Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Осы орайда, қалалық инфрақұрылымды жүйелі дамыту мақсатында жүргізілген жұмыстар бойынша Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округі, Дербісек елдімекені, сондай-ақ Қабланбек ауылдық округі Ақниет елдімекеніне барып, ауызсу қоймаларындағы құрылыс жұмыстарының жағдайымен танысып, сапасын тексерді, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.
Сонымен қатар, аудан басшысы су құбыры өтіп жатқан аталған елдімекендердің көшелерін арнайы аралап, жөндеу жұмыстарын бақылады.Бүгінгі таңда, аталған су қоймаларының қалыптары құйылып, бетін жабу кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құрылыс монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалып, жыл соңына дейін аяқталмақ. Құрылыс нысандарында болған аудан басшысы ел игілігіне бағытталған істер сапалы әрі өз уақытында жүргізілуі тиістігін айтты. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, жауапты мердігер мекеме басшыларына алдағы уақытта құрылыс жұмыстарының барысын арнайы өзі келіп қадағалап тұратынын жеткізді.
Еске сала кетсек, аудандағы 68 елдімекеннің 42-сі, яғни 61,8%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Аймақты табиғи газбен қамту көрсеткіші қазіргі таңда 76,1 пайызды құрайды. Сапалы электрмен қамту бойынша өткен жылы жалпы 18,3 шақырым электр желілері, 1043 электр бағаналары, 15 дана трансформатор орнату жұмыстары жүргізілген.