Газдан, түтіннен уланған жағдайдың себеп-салдары әр түрлі. Ең жиі кездесетіні – тұрғындар уақытша баспана салғанда салғырттыққа жол беріп жатады. Яғни, көптеген үйлерде қолдан тұрғызылған жылыту құрылғысы пайдаланылады. Мұржадағы конденсат қатып қалмауы үшін жылы ораммен оралуы қажеттігін ескере бермейді. Мұның бәрі адамның өміріне қауіп төндіреді, қауіпсіздіктің ешбір талабына жауап бермейді. Құрылғы газ кеткен жағдайда өздігінен өшіп қалмайды. Жылу жүйелерін, мұржасын орнатқанда қауіпсіздік шараларына мән беру аса маңызды. Мұны тексеруге төтенше жағдайлар басқармасының құзыреті жоқ. Өкінішке қарай, осындай келеңсіздіктердің соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады.
Мәселенің өзектілігін ескере отырып, адамдардың қауіпсіздігін біз үнемі басты назарда ұстап отырамыз. Дегенмен, осы жағдайдың орын алмауы үшін әрбір тұрғын мүдделілік танытуы қажет.
Тұрмыстық газдан улану жағдайлары күз-қыс айларында жиі кездеседі. Әсіресе, жылу маусымы басталғанда жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер көбейеді. Жылынамыз деп ажал құшатындар аз емес.
Тұрмыстық газда пропан, бутан, метан қолданылады. Ауаның құрамына 21 пайыз газ араласқанда адам уланады. Газдың әсері умен тең. Мәселен, уланған кезде 3 минуттың ішінде адам өліп кетуі де ғажап емес. Ол адамның қанына араласып және жүйке жүйесін қатты зақымдайды. Айталық, алдымен газ қан жасушасын бұзады. Бұл жасушалар адамның ағзасы мен тініне гемоглобиннің көмегімен оттегі тасымалдайды. Ал, қанға газ араласқанда оттегінің тасымалдану қызметі бұзылып, ағзада оттегі жетімсіздігі басталады.
Оттегінің жеткіліксіздігін бірінші сезетін жүйке жүйесі болғандықтан, адамның басы ауырып, айналады және жүрегі айнып, жүргенде теңселеді. Бұл газдан уланғанда байқалатын алғашы белгілер және жеңіл түрі деп саналады.
Орта дәрежеде уланған науқастың қан қысымы көтеріледі, тамыр соғысы нашарлайды. Аз-кем уақытқа есін жоғалтады. Ауыр дәрежеде құрысу басталып, миы ісінеді. Жүрегі қатты зақымдалып, тыныс алуы нашарлайды. Соңғы сатысында, қан қысымы төмендеп, жүрегі тоқтайды.
Газдан улану жағдайы кез келген отбасында орын алуы мүмкін. Ондай жағдайда, ең алдымен жедел жәрдем қызметіне телефон шалып, мән-жайды айтыңыз. Дәрігерлер келгенше зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіңіз. Яғни, науқастың тыныс алуы нашарласа, жүрегіне қолмен массаж жасаңыз. Бұл оның жүрек соғысын қалпына келтіреді. Мұндай сәтте ғимарат немесе үйде газбен улану кезінде күкірт не оттық жақпайды. Жарықты қоспаңыз. Электроқұрылғыларды да қолдануға болмайды. Мұндайда үйдің жарылып, өртке орану қаупі бар.
Уланған адамға жедел көмек беруге бір ғана адамның күші жетпейді. Кемінде 2-3 адамды көмек көрсетуге шақырған дұрыс. Себебі, газдың иісі өзге адамдарға да әсер ететіндіктен қосымша күш қажет.
Науқасқа жасанды тыныс алу жаттығуын жасағанда аузына орамалды сулап қойған артық болмайды. Бұл көмек көрсетушіні уланудан сақтайды. Уланған адам есін жоғалтқанда нашатыр спиртін иіскеткен жөн.
Газдан уланғанда тез есін жоғалтуға бейім топтағы адамдар бар. Бұл топқа тыныс алу және жүрек қан-тамыр жолында ақауы бар науқастар жатады. Жүкті әйелдер, қарт адамдар, балалар уланғанда денсаулығына залал келуі мүмкін. Темекі шегетіндер және қанында созылмалы патологиясы бар науқастардың өзіне мұндай келеңсіздіктен сақтанып жүруіне тура келеді. Өйткені, уланудың ауыр дәрежесінен кейін науқас есін жоғалтып, өкпе, жүйке, жүректің түрлі кеселдеріне шалдығуы мүмкін.
Бүгінгі таңда тұрғын секторларында өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті мәселе. Себебі жылыту мақсатында газ құралдарын пайдалану, пештердің ақаулықтары өрттің пайда болуына және улағыш газбен улануына себеп болады.
Келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін пештердің ақауларын тек қана білікті мамандар жөндеуі керек. Жылыту пештерін уақытылы тексеруді және жөндеуді өткізіп тұруға, ересек адамдардың қарауынсыз жас балаларды қалдырмауға, алғашқы өрт сөндіру құралдарын ұмытпауға кеңес береміз.
Қазіргі таңда тұрғындар арасында осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.