Жаңалықтар

Жалқаулық жақсылыққа апармайды

Масылдық психология – кез келген қоғаммен біте қайнасқан дерт. «Алма піс, аузыма түс» дейтіндер кеше де, бүгін де болған. Бұл қоғамның дамуы мен өркендеуін тежемесе, ілгері жылжытпайтыны тағы анық. Екі қолына бір күрек ұстауға талпынбаса да, қоғамды, мемлекетті кінәлап, көмек күтетіндердің саны азаяр емес.

Мамандардың сөзіне сенсек, масылдық психологияның кең етек жаюына паразиттік өмір салтын ұстанып, басқа адамдардың ресурстары есебінен өмір сүретіндер легінің қалыптасуы әсер етуде. Салдарынан ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбеу, жеңіл табыс табуға ұмтылу секілді жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесіріне айналды. Бұл жерде масылдық психологиядан бұрын, «Масыл адам дегеніміз кім?» соны анықтап алайық. Масыл адам – жұмысқа құлқы жоқ, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдыланған, басқа адамдардың тарапынан тұрақты түрде материалдық немесе ақшалай қамтамасыз етілген жан. Яғни практикалық психологияда тәуелді адам өзін ұстауға және қамтамасыз етуге дайын емес, біреудің есебінен өмір сүреді және соны жақсы көреді. Одан бөлек, масылдық әлеуметтік психологияда әдетте нәрестелік-патерналистік кешен ретінде анықталатын көзқарасқа негізделген. Мұнда масыл адамның екі түрі бар екенін білген жөн. Бірі – көп жағдайда бала болып қалатын, күнделікті өмірден бастап, жалпы қоғам деңгейіне дейін мемлекет түріндегі «ата-анасының» қамқорлығына, қорғауына мұқтаж адамдар. Мұндай адамдарды инфантиль деп атайды. Яғни жасы бойынша ересек болғанмен, психологиялық тұрғыдан балалық қасиеттерді сақтайтын адамдар. Ал екінші түрі – жетілмеген адамдарға ата-ана ретінде қатысты әрекет етіп, оларды қорғау және қамқорлықпен қамтамасыз ететін күштерден құралады. Сондықтан мұндай көзқарас патернализм деп аталады, яғни «әке» қажеттілігімен, оны қорғау мен қамқорлық қажет етумен байланысты көзқарас. Бұл масылдық психологияда қорғау мен қамқорлықты қажет ететіндер және оны қамтамасыз ететіндер деп бөлінеді.
Бүгінгі таңда патерналистік құндылықтар Қазақстан үшін экономикалық жетістіктерге жетуіне тежеу болып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, Жаңа Қазақстанды құру еліміздің алға ілгерілеуіне кедергі келтіретін кейбір құндылықтарды жоюды, соның ішінде патернализмді ауыздықтауды талап етеді. Өркендеу даңғылына тек қана «қамқоршы мемлекет және белсенділігі төмен азамат» сынды патерналистік схемадан бас тарту арқылы қадам басуға болады. Қазақстандық қоғамның бұқаралық санасында кәсіпкерлік қызметтің құндылықтарын, өз бетінше әрекет етудің және өз ісіңде адал жолмен жетістікке жетудің маңыздылығын мойындау ұғымы бекуі тиіс.
Үкімет осы бағыттағы шараларды ретке келтіруді қолға алып отыр. Демек, бүгінгі күні патернализмнен ада болып, ел қатарлы өмір сүру үшін мемлекеттің қамқорлығы емес, қолдауы да жеткілікті. Ал мемлекет пен халық арасында әлеуметтік қатынастарды қалайша дұрыс жолға қоюға болады? Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын қалайша ажыратамыз? Қазақстанда патерналистік көңіл-күй қаншалықты күшті? Осы мәселе жөнінде сарапшылардың пікірі әртүрлі. Қалай болғанда да, түйін біреу – қазақстандықтарды масылдықтан түбегейлі ажырату керек, әйтсе де, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік құрамдас бөлігін босаңсытып алуға болмайды. Өйткені қазір екеуі де өткір тұр. Бұл ретте Германияның Фридрих Эберт атындағы қоры таяуда еліміздің 14 пен 29 жас аралығындағы жастарының өмірлік құндылықтары мен не күтетіні туралы зерттеу жүргізгенін айта кеткен жөн. Орталық Азияның өзге елдерімен салыстыра зерделенген бұл зерттеуде біздің жас буынның патерналистік көңіл-күйі өте жоғары болып шыққан. Олар бұрынғысынша мемлекеттен түрлі жәрдемақы, жеңілдіктер түрінде, тіпті несиелік рақымшылық сипатында көмек күтеді екен. Әсіресе мемлекет еңбекпен қамтып, қызметке орналастырады деп күтетіндердің қатары өте көп көрінеді. Ал зерттеуде қарастырылған жас санаты Қазақстан халқының жартысын құрайтын контингент екенін ескерсек, бұл жақсы ахуал емес.
Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол» атты мақаласында: «Абай атамыз үшінші қара сөзінде: «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз, надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деп жазған. Еңбекпен келген дәм тәтті болады. Дәметуде дәм болмайды. «Сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар» тым көбейген қоғамның күйі қандай болады?» – деп жазды. Расында, қой бағып күн көруге намыстанатын жалқаулардың «мемлекет жұмыс бермейді» деп масылдық санаға бейімделуі қоғамды кері тартпай ма? Сонымен, бұл тығырықтан шығар жол қандай болмақ? Абзалы, таразы басына мемлекеттік қолдау мен халықтың табыс табу мүмкіндігін қатар қойып, тең ұстау. Мәселен, мемлекет жыл сайын әлеуметтік қолдауға қарайған қаржы бөліп, критерийлер аясын кеңейтіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға, табысы аз жандарға және тағы да басқа халықтың аз қамтылған бөлігіне көмектесіп жатыр. Оның ең бір маңызды бөлігі – атаулы әлеуметтік көмек (АСП) тағы бар. Бір мысал, 2019 жылы сәуір айынан бастап кедейлік шегі өзгертілді. Бұрын ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы болса, осы кезден бастап 70 пайызы болды.
Бізде «онда бар ғой, берсе болады ғой», «ол бар болса да бермейді», бермей қалса бітті, «ол сараң» деген жаман масылдық психология бар. Берісі – масылдық, әрісі – көре алмау, іштегі қызғаныш. Сізді танитын әркімнің алдыңызда белгілі бір деңгейде адамдық парызы бар. Ауырсаңыз халіңізді сұрауы, басыңызға іс түсіп, қатты қиналсаңыз қол ұшын созуы, қайғыңызға ортақтасуы, қуанышыңызды бөлісуі – ағайын-туысқанның, дос-жаранның, аралас-құралас таныстың туысқандық, адамдық парызы. Бірақ ел аман, жұрт тынышта, екі қол, екі аяғыңыз сау бола тұрып, 12 мүшеңіз бүтін бола тұрып, өз басыңызды өзіңіз алып жүре алмасаңыз, тірлігіңізді тиянақтай алмасаңыз, өзіңізден басқа ешкім кінәлі емес. Айдың-күннің аманында не единицаға, не тиын-тебенге жарымай жүрсе, адамның өз обалы өзіне. Бұл – жай ғана намыссыздық деген сөз.
Неге сізге олар бере беруге, көмектесе беруге, сұраншақтығыңызды жомарттықпен жарылқай беруге міндетті? Өзінің арман-мақсатына қарай талпынып, тынбай еңбектеніп, тірнектеп жинап жүргенін неге көрінгенге шаша беруі керек? Қымбат уақытын сіздің шаруаңызды шешуге неге жұмсауы керек? Сіздің оған өткізіп қойған неңіз бар? Онда бар бас, екі қол мен екі аяқ сізде де бар. Негізі, барлығы адамның өзінен. Ұсақ-түйек болса да шама келгенше кісіге салмақ салмау, күніңді түсірмеу деген дүниені жадыға жақсылап түю керек-ақ. Әсілі, ешкім, ешкімге, ештеңе міндетті емес! Әр адамға әке-шешесі ғана міндетті. Дүниеге әкелген соң ержеткізіп, тәрбиелеп, оқытып, өз қолын өз аузына жеткізгенше барын беруге міндетті. Бірақ бұл әке-шеше өлгенше міндетті деген сөз емес. Әке-шешенің баланың алдындағы соңғы міндеті – аяқтандыру, ата-аналық парызын орындау. Болды. Менің түсінігімде. Өз қолы өз аузына жеткен соң, әркім өз нанын өзі табуы керек. Керісінше, ата-анаға қарайласуы қажет. Ал басқалар сізге тіпті де ештеңе міндетті емес. Екі қол, екі аяғыңыз сау бола тұра, он екі мүшеңіз бүтін бола тұрып, өз басыңызды өзіңіз алып жүре алмасаңыз, тірлігіңізді тиянақтай алмасаңыз, өзіңізден басқа ешкім кінәлі емес. Танымал психолог Анна Құдиярова бір пікірінде: «Масылдықтың туындауын кішкентай баланың сұрағанын бірден беруге бейімдеу есейген шағында сол әрекетті қайталауға себеп болады», – дейді. «Мысалы, бала қыңқ етсе сүтін береміз, тамағын дайындаймыз, еркелетіп, әлпештейміз. Міне, бұл оның санасында масылдық әдеттерін қалыптастырып тастайды. Сондықтан мұндай балалық психология әрқайсысымыздың бойымызда, жанымыздың түкпірінде бәрібір сақталып қалатындықтан, мен масылдықтан толық арылдым деп ешкім айта алмайды. Саналы, бейсаналы түрде болсын кез келген адамда баяғы ертегідей «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам. Бәрі бірден бола қалса» деген ойдың болуы психологиялық заңдылық», – деген екен.

Қатысты жаңалықтар

Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу

azatmedia

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП ШАРДАРА ЖӘНЕ КЕЛЕС АУДАНДАРЫНДА БОЛДЫ

azatmedia

ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН НЫҒАЙТУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

azatmedia