Бүгін Ескі Иқан ауылдық округінде «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл бақыт ел үшін» атты шара ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Аталған тақырып аясында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов пен Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Құрбанбай Рысбеков тақырып аясында көпшілікке баяндама жасады. Оған «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев және аудандық мәслихат депутаттары мен ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Басқосуда ұлттық бірлікті сақтау, бірегейлік қағидатын ұстану және қалыптасқан тату тірлікті жалғастыру секілді тақырыптар кеңінен қозғалды. Аудан басшысы кіріспе сөзінде берекелі іске бейім аудандағы бекем бірлік пен тату тірліктің астарында өзара түсіністік пен сыйластық, бауырмалдық пен құрмет бар екендігін айтып, өңірімізде 10-нан астам түрлі этнос өкілдері тату өмір жүріп жатқандығын жеткізді.
– «Бүгінгі бейбіт күнге де бірліктің, татулықтың, келісімнің арқасында жеттік және оған өзге этнос өкілдері де атсалысты. Сондықтан біздің Ата Заңымыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл ретте елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауда айрықша үлесі бар Қазақстан халқы ассамблеясының жасампаз жұмыстары қай қырынан алсақ та үлгі-өнеге екенін атап өткеніміз жөн», – деді Мақсат Таңғатаров.
Қазақ ұлтымен арадағы бауырмалдық қатынас бүгінде берік болғанын айтқан жиынға қатысушылар ұсыныстары мен сұрақтарын қойды. Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов «Бірлік – бәріміздің де басты мұратымыз. Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулық – халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы, ел экономикасының өркендеуінің басты кепілі. Қай заманда болмасын сан қилы кезеңдерді бастан өткерген еліміз қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған. Бірін бірі сабыр сақтауға шақырып, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп ынтымақ бірлігін бекіте түскен. Демек тындырымды тірліктің, дамудың да, бейбітшіліктің де бастауы бірлік екендігін айтып, баршаңызды ынтымақты өмір сүруге шақырамын» – деп жиынды қортындылады.
Бүгінде Сауран ауданында 10-нан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Этнос өкілдері бір шаңырақ астында тірлік жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Тарихи топырақта бой көтерген Сауран ауданының құрылғанына да 3 жылдан аса уақыт өтті. 2021 жылдан бастап, өзбек этно-мәдени бірлестігімен қатар, Ассамблея жанындағы «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалы құрылып, этносаралық татулықты нығайтуда белсенді жұмыс атқарып келеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, ауданда 10-нан астам этнос өкілдері тұрады. Этнос өкілдерінің қатысуымен жыл басынан бері көптеген мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілді. Өткізілген іс-шаралар этносаралық келісімді сақтауда серпін береді. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз екені айтпаса да түсінікті. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады.
Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Бұған негіз болған 30 жыл бойына 18-қазан күні аталып өтілетін Рухани келісім күні! Егемендік алғаннан бері бұл күнді ерекше атап өтудегі мақсат – еліміздегі 17 конфессия мен 130-дан астам ұлт өкілдіренің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. 1992 жылдың қазанында Алматыда сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұңғыш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын. Аллa Тағаланың рахымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар саны күн сайын артуда.
Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге асқан мемлекет. Жүз отыз ұлт баласы қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді. Оны әлемнің әр тарапынан ақпарат жеткізіп отырған көк сандықтан көріп отырмыз. Қазақ елі осындай игіліктерге толы жұрт. Кей кездері бір әулеттің балалары сөзге келіп, біріне-бірі өкпе артып жатады. Діні бөлек, ділі басқа халықтарды бір мемлекетте ұйытып отырудың өзі үлкен күш. Бір-бірімен тіл табыстырып, алакөз қылмай, достықты сақтап қалу үшін қазақ билігі талай ауқымды шараларды, беделді бастамаларды қолға алды. «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Бүгінгі күні көпұлтты тәуелсіз Қазақ еліне дүниежүзіндегі көптеген елдер қызыға да қызғана қарауда. Себебі жүзден астам ұлт пен ұлыстардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастыра білген ел әлемде кемде-кем.
Біз біртұтас ел болып қуатты қоғамға айналдық, бейбіт өмір, қоғамдағы көпұлтты қазақстандықтардың ұлтаралық татулығы мен ынтымағының арқасында бой көтерді. Дегенмен, сын қатерлер аз емес, жаңа белестерді бағындырып бірегей құрылым артында ел бірлігін тағы да нығайтуымыз қажет. Еліміздегі бірлік пен ынтымақты дәріптейтін бір ғана конституциялық статусқа ие болған патриоттық қоғамдық институт яғни, бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХI сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің 3 негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Екінші – ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру. Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Өңірде этностық теңсіздікке жол бермеуге, мәдени және тілдік оқшаулануды болдырмауға назар аударылып келеді.
Қазақ халқы – мемлекетіміздің өзегі, тірегі, негізі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды тарихи рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі шоғырландырушы әлеуетін іске асыру – басты міндетіміздің бірі. Елдегі бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ретте Түркістан облысын қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде дамыту– баршаға ортақ шаруа.