Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округіндегі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы орта мектебінде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің аудандық қоғамдық пікір көшбасшыларының кездесуі өтті, деп жазады ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Кездесуді Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Бақытжан Әшірбаев ашып, жүргізіп отырды.
Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев, Сауран аудандық прокуратурасының аға прокуроры Нұрлыбек Темірбаев, Түркістан облысы полиция департаментінің өкілі Бекжан Исабай, Түркістан облысы медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова және аудандық қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.Кездесуде Мемлекет басшысының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының 33 сессиясындағы берілген тапсырмаларын іске асыру бойынша мәселелер қаралды. Жиынның күн тәртібіне сәйкес, медиация тәсілінің сотқа дейінгі және соттағы тиімділігі мен артықшылығы жөнінде Түркістан облысы медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова баяндама жасады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтау және алдын алу бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің өкілі Бекжан Исабай, бірлік пен келісімді бұзуға бағытталған этносаралық, тілдік және әлеуметтік негіздегі кез келген арандатушылықтың жолын кесу туралы аудандық прокуратурасының аға прокуроры Нұрлыбек Темірбаев хабарлап өтті. Жиында қаралған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, тиісті шешімдер қабылданды.
Медиация – кез-келген даулы мәселені бітімгершілікпен шешу. Бұл қазіргі сот жүйесіне өте қажетті жолдардың бірі. Бұдан соттың да, сотталушы мен соттасушының да жұмысы жеңілдейді. Дұрыс қолдана білсе, екі тарап та ерікті түрде бір мәмлеге келеді. Медиацияға жүгінсе, дауласушылардың бірінікі дұрыс, екіншісі бұрыс демей, оның алтын ортасын іздейді, сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім табылады. Түптеп айтқанда, медиация әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар арасында келісімге келудің ізгілікті жолы деуге болады. Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 40% медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Өркениетті дейтін шетелдердің тәжірибесі дауларды медиатордың қатысуымен реттеу көп жағдайда екі тараптың келісімге келуімен аяқталатынын көрсетеді. Бұл даулаушы тараптардың санын азайтады.
медиация – тараптардың ерiктi келiсiмi бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешiмге қол жеткiзуi мақсатында медиатордың жәрдемдесуiмен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсiмi. Бір сөзбен айтқанда, медиацияның мақсаты дауды шешуде медиацияның екi тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткiзу, тараптардың дауласушылық деңгейiн төмендету болып табылады. Сондай-ақ, судьялардың және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдар лауазымды тұлғаларының тараптарды қандай да болмасын нысанда медиацияға мәжбүрлеуге құқығы жоқ.
Қазіргі таңдағы медиация түсінігі ХХ ғасырдың екінші жартысында, алдымен, ағылшын-саксон құқығы қолданылатын елдерде – АҚШ, Австралияда дами бастады, содан кейін Еуропаға тарала бастағандығын айтады. Медиацияны пайдаланудың алғашқы талпынысы отбасылық қатынастар саласындағы дауларды шешу барысында жасалды. Кейіннен медиация отбасылық даулардан бастап коммерциялық және жария саладағы көп тарапты күрделі дауларды шешуде де табыспен қолданылып, мойындалды. Жалпы осындай түрлі балама тәсілдерді тәжірибеге енгізу қоғамның дамуына тың серпін береді. Дамыған отыз елдің қатарына құрғақ көрсеткіштер, жалаң қағидалармен ене алмаймыз. Себебі, озған елдің экономикасы, әлеуеті ғана емес, мәдениеті мен рухани құндылықтарымен қатар заң үстемдіктері де берік болуы шарт. Медиация қазіргі таңда сондай-ақ ұлтаралық даулардың алдын-алуға, олардың ынтымағын одан әрі нығайтуға да ат салысып келеді.
Кездесу барысында қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық медиаторлар институтын құру және дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Сегіз жыл ішінде елімізде жиырмадан астам медиация кеңесі құрылды. Республикалық Медиация кеңесі өз қызметінің сегіз жылында өзара ынтымақтастық туралы жиырмадан астам меморандумға қол қойған. Меморандумдар Жоғарғы сот және Судьялар одағымен, Ресей Федерациясының Федералдық медиация институтымен және Ұлттық медиаторлар ұйымымен, ҚР Ұлттық денсаулық сақтау палатасымен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, Респуб-ликалық адвокаттар алқасымен, Республикалық нотариалдық палатамен, Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілімен, «Тұран-Астана»университетімен жасалған. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен барлық өңірде медиация кабинеттері ашылып, «Қоғамдық келісім» КММ штатына медиация мәсе¬лелері бойынша үйлестірушілер қабылданды. Бүгінгі таңда облыстық «Қоғамдық келісім» КММ жанында 17 медиация кабинеті, 346 диалогтық алаң жұмыс істейді.