Қоғам

Байқаңыз – улы газ!

Көгілдір отын – нағыз игіліктің көзі. Бірақ табиғи газдың адамзатқа пайдасымен бірге, адам өміріне қауіп төндіретінін де естен шығармаған абзал. Оның қолдану техникасын сақтамау салдары кейде өкінішке әкелуі мүмкін. Әсіресе жылыту маусымында осындай қайғылы оқиғалар орын алып жатады.

Ауа райы суытқан кезде улы газдан улану жағдайларының да саны өседі.

Улы газды әдетте «зұлым жаналғыш» деп те атайды, өйткені оның түсі де, иісі де жоқ, қаза болған адам оны сезбей кетеді. Оған қоса, газ ауамен араласып өзінің улағыш қасиетін жоғалтпаған күйі тез тарайды.
Улы газ – пайдаланылған газдың улы бөлігі. Көп жағдайда улы газдан улану көмірмен немесе газбен жағылатын пештерді немесе қазандықтарды дұрыс пайдаланбаудан туындайды.

Түркістан қалалық ТЖБ қала тұрғындарын пештің дұрыс жұмыс істемеуінен, жанып жатқан отын бықсуынан, түтіндеуінен адамдарға иіс тиюі ықтимал екендігін ескертеді.
Иіс тиюдің алдын алу үшін ең алдымен пеш дұрыс жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, адамдар ұсақ дүние деп қарайтын пештегі кішкентай жарық, пеш түтіндігінің дұрыс тартпауы, осының бәрі қайғылы жағдайға себепкер болуы мүмкін.
Сондай-ақ, үйді жақсы желдету керек. Көпқабатты тұрғын үйлерде газдан улану, әсіресе күздің аяғында немесе қыстың басында орын алады. Орталық жылу әзірге қосыла қоймаған соң, адамдар үйлерін газ плиталарды қосу арқылы жылытады. Желдеткіштері дұрыс жұмыс істемейтіндіктен газ плитаның өзі адам өміріне қауіп төндіреді.
Улану белгілері әр түрлі болуы мүмкін, ағзаның жалпы жай-күйіне, бұрыннан бар аурулардың қозуы және басқа да мән-жайлар. Дегенмен, сіз бастың айналуына, бастың ауруына, жүректің айнуына, құсу, құлақтағы шуға, ентігу, жөтел және көздің жасаурауына міндетті түрде көңіл бөліңіз. Бұл иіс тиюдің симптомдары болуы мүмкін.
Иіс тиген адам кейбір жағдайларда тым ширақтық байқатуы мүмкін, кейде керісінше әлсіздік және ұйқышылдық байқалады. Сондай-ақ, адамның вестибулярлық аппаратының жұмысы бұзылып, есту, көру қабілеттері нашарлауы мүмкін (тепе-теңдікті жоғалту, өзін-өзі ұстай алмау). Бұл белгілер естен тануға себеп болады. Ауыр және орташа санатты улану кезінде жүрек-қан тамырлары жүйесі жұмысында проблемалар болуы мүмкін. Аритмия пайда болып, қан қысымы мен дене температурасы төмендейді. Осындай жағдайда зардап шегушіге медициналық көмек көрсетілмесе, жүрек тоқтап немесе миокард инфарктісі орын алып, адам қайтыс болуы да мүмкін.
Алғашқы көмек туралы айтар болсақ, улы газбен уланғанда адамды таза ауаға шығару қажет. Ауыр және орташа санаттағы иіс тию кезінде адамды ауруханаға жатқызу керек.
Тез арада медициналық жедел жәрдем бригадасын шақырыңыз. Мұндай кезде оқиғаның қалай өрбитінін болжау қиын: кейде зардап шегуші жүрегінің тоқтап қалуынан бірден қайтыс болып кетеді. Кейде тырысулар басталып, адам сал ауруына шалдығуы мүмкін.
Байқалуы мүмкін тыныстың тежелуі және өзге де белгілер, дәрігерлердің дер кезіндегі көмегін қажет етеді. Газбен улану қауіпті. Ол бас миы, тыныс алу ағзаларының, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларының асқынуына септігін тигізе алады. Уақытылы көрсетілген дәрігерлік көмек осы айтылған жағдайлардың алдын алуға себеп болады.
Адамға дер кезінде көмек көрсету үшін мұндай уланудың негізгі белгілерінен хабардар болу қажет. Улы газ иіссіз болатындықтан, тыныс алу ауасының құрамында 0,08% көмірқышқыл газы араласқан кезде адамның басы ауырып, тұншығу белгілері сезіліп, улануы мүмкін. Көмірқышқыл газының концентрациясы 0,32% дейін жоғарылаған кезде сал ауруының белгілері байқалып, есінен тану жағдайлары орын алады. Концентрация1,2% асқанда 2-3 тыныс алудан кейін адам есінен танып, кемінде 3 минуттан кейін өлімге әкеледі. Мұндай жағдайда зардап шегушіге дәрігерге дейін көмектің дұрыс көрсетілуі өте маңызды. Ол үшін алдымен уланған адамды таза ауаға шығарып, аяғын сәл көтеріңкі күйде жатқызып, денесін тар киімнен босатып, мүсәтір спиртін иіскетіңіз. Егер адам есін біліп жатса оған тыныштық және үзіліссіз оттегі қажет, мысалы газетпен желпуге немесе желдеткіш қосуға болады. Ал зардап шегуші дем алмай жатса, алдымен тыныс алу жолдарын тазалап алып жасанды дем беру қажет. Әрине «Жедел жәрдем» қызметін шақырыңыз. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда өмірлік маңызды функциялары қалыпқа келгеннен соң зардап шегушіні емдеу мекемесіне жеткізуге тырысыңыз.
Расында, қарапайым қауіпсіздік шараларын барлығы да біледі. Дегенмен, улану орын алуда. Демек, кейбір адамдар үшін жаттанды әрі баршаға мәлім қағидаларды қайталауға тура келеді:
– тек жарамды жабдықтарды қолданыңыз. Пеш қалауларындағы жарықтар, тазаланбаған түтін мұржасы сол сияқты «ұсақ-түйектер» ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
– пештер мен каминдерді қағидаларға сәйкес қолданыңыз. Желдету жүйесінің жұмысына жүйелі түрде тексеру жүргізіп, түтін мұржаларын уақытылы тазалаңыз, пештер мен каминдерді қалауда тек кәсіпқой мамандарға жүгініңіз.
– автокөлік иелері, көлікжайда (гаражда) қозғалтқыш бөлігін қосулы күйде жұмыс жасамаған жөн.

Сала мамандарының айтуынша, уланудың себептері – жарамсыз пеш қалдықтарын пайдалану, атап айтқанда, жылыту жүйесін өз бетінше орналастыру, сонымен қатар тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік қағидаларының бұзылуынан туындап отыр. Сондай-ақ улы газбен уланған оқиғалардың басым бөлігі ұйқыда жатқан кезде орын алған. 

Қазір тұрғындар екі есе қырағы болуы керек, себебі, жылыту құралдары қосылған электр тораптарына екі есе күш түседі. Қолдан жасалған жылыту құралдарын пайдалану, пештердің ақаулығы өрт шығуына себеп болып, улы газбен улану оқиғаларына алып келуі мүмкін. Сонымен бірге мамандар төтенше жағдайдың алдын алу үшін сертификатталған электр құралдарын пайдалануға, электр желілерін тек қана білікті маманға жөндетуге, жылыту пештерін уақытылы тексертуге және жөндеуден өткізіп тұруға, ересек адамдардың қарауынсыз жас балаларды қалдырмауға кеңес береді. Алғашқы өрт сөндіру құралдары туралы да ұмытпаған абзал.


Құрметті азаматтар!
Жоғарыда айтылған ережелерді сақтаған жағдайда, Сіз тұншықтырғыш газбен уланудың алдын ала аласыз!

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

azatmedia

«Қайыршысы жоқ ел бақытты» Әлеуметтік масылдық феномені

azatmedia

Сарапшы: Масылдық – мемлекеттілік пен әлеуметтік институттарды күйретуші құбылыс

azatmedia