«Қарттықтың да жауапкершілігі бар» дейді жетпіс жастағы Тілеулес Байтілеуова апа. Әрине, қоғам болған соң әрбір буын өкілдерінің қоғамға берері де, алары да болатынын жақсы түсінеміз. Алайда, балалық шағы еңбек майданында өткен қарттарымыздың арасында «мен қартайдым» деп қол қусырып отыратын көнекөздеріміз некенсаяқ болса керек-ті. Осындай сүйегі асыл, жүрегі елі үшін жаралған ақ жаулықты аналарымыздың бірі Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Әлкен Оспанов ауылында тұратын Тілеулес Мыңбайқызы Байтілеуова.1953 жылы Арыс қаласы, Ленинский өңірі, 42-разьезде дүниеге келген Тілеулес апа бар саналы ғұмырын еңбекке арнаған жан. 1971 жылы Әліби Жангельдин атындағы орта мектепті бітірген соң білімге құштар жас қыз Жетісай қаласындағы Мәдени ағарту техникумының кітапхана бөліміне оқуға түсіп, 1973 жылы бітірді. Қолына диплом алған соң туған жерге барып кітапханашы болып мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Тағдырдың жазуымен 1974 жылы Жетісайдың дәм-тұзы қайта бұйырып, бұрынғы Калинин кеңшары, қазіргі Қазыбек би ауылдық округі, Ә.Оспанов ауылының сері жігіті Әшір Нұрымбетовпен көңіл қосып, жас отаудың іргесін бірге қалады. Өмірдің ыстық-суығын бірге еңсерген жас отауда 6 қыз, 4 ұл бала дүниеге келіп, әулеттің керегесі кеңею үстінде болды. Әшір ағамыз кеңшардың механизаторы, ал Тілеулес апа да кеңшардың бесінші бөлімшесінде өзінің сүйікті мамандығы кітапханашы болып жұмысын жалғастырды. – Қолымыздан келгенше ел қатарлы өмір сүруге тырысып бақтық. Бұл өмір жалқаулық пен кертартпалықты көтермейді. Ол қасиеттерді жеңетін бір ғана жол-еңбек. Адам өзін еңбекпен жұбатқанда ғана небір ауыртпалық пен қайғы-күйзеліс оңай ұмытылады. Жетпіс жасқа келгенге дейін небір жағдайлар өзімнің де басымнан өтті. Жаратқанның жомарттығын да, тағдырдың таршылығын да сезіндік. Кімге барып шеріңді тарқатасың, ондай ауыртпалықтар әркімнің де басында бар дүние. Сонда түсінгенім, тағдырға налып, бүк түсіп жатқанда жүректегі жараңды асқындырғаннан өзге ұтарың болмайды екен. Ал, жаның жабырқап тұрса да еңбекке алдансаң одан артық жұбаныш болмайды екен. Біреудің басыңды сипап айтқандағы жылы сөзі де еңбектен асқан ем емес екенін түсіндім. Ендігі жерде Жаратқанға тек қана шүкір деп айтамын. Балаларымның барлығы да оқып, бір бастары екеу болып, маған немере-шөбере сүйгізуде. Қазір 24 немере сүйіп, шөберенің қолынан май жалап отырған жайымыз бар. Отағасы ауылымыздың абыройлы ақсақалдарының бірі. Мен де келіндеріме бар білгенімді айтып, қолымыздан келгенше ұрпағымыздың береке-бірлігін, ынтымағы мен татулығын сақтауға тырысып келеміз. Қартаюдың да жауапкершілігі болады. Ауыл-аймағыңның, тіпті отбасыңның да ынтымағы осы біз-ардагерлердің арында. “Ақсақалы абыройлы болса – ауылында шу шықпайды” деп бекер айтылмаса керек-ті. Төрімізден көріміз жақын тұрғанда бізден кім ақыл сұрар дейсің деген жаңсақ пікір. Қартаю табиғаттың заңы. Ешбір әлемнің кереметі адам жаратылысына қарсы тұра алмайды. Алайда, қартаюмен бірге ақыл-парасат арттырған өмірден көрген тәжірибесі мол қазына екенімізді де ұмытпаған жөн. Адам көрге кіргенше бұл өмірде атқаратын парызы болады екен. Ардагерлердің парызы – еліміздің болашағы жастарды дұрыс жолда тәрбиелеп, дұрыс бағыт-бағдар беру»,-деді көпті көрген “Батыр ана”. Осындай салмақты ұстанымы бар Тілеулес апа қазіргі таңда Қазыбек би ауылдық округі әжелер алқасы қоғамдық ұйымының белді мүшесі, төрайымның орынбасары. Қаншама игі шаралардың бел ортасынан табыла білетін, ұлттық салт-дәстүрімізге берік, ұлттық құндылықтарды жастарға дәріптеуді міндетім деп білетін Тілеулес ананы 1 қазан – халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, отбасына амандық, абыройлы қарттық пен денсаулық тілейміз. Бергенінен берерім көп деп есептейтін ананың ел-жұртына тілеген барлық дұғалары қабыл болсын!
Э.ИНЯТҚЫЗЫ.