Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өңірімізге жасаған сапарында Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді ұсынды. Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті.
– Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті, – деді Президент. Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.
Туризм саласы соңғы уақытта Түркістан өңірінде қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде. Себебі Түркістан өңірінде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты талаптарының бірі болып отыр яғни, туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.Биыл Түркістан қаласын түлететін бірқатар жобалар жүзеге асады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуов айтты.Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, бүгінде Түркістан облысына келушілер мен туристер санында оң динамика байқалып отыр. 2022 жылы өңірімізге 470 мыңнан астам турист келген. Орналастыру орындары – 253,4 мың, шипажайлар – 142,4 мың, табиғи аумақтар – 74,9 мың туристі қабылдаған. Оған қоса 1,2 миллионнан астам зияратшы мен қонақ келген.Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру мақсатында биыл бірқатар ауқымды іс-шаралар өтпек. Атап айтқанда, 15-16 шілдеде халықаралық Eagles of Turkistan конкурсы, 22-23 шілдеде «Түркістан таулары» белсенді экологиялық туризм іс-шаралары, ақпараттық турлар ұйымдастырылмақ.Сонымен қатар, биыл күзде, яғни 5-6 қыркүйек күндері Түркі мемлекеттері ұйымдарына мүше елдердің туризм министрлерінің қатысуымен сегізінші отырысын өткізу көзделіп отыр. Аталған іс-шарада 2024 жылы Түркістан қаласына түркі әлемінің туристік астанасы статусын беру қарастырылмақ. Сондай-ақ алдағы уақытта Түркістан облысының туристік әлеуетін ВВС телеарнасынан көрсету жоспарланып отыр. Осылайша, халықаралық телеарна арқылы Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріндегі туристік нарықтарға таныстырылмақ.Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылып отыр. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл ретте, нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарланған.Брифингте Ақмешіт үңгірін туристификациялау жайы да сөз болды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізілмек.Сондай-ақ брифинг барысында «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» ЖШС-нің Бас директоры Мұхамеджан Мусалиев 14 шілде күні «Түркістан тв» телеарнасымен бірлесіп «TouristTime» онлайн телешоу бағдарламасы іске қосылатынын айтты. Ондағы басты мақсат – Түркістан қаласының мәдени және рухани орталығында туристердің қызығушылығын арттыру. Іс-шара барысында түрлі онлайн конкурстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға облысымыздың туристік бизнес өкілдерінен арнайы жүлделер табысталады. Аталған іс-шара әр аптаның жұма күні көрсетіліп, жыл соңына дейін жалғасады.