Қоғам

АҚПАРАТ САЛАСЫНДА КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУІМІЗ КЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті Түркістан топырағында өткен Ұлттық құрылтайда БАҚ мәселесіне, оның маңызына әрі дамуына тоқталды.Президент БАҚ-тың қоғамдық пікір қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.«Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту. Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет. Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды», деді Мемлекет басшысы.Президенттің айтуынша, бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Президент бұл саладағы әлеуетіміздің орасан зор екенін айтты. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет.Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде жалған ақпарат тарататын басылымдардың бар екенін, оның артында ықпалды адамдардың тұрғанын атап өтті.«Қазір батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатыр. Бұл қозғалыс интернет басылымдар арқылы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпаратқа, деректерге, әсіресе, жалған мағлұматтарға, яғни, fake news-қа зор күмәнмен қарайды, яғни адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті, оларға имандай сенуге болатын идеология секілді құбылыстарды жоққа шығарады. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сымақтар бар. Бұл – құпия емес. Олардың артында нақты қалталы адамдар, тіпті, ықпалды елдер бар», деді Президент.Мемлекет басшысы шетелдік тәжірбиеге назар аударудың маңызын айтты.«Ал, жаңа қозғалыстың негізгі мақсаты – дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, ең алдымен, бұл әдебиеттегі, сондай-ақ ақпарат саласындағы дәстүрді сақтау. Сондықтан, біз де әлемде болып жатқан осы жаңа үрдіске назар аударғанымыз жөн. Бұл үрдістер бүгінде түрлі ақпаратпен идеологиялық тұрғыдан уланып жатқан қоғамды сауықтыратын күшке айналуы әбден мүмкін.Жалпы, осындай маңызды істерге, соның ішінде кітап шығару ісіне Қазақстан Жазушылар одағы белсене атсалысуы керек. Бір ай бұрын ұйымның кезекті құрылтайы өтті, жаңа Төраға сайланды. Бұл – көрнекті қаламгер Мереке Әбдешұлы Құлкенов. Жақында мен онымен кездестім, қазақ әдебиетінің болашағы, дамуы туралы әңгіме болды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Естеріңізде болса, былтыр Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау керектігін де алға тартқан болатын. Қазіргі таңда «Масс-медиа» деп аталатын жаңа заң тұжырымдамасы қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Жобада бірқатар жаңашылдықтар бар. Мәселен журналистке берілетін «баспасөз картасы» мен ақпарат саласындағы жұмыстарды, қарама-қайшылықтарды реттеу үшін кәсіби қоғамдық кеңес құру көзделген.Әрине, бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды.  

Сейдулла САДЫҚОВ,ХҚТУ-нің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор  

Қатысты жаңалықтар

«Масқара!» – Қарақат Әбілдинаның желдегі жазбасы жұртты шошытты

azatmedia

ШЫМКЕНТ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ ӨСІМІ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА БІРІНШІ ОРЫНДА

azatmedia

Дін саласындағы мемлекеттік саясат

azatmedia