Қоғам

Масылдыққа бой алдырмаған абзал

Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ –өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екіншіөз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау! Еңбек қылсаң,қара жер де береді, құр тастамай­ды.Абай

Мәңгілік мемлекеттіліктің, ұлттық өрлеудің, экономикалық дамудың бір жауы – масылдық. Оның түр-түрі болады. Ірілі-ұсақты мәселе болып көрінер. Бірақ несін жасырайық, қанша күрессек те түп-тамырымен жойылмай келетін сыбайлас жемқорлықтан бастап, өзге де оңай ақшаға құныққан, қалтаны қалыңдатудың жеңіл жолын таңдаған адам көп. Айта берсек тереңдей береміз. Бірақ әлеумет­тік масылдық бүгінгі қоғам үшін ең қауіптісі деуге болатындай. Жұртшылығы жаппай масылдыққа бой ұрған ел жарқын болашағының негізін өзі қалай алмай, өзгеге жем болады.Шындығында Абай айтқан «талап, еңбек, терең ой» қазіргі жастардың, тек жастардың ғана емес, ересектердің де санасынан шығып кеткен сияқты. «Қазіргі күрделі аумалы-төкпелі заманда халықтың ­әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес – тек байлық-бақуаты бар, еңсесі тік, әлеуеті зор елдердің ғана қолынан келеді. Бүгінде Қазақстан халық тұрмысын жақсартуға бағытталған сан алуан әлеуметтік қамқорлық шараларын жүзеге асыруда. Бірақ ол барлық халықты қамтамасыз ете алмайды» деп бәрін биліктен күтетіндердің қарасы өте көп. Себеп неде?Жалқаулық деуге де болады. Себебі біз айтып отырған масылдықтың басты себебі де сол еріншектікте. Бірақ халықтың кешегі тәуелсіздік алған уақытқа дейін 70 жыл кеңестік боданда болғанын да ұмытпайық. Бұл аз уақыт емес. Санамызды да жаулап алуға жететін уақыт. Және сол кездері халықтың пайдаланған дүниесі толықтай үкіметтің еншісіндегі заттар болатын. Тіпті жұмыс орнының өзін үкімет халыққа өзі ұсынатын кезең болды. Сол қалыптасып қалған үрдістен шыға алмай келе жатқанының көрінісі болар, бәлкім. Кім білсін?!Одан бері де 30 жылды еңсердік. Қазір қоғам басқа, заман талабы басқа. Сондықтан біз де барынша бейімделіп, бәсекеге қабілеттік танытпасақ, кімге өкпелейміз?!Расында заман көшіне ілесіп, біз әлі күнге дейін жатырқап жүрген жұмыстарды ерте меңгерген елдер қазірде қарекетсіз қарап жатқан жоқ. Бұған дәлел көп. Әсіресе ғаламтор бетінен іздей қалсаңыз, тіпті ойымызға кіріп шықпайтын дүниелермен танысамыз. Айтар болсақ, уақыты өткен немесе өтуге жақын тағамдарды қайта өңдеп, солардан ас дайындап, мейрамханада тәулігіне мыңдаған адамды қарсы алатын даниялық кәсіпкердің бұл ісі әлем халқының таңданысын тудырған. Қымбат мейрамханадан ас татуды қымбат санайтындар осы жерден ас ішіп, тіпті тұрақты тұтынушыларына айналған көрінеді. Барлығын қойшы, біз тілдескен кейіпкеріміз Ғ.Қасым:– Ақиректен Аралға тез арада жету қажет болды. Сондықтан үлкен жолдың бойына шығып, жол-жөнекей көлікке отырдым. Мен отырған жүк көлігінің жүргізушісі орысшалап сәлемдесті. Бірақ орыс тілінде таза сөйлемей отырғанын байқадым. Сұраса келе Молдова елінің азаматы екенін білдім. Бір таң қалғаным, әлемнің дамыған елдерінде ғана емес, Молдовада да кәсіпкерліктің өте жоғарғы деңгейде екендігі. Ол өз сөзінде «бірнеше күн, тіпті апталап жол жүремін. Осы жүк көлігіммен Қытайдан, басқа да шет елдерден зат тасып, соны сататын арнайы орным бар. Жалпы, билік пен халық арасында өте тығыз байланыс жоқ. Бірақ кәсіп етем десең, бетіңнен қақпайды. Мемлекеттік жұмысқа да көпшілік қызыға қоймайды. Халықтың 50 пайызының өз кәсібі бар. Ахуал да тұрақты» деді. Тіпті біздің елдегі зейнетақы мен жалақының, шәкіртақының көлемін естігенде көзі атыздай болды. Ол жақтағы мемлекеттен төленетін мұндай көмектер өте төменгі деңгейде екен, – дейді.Ал бізде ше?! «Алма піс, аузыма түстің» уақыты емес, «балық емес, қармақ бер» дейтін кезеңдеміз. Ол мүмкіндік те жасалып тұр. Бір ғана жастарды қолдау, жұмыспен қамту үшін «Жастар іс-тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» секілді бағдарламалардан бөлек те көптеген бастамалар мен «Жастар ресурстық орталықтары» да жемісті жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкерлік бағытындағы қолдаулар тіпті тиімді болып тұрғаны жасырын емес.Міне, осындай қолдаулардың арқасында жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша аудандағы жұмыс күші 30 440 адам болса, жұмыс күшіне қатысу деңгейі 57,9 пайызды құрап, 28 910 адам жұмыспен қамтылған. Бұл есепке жалдамалы қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар да кіреді. Ал жұмыссыздық деңгейі – 5%, жұмыссыз жастардың деңгейі – 4,2%.Қазірде кәсіпкерлердің өзі бірнеше адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Бірақ сол кәсіпкерлердің де айтары бар. Балықты брендіне айналдырып алған ауданымызда балық зауыттарының жұмыстары қарқынды. Бірақ жұмыс қолы жеткіліксіз дейтін кәсіп иелері:– Халықтың жұмыссыздық деңгейі төмендеу үшін, кәсібіміздің дөңгелеуі үшін бізге жұмыс қолы керек. Бірақ жарнама бергеннің өзінде әсіресе жұмыстың қызатын уақыттарында тіпті тапшылық байқалады. Жалақыны да жақсы төлейміз. Бірақ жалқаулық өте басым. Оны жасырмаймын. Барлығына күзетші дегендей тыныш, жеңіл жұмыс қажет. Бірақ барлығына бірдей мұндай жұмыс қайда? Сондықтан өзіміздің жалқаулығымызды біреуге артып, билікті кінәлі еткен де дұрыс емес шығар, – дейді. Міне, осындай масылдық көзқарастан арылмасақ, жоғарыдағы жұмыссыздық деңгейінің өзгере қоюы да шамалы болатындай.Түйін«Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсай­мысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік» деген Абайдың сөзін естен шығармайық.

О.ЖОЛДАСОВ

Қатысты жаңалықтар

Қазығұртта бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізіледі

azatmedia

САРЫАҒАШ: ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

azatmedia

Жаһандық проблемаға айналды

azatmedia