетін консультацияларға қатысып, өздерінің жеке мәселелері бойынша көмек алды. Әңгімелесу барысында эксперт әр қарыз алушының несие тарихын жеке-жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді.
– Жалпы елімізде осындай жобалардың қажет екені бұрыннан байқалып келеді. Бүгінде көптеген қазақстандықтар қарызға белшеден батып, одан өз күштерімен құтыла алмай келеді. Тіпті, қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Бұл, әсіресе, шет жақтарда, ауылдық елді мекендердің тұрғындарының арасында өте өзекті мәселе. Сондықтан бірінші кезекте осындай курстар облыс орталықтарында емес, аудандарда өтіп жатыр. Біз өз тарапымыздан қиын жағдайда қалғандарға маман ретінде барынша көмек көрсетуге тырысудамыз, – дейді жоба сарапшысы Ж.Әзімбай.
Курсқа қатысуға ниет білдіріп келген ауыл тұрғындары айтылған мәселелермен толық танысып, қаражатты қалай жұмсау туралы толыққанды ақпараттарын алды.
Айта кетейік, 2 мамырда басталған оқу жыл соңына дейін жалғасын табады.