Ақпарат

Қиындықтар – өткінші, бірлігіміз – мәңгі!

Су тасқыны салдарынан елдегі күрделі жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарына үндеу жолдады. Мемлекет басшысы алапат тасқынмен күресу үшін барлық шаралар қабылдап жатқанын айтты. «Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Расында, елдегі жағдай күрделі. Осындай қиын-қыстау кезеңде бірлігіміз бен тірлігіміз жарасып, ынтымақта жұмыс істеу маңызды. Президент айтқандай, соңғы 80 жылда болмаған апатпен арпалысып жатқанымызда елдің амандығы мен тыныштығын сақтай отырып, халықты дүрбелеңге салатын жалған ақпарат таратпау маңызды. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Үкімет тарапынан шығынды өтеу жұмыстары қарастырылатындығын, зардап шеккендерге өтемақы берілетіндігін жеткізді. Бұл төтенше жағдай жарияланған қарғын су басқан аймақтардағы елді-мекен тұрғындарына үлкен демеу, күш болатыны анық. Тасқыннан зардап шеккен жерлестерімізге материалдық көмектен өзге, рухани қолдау да қажет. Сондықтан да қасиетті айда халықтың бір-біріне деген мейірім-шапағаты, бауырмалдығы артып, тасқыннан жапа шеккен тұрғындарға қол ұшын беріп, жанашырлық танытуы өте керек. Айтпағым, дүрбелеңге салынбайық. Қиын-қыстау сәтте бір-бірімізге демеу болайық. Бұл қиындық та артта қалады. Бастысы – ел аман болсын, адам аман болсын. Біз біргеміз!  

С.НҰРМАХАНБЕТ, байырғы журналист, еңбек ардагері. 

Қатысты жаңалықтар

Өнімдер шет елдерге экспортталуда

azatmedia

Ғалымдар ерте қартаюды қоздыратын тағамдарды анықтады

azatmedia

БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

azatmedia