Су тасқыны салдарынан елдегі күрделі жағдайға байланысты Президент ел азаматтарына арнайы үндеу жолдады. Мемлекет басшысы қай кезде де елімен бірге екенін білдірді. Елдегі жағдай күрделі. Халыққа үндеу жасаған Президент соңғы 80 жылда болмаған апатпен арпалысып жатқанымызды айтты. Қазір он аймақта төтенше жағдай жарияланған. Бастысы – азаматтарымыздың амандығы. Үкімет тарапынан шығынды өтеу жұмыстары қарастырылуда. «Қазақстан халқына қорынан» 5 млрд теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, елге көмектесу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырды.«Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деді Мемлекет басшысы. Иә, бізге қазір ең керегі – Президентіміз айтқандай бірлік, сабыр, төзім болып тұр. Қазақ халқы қай кезде де мейірімінен айрылмаған. Су таскынынан зардап шеккен өңірлерге еліміздің түкпір-түкпірінен көмек жіберіліп жатыр. Тіпті көршілес елдер де қарап калмады. Өз кезегінде Түркістан облысы да қолдан келген көмегін аяған жоқ. Облыстағы барлық құрылымдар, соның арасында облыстық ардагерлер кеңесі де бей-жай қарап қалмады. Қай кезеңде болмасын, халқымыз ел басына түскен апатты бірлік пен төзімнің арқасында жеңеді. Бұл жолғы су тасқынын да халықтың бірлігінің, сабырының, төзімі мен мейірімінің арқасында жеңеміз. Шығынның орны толар, кертілген бүтінделер, қисайған түзелер. Ең бастысы, ел аман болсын, адамдар аман болсын.
Ж.МӘУЛЕНҚҰЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.