Тыныштықты ту еткен халықтың бірлігі мызғымайды. Ол бірлікті тонның ішкі астарындай бір-біріне етене жақын, ауыр кезеңдерді басынан бірге өткізген ата-бабаларымыздан үлгі алған ұрпақ қана сақтайды. Сондықтан дана халқымыз «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарып келеді десек, артық айтқандық емес. Ассамблея өзінің ширек ғасырдан астам тарихында толайым табыстарға қол жеткізген іргелі институт, бірлік пен келісімнің қозғаушы күшіне айналды.
Тамыры тереңде жатқан тарихымызды ақтарсақ, бабаларымыз батыр болғанымен, басқаларға тізесін батырмағанын айқын аңғарамыз. Бұл түп шежіресі сонау ежелгі Түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері өзінің қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіш жігерінің, асқақ рухының арқасы. Мұндайда ойымызға Абылай ханның: «Дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз», – деген рухты сөзі оралады. Ал тумысынан туған елін жаны сүйіп, қазағына өлмес мұра қалдырған данышпан Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп өсиет қалдырыпты.
«Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» дегендей, Керей-Жәнібек бастаған ұлы көштің Шу-Талас бойында қазығын қағып, «Алаш» деп ұрандатып, ақ киізге отрғызып, хан сайлағанына да 560 жылға аяқ басып бара жатыр. «Аңырақай», «Орбұлақ» шайқастары мен«Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұла-ма» – қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет, Отан басына күн туған аса қайғылы кезеңдерді де бастан өткерді бұл ел. Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылықты да ұмытуға болмайды. Ұлт азаттық көтерілісі, Желтоқсан оқиғасы сынды тарихтың тағдырлы кезеңдерінен талқаны таусылмай, аман өткен Алаш баласы ақыры бабалар аңсаған азат таңына жетті.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде еліміздің кеңестік кезеңдегі тарихы туралы ақиқатты айтуға, оның әлі де толық зерттелмеген көлеңке беттерін ашу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Осы уақыт аралығында үлкен бетбұрыс жасалып, демократиялық құқықтық зайырлы мемлекет құрылды. Бүгінде Қазақстан 130-дай ұлт пен ұлыстың байтақ Отанына айналып отыр.
Кеңестік жаппай қуғын-сүргін тарихы көптеген зерттеулерге арқау болды. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары мен 50-ші жылдарының басы КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аудару орын алған кезеңі еді. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарында Қазақстан да бар болатын. Осындай аласапыран заманда еліміздегі демографиялық ахуалдың күрт төмендеуін жер аударылғандар толықтырды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халықтарды туған жерінен тыс, алыс жерлерге күшпен жер аударды.
Екінші Дүниежүзілік соғыс қарсаңында және майдан жылдарында Қазақстанға жер аударылған корей, шешен, ингуш, түрік, болгар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топ өкілдері халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етіп, оның өркендеуіне өз үлестерін қосты. 1957 жылы олардың елдеріне қайтуына, ұлттық мемлекеттік құрылымдарының қалпына келтірілуіне байланысты КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлықтары мен КСРО үкіметінің қаулы-қарарларына қарамастан, олардың негізгі бөлігі осында түпкілікті қалып қойды. Бүгінде олардың бәрі Қазақстан топырағында бақытты ғұмыр кешуде.
Қазақстан егемендікке қатар ие болған ТМД елдерінің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастады. Жалпы 1993 жылғы қабылданған Конституция мемлекеттік билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі мен қарым-қатынасын реттеуге қауқарсыздық танытты. 1994 жылы он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңес саяси дағдарыс салдарынан өзін-өзі тарату жөнінде шешім қабылдады. Осы саяси күрделі кезеңде ел халқының басын біріктіретін, этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, қоғамның барлық өкілін ортақ мақсатқа жұмылдыратын беделді ұйым құру тарихи қажеттілік еді. 1995 жылғы 1 наурызда сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт еді. 30 жылға жуық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Сол жылы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы шақырылды. Сессия жұмысына мемлекеттік құрылымдардың басшыларынан бөлек, шығармашылық интеллигенция, қоғам мен мемлекет қайраткерлері және еліміздегі сан алуан ұлыс өкілдері қатысты. Сессияда баяндама жасаған сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық саясат мәселелерін қорытындылай отырып, оның алдағы уақытта да айқын және әділетті принциптер негізінде жұмыс істейтінін айтты. Аталған принциптерді берік ұстанудың арқасында Қазақстан тек этностық, діни негіздегі қақтығыстардың алдын алып қана қоймай, мемлекеттік ұлттық саясат саласындағы реформаларды жүзеге асыра отырып, қарқынды даму жолына түсті. 1995 жылы 29 маусымда өткізілген Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ сессиясында негізгі заңның басты басымдықтарын айқындап, оның жобасын алғаш рет қоғамдық талқылауға ұсынды. 1996 жылы өткен Ассамблеяның ІІІ сессиясында мемлекетаралық ықпалдасуды жетілдіру, егемендікті нығайту және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелері талқыға салынды. Қазақстан азаматтарының ұлттық идея айналасында ұйысуы маңызды екені де айтылды. Ассамблеяның ІV сессиясы ерекше жағдайда өтті. Өйткені сессия бірінші рет жаңа астанамызда өткізілген болатын.1999 жылғы 21 қаңтарда Ассамблеяның V сессиясы шақырылып, ол «Ұлттық келісім – Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі» тақырыбына арналды. Ассамблеяның VІ сессиясы жаңа мыңжылдықтағы елдің мемлекеттік ұлттық саясатындағы басым бағыттарды айқындауға бағытталды. Онда еліміздің сындарлы дамуы үшін әрбір азаматтың ұстанымы мен отансүйгіштігінің маңызды екендігі сөз болды. Ассамблеяның кезекті VІІ сессиясы «Мәдениетті қолдау жылы» ретінде белгіленген 2000 жылғы 15 желтоқсанда өтті. Сессия барысында ұлт саясатында жаңа кезең – азаматтық біртұтастықтан мәдени ортақтастыққа қадам басу туралы бастама көтерілді. Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында өткен Ассамблеяның VІІІ сессиясында қазақстандық қоғамды терроризм мен экстремизмге қарсы топтастыру, экономика және әлеуметтік мазмұндағы этностық саясат ауқымын кеңейту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді күшейту, жалпықазақстандық мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал ету, мемлекеттің ұлт саясатын іске асыруда Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру мақсаттары айқындалды. 2002 жылғы 15 қарашада өткен Ассамблеяның ІX сессиясында Қазақстанның ерекшелігін ескере отырып, ұлттық қауіпсіздік және ұлттық саясатты жүргізу мәселелері көтерілді. Ал Ассамблеяның Х сессиясы еліміздің экономикалық жүйелі даму жолына түскен 2003 жылғы 20 тамызда шақырылды. Сессия барысында мемлекеттік ұлттық саясат тетіктеріне оң баға берілді. Жиында Нұрсұлтан Әбішұлы «Біздегі ұлттық келісім – бүкіл осынау жылдар бойында азаматтық қоғам институттарының қолдауы жағдайындағы мемлекеттің тынымсыз жүргізілген жұмысының нәтижесі», – деп атап көрсетті.
Ж.КӨКСУБАЙҰЛЫ