Білесіздер, қарызы көп үйде береке болмайды. Сол сияқты қарызға белшесінен батқан қоғамда да береке болмайды. Өз-өзіне қол жұмсау, ауыр қылмыстарға бару сияқты келеңсіздіктер көбіне осындай берекесіз қоғамда орын алады. Кредитке әбден шырмалып, бар тапқаны банктегі берешегін төлеуден артылмайтын шарасыз пенде ақыр-аяғында өзіне қол жұмсауға дейін барып жатады. Мұндайда кредитті кешіру жайлы айтылған әңгіме соңғы демі үзілуге шақ қалып тұрған қарыз адамның аузына су тамызғандай әсер етеді.
Бүгінгі өзекті мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірін білдіргені сол еді, ел ішінде «кредит тағы да кешіріледі екен» деген сияқты алыпқашпа әңгімелер желдей есе жөнелді. Қарыздан әбден діңкелеген қоғамның бір бөлігі бұл жаңалыққа жерден жеті қоян тапқандай қуанып жатса, тағы бір бөлігі елді масылдыққа бастайтын мұндай шешімнің дұрыс емес екенін алға тартады. Шындығында елді екіге бөлетін мұндай шешімдердің жеті рет өлшеп, бір-ақ рет кесілгені абзал. Оның жолы қандай?Қызу талқыға түсіп жатқан тақырып таяуда Парламенттің төменгі палатасында да сөз болды. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, еліміздегі кедейшілік деңгейі 1,5 есеге артып, олардың саны 2,3 миллионға жеткен. Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, қара халықтың мұншалықты тығырыққа тірелуіне ең алдымен еліміздегі екінші деңгейлі банктер кінәлі. Өйткені, олардың несиелік үстеме пайыздары тым жоғары. Ал, үстеме пайызы жоғары елде халықтың бүгінгі қарызын кешіру арқылы мәселені толыққанды шешу мүмкін емес. Әрі бұл әділ тұтынушыларды алалау болып шығады. Егер бұл шешім мәселенің түйінін тарқатудың жалғыз жолы болса, бұған дейін де қаншама рет қарыз кешірілді емес пе?! Нәтижесі не болды? Қарыздан «оңай» құтылған халық одан бергі екі жылда екі есеге дейін қарызға тағы кіріп кетті. Яғни «масыл қоғам» қалыптасты. Сөзіміз жалаң болмау үшін ресми мәліметтерді алға тартайық. Бірінші несие бюросының таратқан мәліметі бойынша Қазақстанның бөлшек несие портфелі 10,76 триллион теңгені құраған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 42,9 пайызға жоғары. Жыл басындағы көрсеткіштің сиқы осындай болса, одан бергі он айда тағы қанша пайызға ұлғайғанын пайымдау тіпті қиын. Демек, бұл «қамқорлықтың» қоғамға пайдасынан гөрі зияны басым. Енді қайтпек керек? Оның жалғыз жолы – несиенің пайыздық үстемесін барынша төмендету. Бұл жерде банктер банкротқа ұшырайды деген ұшқары пікір жүрмейді. Өйткені, пайызы жоғары несие алып, оны төлеуге мүмкіндігі болмай жүрген тұтынушылардың қатарын арттырғанша, пайызы төмен несие беріп, оны дер кезінде төлей алатын «тәртіпті» тұтынушы қалыптастырған тиімді. Ал, әлгіндей қарызды кешіруге жұмсалатын қазынаның қыруар қаржысы міне, осындай қалың елге пайдасы бар, қоғамға теңдей бөлінетін тиімді жобалардың ертерек жүзеге асуына «жұмыс істегені» жөн.P.S. Біз қарызға белшесінен батып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып жүрген борышкерлерді бұл қиыншылықтан қалай құтқарамыз, қарызсыз қоғамды қалай қалыптастырамыз деп жүргенде «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, ешқандай табысы жоқ студент жастарға да білім алу үшін несие берейік деген сияқты қисынға келмейтін ұсыныс айтушылар пайда болды. Соған қарағанда, не қарапайым халықтың қарыздан көз ашпай, титықтап жүргенін қалайтын мүдделі топ бар, не бұл «дерттің» асқынып кеткені сонша, адамдар да несиенің арбасына жегіліп, азаптанып жүретін «ауруға» душар болған…
А.Жайымбетов