Ұлттық құрылтайдың біздің өңірімізде өтуі түркі елдерінің рухани астанасы атанған Түркістан халқы үшін үлкен серпіліс болды. Құрылтайға келген қонақтар Мемлекет басшысынан бастап кесенеде жерленген хандар мен билерге, халқымыздың игі жақсыларына құран бағыштады.Құрылтайдың тақырыбы да ерекше болды, «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деп аталды. Алғашқы күні еліміздің әрбір аймағынан келген делегаттар ұлт келешегі үшін өзекті мәселелерді талқылаған болатын. Екінші күнгі отырыста Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын қолдай отырып, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ойын ортаға салды. Ең бастысы құрылтайға ақыл қосар, көпті бастар аға буын, жалындап тұрған жастар өкілдері де қатысты.Мемлекет басшысы Ұлытау төріндегі алғашқы құрылтайдан бері өткен бір жылда елімізде конституциялық реформа жасалғанын, бұл өзгерістер мемлекетіміздің нығаюына, ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарымызды айқындап бергенін атап өтті.Президенттің айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмыла жұмыс істеу керек. Түпкі мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз болады. Ең бірінші әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруі тиіс. Әйтпесе басқа реформаның бәрі бекер болмақ.Президент отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс екенін атап өтті.Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Меккеге барғанда құран бағыштай отырып Алладан елдің амандығын сұрағанын, «Ел аман болса, жеріміз бүтін,бірлігіміз бекем,мемлекетіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым.Ашығын айтқанда, қызмет – уақытша, ал халық мәңгі» деген болатын.Бұл жолы да «Президент әулие емес» деп халыққа жақындай түсті. Халық қашанда шын сөзге, жүректен шыққан сөзге тұрады. Осы сөзді естігенде көпшіліктің іші жылып кеткендей, кешегі Қаңтар оқиғасының зардабы, Семейдегі өрттің азабын бір ауыз жылы сөзбен басу айтып маңдайдан сипағандай болды. Мен де сіздер сияқты адаммын, тек қызметім болмаса деген ойын бауырмалдықпен, ерекше жанашырлықпен, елжандылықпен жеткізді. Әр жиында бір құлыпты ашатын «кілтті сөздер» болады. Ұлттық құрылтайдың сүбелі сөзі осы болды деп санаймын. Қарапайым халыққа керегі жұмысы болса ,еңбегі бағаланса, бала-шағасын тыныш тірлікте өсірсе, оқытып, көштен қалдырмаса, тапқаны отбасын асырауға жетсе болғаны, аспандағы айды алып бер деп биліктің балағына жармаспайды.Адал азамат деген кім? Ол еңбегімен өсіп келе жатқан, елін сүйетін, намысты азамат. Адал азаматтың шұлғау болғанын қай заманның тарихын алсаң да таба алмайсың. Адал азамат жемқорлықсыз қоғам құратын азамат. Әділетті Қазақстанды адал азаматтар ғана құруға ниетті, құрады да.Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс екеніне назар аударып, осы жұмыстың нақты бағыттарына тоқталды.Мемлекет басшысы ұлттың сана-сезімін жаңғырту; мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу; өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру; ақпарат саясатының тиімділігін жақсартып, креативті индустрияны дамыту; мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу; шекаралас аймақтарды дамыту; мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде маңызды мәселелерді қозғап, бастамалар ұсынды.Құрылтай мүшелері атынан Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды сөз сөйледі.Өз басым 2003 жылы Түркістанда өткен Дүниежүзілік қазақтардың құрылтайына қатысқанмын. Ол кезде қайткенде де қандастарымызды елге тарту мақсат болды. Мен сол жиында Германиядан келген қазақтардың қасында отырдым. Олардың сол кездегі тұрмыс жағдайы біздерден артық болмаса кем емес еді. Ел асып жер асып кетсе де тілін де дінін де ұмытпаған. Қасымыздан өтіп бара жатқан шолақ орысша сөйлейтіндерге деген жақтырмай қарағанын қанша маған сездірмеймін десе де, адам айна ғой байқап қалдым. Жастар ғой орыстану саясатының кесірі, бірте-бірте бұл да қалады деп жуып шайғандай болдым. Түркістан топырағына деген ерекше құрмет пен елге деген сағынышы көрініп тұрды. Елде жүріп Ясауидың қадірін біле бермейтінімізге, Ясауи іліміне терең мән беріп қадіріне жете бермейтіндігімізге қынжылдым.Түркістанда Ұлттық құрылтайдың өтуі Ясауи кесенесін ұрпақтан-ұрпаққа сақтап, жеткізу мәселесіне де мұрындық болды. Білім мен мәдениетті, жалпы даму, өркендеуді көздеген Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өтуі киелі бабаларымыздың рухты сөзі қалған, қас шеберлердің саусақтарының ізі қалған қасиетті шаһардың танымалдығын тағы бір мәрте арттыра түсті.Ал, Ұлттық құрылтайдағы Президенттің мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен отаншылдық негізгі екі қасиеті болуы керек дегені мемлекеттік қызметшілер жұмысының сапа критерииі болды дер едім.Жалпы қорыта айтсам, Президенттің қоғамдық құндылықтарды нығайту туралы бастамасы дер кезінде көтеріліп отыр. Бұл ретте, Мемлекет басшысы жаңа идеологиялық стратегияны іске асырудың нақты қадамдарын ұсынды. Елдік істе күш біріктіріп, қызмет ету – бәріміздің ең басты міндетіміз.
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА, Түркістан облысы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Түркістан облысының Құрметті азаматы