Шымкент қаласы, Сайрам тұрғын үй алабында орналасқан Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа хат жолдады, – деп хабарлайды Аnyqtimes.kz.
2020 жылы Сайрам көмекші мектеп-интернатының тозығы жеткен ескі ғимараты сүріліп, орнына заман талабына сай жаңа ғимарат салынып, биыл қолданысқа берілді. Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, мекеме атауы «Шымкент қаласы білім басқармасының «Сайрам көмекші мектеп-интернат-коллежі» арнайы кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгереді. Ерекше күтімді қажет ететін балалар бұрындары мұнда тек білім алса, ағымдағы оқу жылынан бастап белгілі бір кәсіп түрін меңгеріп шыға алады.
Биылғы оқу жылын жаңа ғимаратта бастаған бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Барша заманауи талаптарға сай сыныптар мен спорт залы тәрбиеленушілердің көңілінен шыққан.
Бұл жайында Шымкент қаласы мәслихат депутаты, мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының фракциясы жетекшісінің орынбасары, «Sayram Orkeniet» бастауыш партия ұйымының төрайымы, Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің директоры Жадыра Таңатарова былай дейді:
«2018 жылы Сайрам көмекші мектеп-интернатының тәрбиеленушілері ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арнап ақжарма тілектерін жазған қолөнер бұйымын жасаған болатын. Артынша бүлдіршіндердің өтінішімен қоса, Nur Otan партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өңірде ерекше күтімді қажет ететін балаларға жасалып жатқан жағдайлар туралы баяндап, арнайы хат әзірлеп, елордаға жібердік. Арада көп уақыт өтпей, Елбасының Алғыс хатын алдық. Бұл – мектеп тәрбиеленушілері мен ұжым үшін үлкен мотивация болды. Сондай-ақ мектеп интернатымыздың негізі 1916 және 1935 жылдары қаланған ескі ғимараттары сүріліп, орнына жаңа мектеп бой көтерді. Құрылыс биыл оқу жылы қарсаңында аяқталды. Сонымен қатар мектеп-интернатымызға «колледж» атауы беріліп, шаңырағымыз кеңейді. Бұрындары мекемеміз тек орта білім берумен шектелсе, биылдан бастап техникалық және кәсіптік мамандарды даярлау мүмкіндігіне де ие болды. Сонымен қатар қазіргі уақытта да «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында бар мүмкіндік жасалуда» – дейді.
Оқу жылын жаңа ғимаратта бастаған бүлдіршіндер осындай игі іске бастамашы болған Елбасы мен ел ағаларына алғыс білдіргісі келеді. Сондықтан арнайы альбом жасатып, елордаға жіберді.
«Тәрбиеленушілеріміз мектеп-интернат-колледжіміз туралы арнайы альбом дайындапты. Соңғы бетіне өздерінің Елбасыға деген ізгі тілектерін жазып, маған әкелді. Балалардың өтінішін жерге қалдырмай, арнайы пошта арқылы Нұр-Сұлтан қаласына жіберіп отырмыз» – дейді Жадыра Нағашыбайқызы.