Қарапайым халықтың мүддесі мен талап-тілегін бірінші орынға қойып, айтылған ұсыныстардың шешілу жолдарын қарастыруды күн тәртібінен түсірмеген «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалына атқарушы хатшы лауазымына сынақ мерзімімен Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Қайназаров Асқар Нұртайұлы тағайындалды, деп жазады ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.
Орталық аппараттың келісімімен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің бұйрығына сәйкес партия филиалының ғимаратында өткен ресми тағайындауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Тұрсынбаев Полат Мұратұлы мен аудан әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме басшылары, зиялы қауым мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Басқосуда «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалын 2019 жылдан бері абыроймен басқарып келген, бүгінде зейнеткерлікке шығып отырған Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Асауов Әділхан Жолдасұлының партия бастамалары мен бағдарламаларын жүзеге асыруда, ауданның дамуы жолында еткен еңбектері мен жеткен жетістіктері айтылып, алғыс білдірілді. Қазақы салтпен иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.Айта кетейік, жаңадан тағайындалған Қайназаров Асқар Нұртайұлы 1994 жылы 18 желтоқсанда Жетісай ауданында туылған. Қазақстан-Британ техникалық университетінің түлегі, бірнеше Халықаралық білім сайыстарының жүлдегері. Қазақ, орыс, өзбек және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін ол VII және VIII шақырылымдардағы Жетісай аудандық мәслихатының депутаты, партияның Түркістан облыстық және Жетісай аудандық саяси кеңестері мен бюро мүшесі.
2016 – 2020 жылдары «КАЙНАЗАР» және «ZANGAR GROUP» ЖК басшысы, 2020 – 2021 жылдары «Z&M GOLD SYSTEMS» ЖШС құрылтайшысы және директоры, 2021 – 2023 жылдары VII шақырылымдағы Жетісай аудандық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес төрағасы, 2023 жылдан қазіргі уақытқа дейін VIII шақырылымдағы Жетісай аудандық мәслихатының депутаты, бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бақылау-тексеру комиссияның мүшесі қызметтерін атқарып келген.
Салтанатты жиын соңында партия ардагерлері мен ел ағалары жаңа басшының жұмысына сәттілік тілеп, баталарын берісті.