Жетісай ауданы тұрғындарының түрлi тақырыптағы арыз-шағымдарына партия атынан қандай да бiр көмек көрсету, мәселелерiнiң шешiлуiне мүмкiндiгiнше ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Қырықбаев Темір Базарбайұлы мен Байтілесов Нұрсұлтан Төленұлы «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының ғимаратында зиялы қауым өкілдері мен ардагерлермен кездесіп, тұрғындарға қоғамдық қабылдау өткізді, деп жазады аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.
Қабылдауға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ербол Ералиев, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, өзге де депутаттар мен бөлім басшылары, қала мен ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары қатысты.
Қабылдауға келушілер мәжілісмендерге апатты жағдайдағы көппәтерлі үйлердің орнына жаңа үй салу және мектептердің күрделі жөндеуі, медициналық пункттер мен мектептер салу, газдандыру және балалар ойын алаңшаларын салу, интернет сапасын жақсарту және материалдық көмек көрсету секілді мәселелерді көтеріп, құқықтық кеңестер алды. Мәселелері бойынша жазбаша өтініштерін өткізді.
Сондай-ақ, Темір Базарбайұлы мен Нұрсұлтан Төленұлы аудандағы мемлекеттік және жекеменшік мектептердегі білімнің сапасы, директорлар мен ұстаздардың біліктілігі, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен оны арттырудың негізгі тетіктері бойынша кеңінен әңгімелесіп, ұсыныс-пікірлерді талқылады. Сұрақтарға жауап беріліп, өтініштер жазып алынды.
Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Темір Базарбайұлы мен Нұрсұлтан Төленұлы аудандық «Жетісай» орталық ауруханасында болды.Өткен жылы конкурстық құны 1 378 969 393 теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген ғимарат алдынан заман талабына сай қабылдау бөлімі ашылып, магнитті резонанстық томография медициналық құрал-жабдығын орнату үшін қосымша ғимраттар бой көтерген. Сонымен қатар, ауруханаға қосымша ангиограф медициналық құрал-жабдығы орнатылып, алдағы уақытта күрделі оталарды іске асыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, мәжілісмендер жергілікті денсаулық сақтау өкілдерімен тікелей диалог жасау арқылы өңірлік проблемаларды тереңірек білу, аудандағы медицина мекемелерін қаржыландырудың өзекті мәселелерін талқылау, халықтың денсаулығын қорғауда ақ желеңділерді толғандырып жүрген күрмеуі қиын мәселелермен танысу, сайлаушыларды Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстармен кеңінен таныстыру мақсатында аудандық аурухана қызметкерлерімен жүздесті.
Еркін форматта өткен жүздесуде медицина саласының қызметкерлері жұмыс тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар мәселелерді заңнамалық деңгейге шығаруды, тариф белгілеу әдістемесі мен сақтандырылушының мәртебесін қайта қарауды, ауылдағы медицина кадрларының тапшылығын төмендетуді, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды қолға алуды сұрады.Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Темір Базарбайұлы мен Нұрсұлтан Төленұлының ауданымызға жасаған іс-сапары барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді де, білікті болуы тиіс» деген сөзін жұмыстарының басым бағытына айналдырған Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінде болып, білім ордасының ұжымымен, жастармен жүздесті. Білім сапасын арттыру мен қолбайлау болып отырған кейбір мәселелердің шешілу жолдары бойынша пікірлерін тыңдап, ұсыныстары талқыланды.
Алғашында Мырзашөл өңірі мектептерін педагог кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында ашылған білім ордасы білім беру ісінде озық инновациялық құрал-жабдықтармен жарақтандырылғанын, заман талабына жауап беретін оқу және материалдық-техникалық базасы қалыптасқанын айтқан колледж басшысы Лаззат Баймаханова ұстаздар мен студенттердің жеткен жетістіктерімен таныстырды.
Студенттердің сапалы білім алуына 1 типтік оқу ғимараты, 2 жатақханасы қызмет көрсететін аталмыш колледжде гуманитарлық-техникалық бағыттағы мамандықтар бойынша 1300-ден аса студент білім алуда. Кездесуде колледж басшысы өткен жылы қос жатақханаға ағымдағы жөндеу, безендіру, жаңарту жұмыстары жүргізіліп, студенттердің жатын бөлмелері жаңа жиһаздармен, ішкі әжетханалармен, жуынатын бөлмелермен, бейнебақылау камераларымен қамтылғанымен 43 жыл бұрын салынған ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына мемлекеттен қаржы бөлдіруге көмек сұрады.
Айта кетейік, арнайы компьютер сыныптарымен, лингафон және мультимедиялық кабинеттермен, зертханалармен, шеберханалармен және арнайы оқитын, жеке сабақтарға арналған, жалпы білім беретін пәндерге арналған оқу кабинеттерімен қамтылған колледжде студенттер бүгінде 100 пайыз мемлекеттік грант негізінде білім алады.