Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр 16 наурызда «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізді күтіп тұрған өзгерістер туралы айтып, жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне тоқталғаны белгілі.
Биыл VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінен де елімізде саяси реформалардың өз жалғасын табатынын аңғардық. «Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ, мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын» деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы биыл елімізде 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтетінін мәлім етті. Одан соң еліміздің барлық аудан әкімдерінің сайлауы өтпек. Бұл барлық билік институттарының жаңаруына жол ашады деген сөз. Мемлекеттік басқару ісіне жаңа тұлғалардың келу мүмкіндігі артады.
Президент мемлекеттілікті нығайтуда мемлекеттік қызметтегілердің халықтың қызметшісі екенін, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын түсініп, дұрыс шешім қабылдау басты қағидаға айналуы тиіс екенін айтып, «Ұлық болсаң, кішік бол» деп дана халқымыз айтқандай, мансапқорлыққа жол бермеуді тапсырды. Сондықтан бұл Жолдауды саяси құрылымдық өзгерістерімен есте қалатын және халыққа қызмет етудің үлгісін көрсеткен маңызды құжат болды деп есептеймін.
Президент Жолдауы елдің рухын серпілтіп, болашаққа батыл қадам жасауға бағыт көрсеткеніне сенімім мол.
Гүлбахира ТӘЖІБАЕВА,
«Шарбұлақ», «Алтын сақа», «Балапан» балабақшаларының құрылтайшысы, Қазығұрт ауданы
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық