Еліміздегі діни ахуал жағдайында күн тәртібінен ұдайы түспейтін, жасаған сайын жаңғыртуды қажет ететін бірнеше өзекті тақырып бар. Оның біріншісі таптаурындау көрінгенімен бергенінен берері көп, айтары алда тұрған тақырып – зайырлылық. Мемлекет дамуының идеологиялық негізі болып табылатын зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекет сипаты болып табылады. Сондықтан оның насихатталуы мен нығаюы қоғам тұрақтылығына сөзсіз игі әсер етеді. Осыдан туындайтын дін саласындағы ақпараттық-ағарту жұмыстарының басты мақсаты – қоғам мүшелеріне зайырлылық және дін мәселелері жөнінде сараланған, дұрыс, жүйелі, негізді көзқарастар қалыптастыру болуға тиіс.
Дұрыс ақпаратпен қаруланған қоғам жүрер жолынан адаспайды, өмірлік бағыт-бағдарын өзі таңдайды. Зайырлылық дегеніміз дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы, мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық, құқықтық сипатта болуы және діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі. Гуманистік құндылықтар, ар-ұждан бостандығы, дүниетанымдық еркіндік, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігі – осының бәрі «зайырлылық» ұғымының аясына кіреді. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді.
Сондықтан зайырлылық тұрғысынан алғанда дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Ал зайырлы және діни құндылықтардың тоғысар тұсы – Елбасы Жолдауында келтірілген «жоғары руханият» түсінігі. Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Діндегі адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды.
Сондықтан дін саласындағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстардың өзекті бағыттарының бірі – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту шараларын жүргізу болмақ. Біздің қазақстандық қоғамның жағдайында қазір дін және дәстүр сұхбаты маңызды орын алады. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.
Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Бұл факторға Қазақстан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзімізбен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестерден кейінгі кеңістікте ел тұтастығын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде. Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.
Шынайы дін жасампаз құндылықтарымен танылады, тамыр жаяды. Мысалы, Қазақстан халқының басым көпшілігі ұстанатын исламдағы адамгершілік, өзара құрмет, татулық пен бірлік, адал еңбек, әділеттілік, теңдік, ақыл-парасат, ғылым-білім секілді қастерлі құндылықтар әлемдік діндердің барлығына ортақ. Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген де осы құндылықтардың салтанат құруы болатын. Құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға тоқталсақ. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді.
Өйткені тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да исламда «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өркениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады. Осыны дұрыс ескермей, діннің тек формалық жағына мән беріп, мазмұнын назардан тыс қалдыру – дін туралы ұғымды шектеу, дін институтының аясын тарылту, оның өміршеңдігін, икемділігін қолдан құлдырату болып табылады.
Сондықтан діннің рухани құндылықтары мен әлеуетін дұрыс бағалап, орнымен пайдалансақ, қоғамның рухани деңгейі де көтеріледі, зайырлылығымыз да өміршең бола түседі. Осы орайда діни таныммен тікелей байланысты мына мәселеге назар аударған жөн.
А.Әбдірәсілқызы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филол.ғ.к.