Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берген болатын. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу және шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайтындығын жеткізген болатын. Бүгінде тапсырма аясында Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар жүргізілуде.
Атап айтқанда, ірі сауда желілеріне несиелер беріліп, қалаларда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі, өңірлердің шаруаларымен келісімшарттар жасалады, азық-түлік тауарларына баға белгілеуде делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді. Аталған іс-шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Осы ретте бағаны ауыздықтау үшін тауар өндіруші мен саудагерлерді бағаны қымбаттатпай ұстауға ынталандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Тұрақтандыру қорына тұтынушылар тарапынан тауарлардың тез бүлінетіні туралы шағымдар көп түседі. Осыған орай қоймадағы тауарлар жүйелі түрде жаңаланып тұрады. ҚР ҰЭМ-нің статистикалық мәліметіне жүгінсек, Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы Қазақстан бойынша 7-орында тұр. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында жалпы құны 5 035,8 млн. теңгенің 18 894,8 тонна азық-түлігі мен 1125 мың дана жұмыртқа бар. Оның ішінде: қоймада – 3 808,1 тонна тауар (452,9 млн. теңге) болса, айналымда оның 15 086,7 тоннасы (4 582,9 млн. теңге) жүр. Жеткізушілердің қоймасында 3 709,4 тонна тауар бар. Қордың есебінде 203,3 млн. теңге. «Айналым схемасы» шеңберінде берілген қарыздар 4 582,9 млн. теңгеден асады.Қазіргі таңда Павлодар облысынан 2018 жылы сатып алынған өнімдерден «Агро-Сервис-Аққу» ЖШС-нің 248,3 млн. теңге берешек қарызы бар. Оның 188,2 млн. теңгесіне (2 214,6 тонна) картоп, 60,1 млн. теңгесіне (834,8 тонна) сәбіз әкелінген. Жамбыл облысындағы «Мақсат» шаруа қожалығынан келісін 80 теңгеден сатып алған 200 тонна пияз уақтылы жеткізілмеді.
Маусымаралық кезеңде, яғни сәуір, мамыр, маусым айларына қажетті көкөністердің 30 пайызын қамтамасыз ету үшін жергілікті тауар өндірушілермен алдын-ала келісімшарттар түзілді. Атап айтқанда, жалпы көлемі 3714 тонна картоп, 1638 тонна сәбіз, 600 тонна пияз және 1132 тонна қырыққабат форвардтық келісімшарт арқылы жеткізілді. Оның ішінде «АгроСервис Аққу» ЖШС-ден 2214 тонна картоп, 834 тонна сәбіз, «AGRO– 2022» АШӨК-ден 1000 тонна картоп, 304 тонна сәбіз, 600 тонна пияз, 432 тонна қырыққабат, «ЯССЫ AGRO.KZ» АШӨК-ден 500 тонна картоп, 500 тонна сәбіз, жеке кәсіпкер Сапаралиевтен 700 тонна қырыққабат алынды.
Сонымен қатар, «Түркістан» ӘКК» АҚ мен «ЯССЫ AGRO.KZ» ЖШС арасында 588 гектар алқапта картоп пен сәбіз өсіру инвестициялық жобасын іске асыру бойынша бірлескен қызмет туралы шарт жасалды. Онда 2023 жылы «ЯССЫ AGRO.KZ» ЖШС ӘКК өтінімдері бойынша 500 тонна картоп пен 500 тонна сәбіз жеткізуге міндеттелді. Қоғам мен «Шиелі МТС» ЖШС арасында алдын-ала төлеммен 70 млн. теңге күріштің 1 келісіне 380 теңгеден деп есептеп, 300 тонна көлемінде форвардтық сатып алу шарты жасалды.
Түркістан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру аясында ӘКК мен «Мамуржан» ШҚ, «Turkestan et kombinaty» ЖШС және «Сапаралиев» ЖК арасында қарыз шарттары жасалып, онда «Мамуржан» ШҚ 169,5 млн. теңге, «Turkestan et kombinaty» ЖШС 100 млн. теңге, «Сапаралиев» ЖК 56 млн. теңге қарыз берілді.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 9 қаңтарда Түркістан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат алу үшін «AGRO –2022» АШӨК-ге 107 млн. теңге бөлініп отыр. Бұған аталған компаниялар тауардың маусымдық қымбаттауына қарамастан бағаны өсірмей, сол қалпында саудалап отыр. Тұрақтандыру қорына, дұрысырағы, қарапайым тұтынушыға бағаның қымбаттамағаны керек болса, кәсіпкерге пайыздық мөлшерлемесі төмен, арзан несие керек. Осы механизмнің нәтижесінде қос тарап та өз мақсатына қол жеткізіп, өзара тиімді шартта әріптестік орнатуда.
Бұл тәсілдің тиімді тұстарына тоқталсақ, біріншіден, тұрақтандыру қорындағы қаржы жыл сайын азаймай, сол мөлшерде қайта түсіп отырады. Екіншіден, қойма мен тасымалдауға кететін қосымша шығындар үнемделеді. Үшіншіден, кәсіпкерлердің құқығы тапталмайды. Әр компания өз қалауымен, өзіне қажет мөлшерде несие алады және өз еркімен мойнына алған міндеттемелерді ғана орындайды. Төртіншіден, сұраныстың көбеюі мен азаюына байланысты тәуекелге тұрақтандыру қоры емес, сауда орталықтары баратынын ескерген абзал.
Өз кезегінде пияз, қырыққабат өнімдерін жеткізу бойынша «Жолдасова Д.С.» жеке кәсіпкеріне 13,9 млн. теңге қарыз берілген болатын. Алайда, келісім нақты іске аспағандықтан ӘКК мен ЖК «Жолдасова Д.С.» арасында 13,9 млн. теңге сомасына нысаналы несие шартын бұзу туралы келісім жасалып, қарыз мерзімінен бұрын қайтарылды.
Түркістан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру бойынша «Magnum Cash&Carry» ЖШС-не маусымаралық көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында 21 млн. теңге қарыз берілді. Осындай мақсатта бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру арқылы күнбағыс майы, күріш, қарақұмық жармасына «АДАЛ АЗЫҚ» ЖШС-ге 100,0 млн. теңге; сүт өнімдеріне «ES Marya» АШӨК-ге 30,9 млн. теңге және сиыр етіне «Turkestan et kombinaty» ЖШС-не 100 млн. теңге қарыз беру мақұлданып, ол қаржы берілді. Қазіргі таңда әлеуметтік дүкендер мен әлеуметтік бұрыштарда сиыр етінің 1 келісі 2 200 теңгеден сатылуда.
Түркістан қаласының аумағында «Түркістан» ӘКК» АҚ-ға қарасты 13 әлеуметтік дүкен мен ірі сауда үйлерінде ұйымдастырылған әлеуметтік бұрыштарда 19 түрлі азық-түлік тауарлары қолжетімді бағада сатылуда. Атап айтар болсақ, күріш – 375/380 теңге, рожки – 320/345 теңге, ұн – 190/207 теңге, қарақұмық – 350/380 теңге, тауық еті – 900/978 теңге,тұз – 45/49 теңге, күнбағыс майы – 780/836 теңгеден, сүт 2,5% – 270/286 теңгеден, айран 2,5% – 320/341 теңгеден, сары май – 2500/2640 теңгеден, ірімшік – 1500 теңге, әлеуметтік нан – 70 теңге, картоп – 120/126 теңге, пияз – 110/115 теңге, сәбіз – 120/126 теңге, қырыққабат – 90/92 теңгеден, қант-құмшекер – 420/460 теңге, С-1 тауық жұмыртқасы – 40 теңге, сиыр еті
2 200 теңгеден сатылуда.
Бұдан бөлек, бағаны тұрақтандыру мақсатында Түркістан қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, олар ұсынған 25 сауда орнында әлеуметтік бұрыштар ашу жұмыстары жүргізілуде. Сәйкесінше, шаһарда әлеуметтік дүкендер санын көбейту мақсатында қосымша әрқайсысының көлемі 50 шаршы метрді құрайтын
50 нүктеге жеткізу бойынша 10 жер теліміне жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен конкурс ұйымдастырылып, жеңімпазбен дүкен салу бойынша келісімшарт жасалды.
Бүгінгі таңда «Арман» шағынауданында бағаны тұрақтандыру үшін көлемі 50 шаршы метрді құрайтын әлеуметтік дүкен салынды. Атап айтар болсақ, тұрақтандыру қорына 2015 жылы облыстық бюджеттен 1,8 млрд. теңге, 2022 жылы 1 млрд. теңге, ал, 2023 жылы 2,9 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл аталған қаражаттар көктем, жаз мезгілдерінде азық-түлік өнімдері қымбаттауының алдын алу мақсатында жұмсалады.
«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Меркі қант» ЖШС арасында биыл 2714 млрд. теңгеге «Jusan Garant» CК» АҚ сақтандыру шарты жасалып, қаржы тиісті мекеменің шотына аударылды. Бұдан бөлек, жыл басынан бері аптасына 2 рет – сейсенбі және бейсенбі күндері Түркістан қаласындағы «Қуаныш» және «Алтын бұлақ» базарларында нарықтағы бағадан 20-30 пайызға төмендетілген азық-түлік жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізілуде.
Лаура ЖАҢАБАЕВА,
Түркістан облыстық азық-түлікті тұрақтандыру қоры
департаментінің директоры.