Бүгінде патерналистік (масылдық) көңіл-күй туралы әркімнің түсінігі әртүрлі. Еліміздің жағдайында бүгінгі таңда бұл түсінікке мысал көп. Өйткені кейінгі кездері елде біреудің есебінен күн көру, біреудің көмегіне немесе берген тиын-тебеніне иек арту, біреудің есебінен ішіп жеп, қыдыру, біреуден қарыз алып, қайтармай кету сияқты әрекеттер көбейген. Қоғам және оны айыптаудан, ар санаудан қалған. Капитализмге бет бұрған кезеңде, рас, нәпақа табу қиындаған шығар, нарыққа халық тұрмысы сәйкес келмейтін де болар. Бірақ мұның бәрі «біреуге масыл бол» деген сөз емес. Қалай десек те, қазақстандықтар алдында қарапайым азаматын масылдық көңіл-күйден шығарып, жемқорлыққа төзбейтін, адал еңбекке сүйенетін азаматтық қоғамға айналдыру міндеті тұр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бері қарай Қазақстанды тек алға қарай жетелеп, қаншама қиындықтар мен сындарлы шақтардан сүрінбей өткізуге бірден-бір себепші болған жағдай да ел саясатының тыныштық пен бейбіт еңбек етуге құрылғандығының арқасы деуіміз керек. Еңбекті сүю, еңбек ете білу, өз болашағың мен елдің келбетін адал еңбек арқылы қалыптастыра білу де – өнер. Еңбексіз өмірде ештеңе де болмайды.
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың айтуынша, масылдықтың екі түрлі себебі бар екен.
– Бірі – жеке адамдардың, жеке индивидтің өзіне қатысты, екіншісі – масылдықты туындататын жүйеге қатысты. Жеке адамдарға қатысты болатын себебі, адамдардың өзінің ішкі мотивациясы, өсуге деген, еңбек етуге, табыс көздерін табуға деген ішкі ұмтылысының төмен болған жағдайында масылдық туындайды. Екіншіден, адамның пассивті қалауларын сол өмір сүріп отырған қоғам, мемлекет, жүйе, әлеуметтік, экономикалық жүйе және оның ортасы, қоғам құптайтын болса, сондай ортада да оған қалаулы жағдай жасалатын болса, онда масылдық дами береді. «Осындай масылдыққа қоғамдық институттары қалай жол береді?» деген сауалға келейік. Мәселен, адамдардың сапалы білім алып, кәсіби маман болып, одан кейін сол саласы бойынша жұмыс тауып, жұмыс істеп, әрі қарай өзінің кәсібін дөңгелетуіне қоғамда жағдай болмаса және соның әсерінен жұмыссыздармен түрлі әлеуметтік топтарға төленетін төлемдер бізде көбейсе, онда біз масылдылықты қолдан жасап отырған боламыз. Себебі біз халықты әлеуметтік қорғау арқылы масылдықтың себебімен емес, салдарымен күресеміз. Біз осыған жол бермейтін жағдайды алдын ала орнатсақ, әлеуметте мұндай көңіл-күй де аз болар еді. Ал бізде бұл, өкінішке орай, қоғам тарапынан да құптарлық дүниеге айналып кетті. Мысалы, осы санаттағы адамдар мемлекеттен әлеуметтік төлемдер, субсидия берілетін болса, тек соны жапа-тармағай алуға ұмтылады. Бұл қазір, өкінішке орай, ешқандай ұят емес болып қалды. Себебі жүйенің өзінің беріп отырғаны – сол. Біз тек сонымен күресуге ғана күш салып отырмыз. Бұдан бөлек, «кедейлік қақпаны» деген ұғым бар. Яғни адамдарға әлеуметтік төлемдер төлеген сайын адамдар әрі қарай ұмтылмайды. Демек, сол мемлекеттен алатын көмектер оның белгілі бір деңгейде күнкөріс деңгейін қамтамасыз етеді, ол соған қанағат қылады. Тағы бір мәселе, кейінгі туған балалардың бойындағы масылдық, енжарлық, жұмысқа қызығушылықтың болмауы немесе төмен болуы бұл, бір жағынан, әке-шешесінің шектен тыс өбектеуінен болған қателіктен деп ойлаймын, – дейді әлеуметтанушы.
Біздің алда күтіп тұрған үлкен мәселе – адами капиталдың сапасын арттыру. Әлбетте, қоғамды, экономика мен өндірісті жаңарту, инновациялық және жоғары технологиялық өндірістер мен қызметтерді дамыту, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған және бәсекеге қабілетті елдердің біріне айналдыру – басым бағыттардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру», – дей келе, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеудің маңыздылығына тоқталды.
– Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінгені жөн, – деді Президент.
Әрбір Қазақстан азаматы дамудың даңғыл жолына жаңа бағыт алған еліміздің ілгерілеуіне өз үлесін қосуы қажет. Ол үшін алдымен қоғамда тек мемлекетке иек артып, соның көмегімен ғана өмір сүремін деген масылдық психологиядан арылу керек.
Адам өмірінде еңбектің алатын орны айрықша. «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл» дейді Шәкәрім Құдайберді. «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады», – депті жазушы Әзілхан Нұршайықов. Ал қазақ ғылымын өрге сүйреген Қаныш Сәтбаев: «Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр. Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді», – деген екен. Еңбек ету арқылы мағыналы өмір сүруге болатыны уақыт өткен сайын нақтылана түсуде. Адамды дамытудың, тәрбиелеудің басты құралы – еңбек. Еңбек адамның күшін ғана дамытып қоймайды, оның ойын да өрістетіп, мінез-құлқын қалыптастырады. Адамды құрмет пен абыройға бөлейтін де – еңбек. Қазіргі бәсекелестік өріс алған кезеңде ерінбей еңбек етіп, елдің дамуына үлесін қосқандардың бәсі биік болатындығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан жас буынды еңбексүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы артып келеді. Отбасында, балабақша мен мектеп қабырғасында баланың еңбектің әр түріне қызығушылығын ояту, жанұядағы еңбекке араластыру, яғни үлкендерге көмектесуге үйрету өзекті. Еңбекке тәрбиелеу, баулу және кәсіптік бағдар, жас өскіндердің қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы – жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі.
Тәуелсіз еліміздің болашағы – жас буынды еңбекке тәрбиелеу арқылы өмірде өз орнын тауып, белгілі бір кәсіппен шұғылдануына, отбасын асырап, елдің дамуына үлесін қосуға жетелейді. Өскелең ұрпақты еңбекке тәрбиелеуге бағытталған шараларға сәйкес, қарапайым еңбек адамдарымен кездесулер ұйымдастырылып, қарапайым мамандық иелерінің жетістіктері кеңінен насихатталуда. Техникалық және кәсіптік мамандық иелерінің қоғамдағы орны, еңбегімен өңірдің даңқын асырған тұлғалардың қол жеткізген табыстары мен жетістіктері туралы мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, әлеуметтік желілерге жүктелуде.
Осы уақытқа дейін жұмысқа тұрған, тіпті өз бизнесін ашқан азаматтар аз емес. Дегенмен соның барлығына кедергі жасап отырған тағы бір мәселе бар: ол – масылдық психология. Халық арасында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды пайдаланбай, жұмыссыздың жәрдемақысын немесе үйдегі балалардың әлеуметтік төлемақысын қанағат етіп жүру әдеті бәрін қиындатып отыр. Пайдалана білген жастарға мемлекет тарапынан құрылған «Өрлеу», «Дипломмен ауылға», «Жас кәсіпкер», «Серпін» және т.б. жақсы жобалар бар. Осылайша біреулер өз кәсібін дөңгелетіп әкетсе, енді біреулер тұрақты жұмысқа тұрды. Әрине, аталған шаралардың барлығы әлеуметтік жауапкершілік шарты негізінде жүргізіледі.
Масылдық мәселесі билік тарапынан үнемі айтылып келеді.
Мәжіліс төрағасы масылдық пен еңбек адамының арасын ажырата білу керектігін де шегелеп айтты.
– Өңірде қызмет істеген кезде масылдығы басым, жұмысқа ынтасы жоқ адамдарды көп кездестірдім. Көбіне атаулы әлеуметтік көмекке иек артып алған. Соған телміріп отырғанын да көрдім. Олармен талай сөйлестік те. Сонда кейбір азамат «егер мен жұмыс істесем, кірісіміз көбейіп, әлеуметтік көмектен айырылып қаламыз ғой» дейтін. Біз осы психологиядан арылуымыз керек. Еңбек адамдарын құрметтеуіміз керек, – деді ол.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығымен «Еңбек күні» мерекесі белгіленген. Ол жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтіледі. Бұл мереке еңбек адамының беделін өсіруге, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды көптеп тартуға, жұмысшылар сабақтастығын көпжылдық дәстүрді нығайтуға қызмет етуде. Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін құндылықтар бар. Олар – білім мен еңбек. Сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақ еңбекке бейім болса, еліміз өсіп-өркендеп, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығая түседі.
Ж.КӨКСУБАЙ