Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТУРИЗМГЕ СҰРАНЫС АРТҚАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өңірімізге жасаған сапарында Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді ұсынды. Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті.

– Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті, – деді Президент. Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.

Туризм саласы соңғы уақытта Түркістан өңірінде қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде. Себебі Түркістан өңірінде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты талаптарының бірі болып отыр яғни, туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.Түркістан облысында экологиялық белсенді туризм бағытына сұраныс жоғары. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуов айтты.Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи объектілерге келушілер саны 75 мыңға жуық адамға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 171,8%-ға артқан. Оның ішінде, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне – 68350, «Қаратау» қорығына – 461, «Ақсу-Жабағылы» қорығына – 2356, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне – 3803 турист саяхаттаған. Ал, 2023 жылдың 6 айында келушілердің саны 79 мыңнан асып отыр.Таза ауа, қайталанбас сұлу табиғат. Сирек кездесетін аң мен құстар. Соңғы уақытта еліміздің оңтүстік таулы аймақтарына саяхаттаушылар қатары артқан. Осыған орай жаңа туристік бағыттар ашыла бастады. Басқарма өкілінің айтуынша, қазіргі таңда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекреациялық мақсатта 30 туристік соқпақ мен маршрут құрылған.«Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығында экологиялық туризмді дамыту мақсатында 22 га жер телімі қарастырылған. Аталған аумақта 2 туристік маршрут құрылған. Маршруттың жалпы ұзындығы – 44 шақырым. Маршрут бойында 14 ақпараттық стенд, 16 жол көрсеткіш, 9 орындық, 10 қоқыс орны, 4 әжетхана, 1 шолу алаңы жабдықталған. 2021 жылы Кентау қаласынан қорыққа дейін жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталса, Хантағы ауылынан 8 шақырым жолға тасжол төселді.Туристер жиі келетін жердің бірі – Сайрам-Өгем ұлттық мемлекеттік табиғи паркі. Қазір мұнда жаңа туристік бағыттар ашылып жатыр. Бұл ретте, демалушылар қатары күннен күнге артып келеді. Адамдар сұлу табиғатты өз көзімен көру үшін келеді. Қиындықтарға қарамайды. Күрделі, соқпақты жолдарды жүріп өтеді. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне аумағының 11,7 % немесе 17519 га жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілді. Жер пайдаланушылар есебінен парк аумағында 6 демалыс үйі, 1 аңшылар үйі, 2 киіз үй жұмыс атқарады. Атап айтқанда, былтыр Төлеби ауданының Қасқасу ауылынан парк аумағына дейін жалпы ұзындығы 11,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді.   

Қатысты жаңалықтар

ҚАЗАҚ ДАСТАРХАНЫ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 8 МЫҢНАН АСТАМ ШЕТЕЛ КӨЛІГІ ЗАҢДАСТЫРЫЛДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША ЖАЛПЫ 1,1 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАЛАРЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ

azatmedia