Адам ұрпағымен бақытты. Ал, бақыттың бастауы – адалдық, еңбек, ар-ождан. Өз отбасында болмаған бақыт көршінің ошағынан келмейді. Сондықтан адам бақытты қажымай-талмай еңбектен іздеу керек. Отбасында адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік салтанат құратын болса, ол баланың жүрегіне ізгіліктің дәнін себеді. Қазақ баласын мейірімділікке, имандылыққа, шыншылдыққа баулып өсірген. Отбасыда осындай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен адал, тиянақты, ұқыпты болып өсіп, жетіледі.
Әрине, адамның жүріп өткен жолы ылғи тақтайдай тегіс бола бермейді, бір жерде сүрінесің, бір жерде кедергілерді айналып өтуге тура келеді. Мұндайда адамда сабыр, шыдам, ісіне адалдық және сенім болуы керек. Сонда ғана кез келген қиындықтан, үлкен абыроймен шыға алады. Өмірде шыншыл, әділ бол да дұрыс ойла! Жүрегіңе құлақ түрде, соны тыңда! «Алмасты жонбасаң қолыңда тек тастың түйірі қалады» дегендей, тек қана ақылды, саналы әрі ұқыпты әрекеттердің нәтижесінде үлкен жетістіктерге жетуге болады.
Кез келген ата-ана перзентін дүниедегі барлық асылдан да жоғары бағалайды. Болашағынан зор үміт күтіп, сеніммен қарайды. Ал, бала жақсы болса, ата-ананың абыройы.
«Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, ғибадат пен адалдық үшін жи» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз айтқандай, бақыттың өзі адалдыққа негізделеді. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген сөз бар. Алдымен керегі – ар, одан кейінгі керегі – жан, ал, мал осылар үшін садаға, ол тек аш қалмау үшін ғана керек. Дүниеге қызығып, жеңіл жолды оң көріп, жүректі былғап алмайық. Ғұмырымызда үнемі адамшылдыққа ұмтылып, адамға ортақ іс қалдыруды, ізгілікке аяқ басуды үйренейік. Адам өзіне бір ғана рет берілген ғұмырын қор қылмай, тек орынды әрекетпен, адамшылдыққа сай өмір сүрсе, еліміз өркендеп, мемлекетіміздің көркейетіні сөзсіз.
Мемлекетіміздің іргетасын қалайтын бүгінде жас буын ең алдымен отбасылық бақытты сезінуі, одан кейін үлкен өмірге қанат қаққанда мемлекеттік идеологиямен қаруланып, болаттай шыңдалуы тиіс. Мемлекетіміздің дамуына қомақты үлес қосатын, білімді де білгір, ақылды да зерек, өзгелермен терезесі тең дәрежеде сөйлесе алатын осындай азаматты тәрбиелеу – әр шаңырақтың, қоғамның парызы һәм міндеті. Мұнда ұлттық құндылықтарды басты шарт етіп алудың мәні зор. Ұлтымыздың нұрлы болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Сондықтан да ізгілікті өмірің ізіңді жалғайды.
Г.ТАЙТЕЛИЕВА,
«Ордабасы аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық
бірлестігінің төрайымы.