Төлеби ауданында қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалға байланысты жергілікті атқарушы билік пен құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен жиналыс өтті.Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев аудандағы этносаралық қақтығыс алдын алу бойынша аудандық прокуратура, полиция қызметкерлерімен бірлескен іс-шара жоспарын жүзеге асыру бойынша кеңесті.Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев баяндама жасап, этнос өкілдері орналасқан елдімекендердегі өзекті мәселелер бойынша ай сайын аудан әкімі мен орынбасарлары, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысуымен тұрғындармен кездесулер өткізу керектігін атап өтті.Бейсенбай Тәжібаев этнос өкілдері шоғырланған аймақтарда түрлі оқиғаның орын алмауы үшін оның алдын алу, тұрғындар арасында ынтымақ орнату бойынша кешенді жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды.Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Зағамбар ауылының тұрғындарымен кездесіп, этнос өкілдері шоғырланған ауылдарға талдау жасау керектігін, қақтығыстар орын алмас үшін жастар арасында жұмыссыздықты жою, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауға қол жеткізу, мектептердегі тәртіп секілді әлеуметтік мәселелердің шешілуіне Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің әлеуетін пайдалану қажеттігін айтты. Жиында ауыл тұрғындары да сөз алып, береке-бірлік пен ел тыныштығын сақтау, халық арасына іріткі салмау, кез келген оқиғада заң аясында жұмыс істеу қажет деп, санайтындарын жеткізді.Атап өтейік, осындай қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалды талдау бойынша кездесулер облыстың өзге аудандарында да өтетін болады.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық